Сатиралық ертегі: Момынбай менен Жеті қарақшылардың хикаясы

Сатиралық ертегі: Момынбай менен Жеті қарақшылардың хикаясы

Ертеде бір Момынбай деген кісі бар екен. Бұл Момынбай асқан жуас, өтірік сөйлемейтін, қаріп-қасыр, жетім-жесірге рақымды, жақсы адам екен. Сол себепті Құдай тағала бұл Момынбайға аямай үлкен дәулет беріп, мұның төрт түлік малының, алтын-күміс қазынасының қисабы жоқ үлкен бай екен. Ол заманда бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алып, дүнияны құртқан һәм ұрлық-қарлық, залымдықпенен жеті қарақшы атанған бір жеті қу бар екен.
Күндерде бір күн бұ қарақшылар өзді-өзі сөйлеседі. Момынбай һешбір кәсіп қылмайды, құр малын баққаннан басқа. Сөйтсе де, оның дәулеті күннен күнге арта береді. Біз қанша азаптанып, тырыссақ та, Құдайым біздің дәулетімізді арттырмайды.
– Қой, не қылсақ та, амалдап, осы Момынбайды құртып, дәулетін олжа қылайық, – деседі.
Осылайша уағда қылысып, жөні келсе, алдап, жөні келмесе, ұрлап, екі-үш жылдың ішінде-ақ қарақшылар Момынбайдың қисапсыз дәулетін қор қып, тәмам қылады.
Момынбай дәулеттен айрылған соң бұрынғы дос-жарлары, ағайындары һәм мұның малын бағып, қызметін қылып, күнін көріп отырған көршілері мұның қылған жақсылығын ұмытып, алды-алдына бытырап кетеді. Сөйтіп, Момынбай мырза деп дүнияға даңқы шыққан, дүнияға малы сыймаған бай жеті қарақшының арқасында қисапсыз дәулеттен айрылып, ағайын-туғаннан, дос-жардан айрылып, қара лашық тігіп, жалғыз үй қалады. Лашықтың іші толған жас бала, кемпірі болса, ауру, төрт түлік малдан қалған жалғыз-ақ – көк есек. Күндерде бір күн Момынбай бұрынғы дәулетін ойлап, жұрттың қылған қошеметін ойлап, һәм өзінің бұ күндегі халін ойлап:
– Ай, дүние, шіркін-ай, пендеге бірде бетін, бірде көтін көрсетеді екенсің ғой, – деп, бек қапа болып отырады да, ойлайды:
– Мен бұ халға жеті қарақшылардың арқасында жеттім. Қылғанға қылғанның айыбы жоқ деген қазақтың сөзі бар еді, мен де бұ қарақшыларға бір іс көрсетсем қайтеді?
Момынбай осылайша ой қылады да, сандығында жатқан үш-төрт күміс теңгені қалтасына салып, көк есегіне мініп, жеті қарақшылардың аулына қарап жүреді. Ауылға жақындап келгенде қалтасындағы баяғы күміс теңгелерді есегінің көтеніне тығады. Сонан соң ауылдың желкесінде, төбенің басында тамаша қылып отырған қарақшыларға келіп:
– Асаламмағалейкум, – деп, сәлем береді. Қарақшылар:
– Уағалайкім ассалам, Момынбай, мал-басың аман ба? Жол болсын, қай жаққа барасың? – деді.
Момынбай айтты:
– Шүкір Құдайға, басымыз аман, малың аман ба деп, несін сұрайсыңдар, малдың бәрін өздерің жиып алдыңдар ғой. Міне, енді бала-шағам қорек қылатын да һеш ауқатым болмаған соң баяғы дос-жарлардан бір нәрсе болар ма деп анау ауылға бара жатырмын, – деді.
Бұ сөздерді айтты да: «Қош болыңдар!» – деп, Момынбай жөніне жүре берді. Һәм үйден ала шыққан қолындағы бізбенен қарақшыларға байқатпай, есегін сауырына шаншып алды. Біздің жанына батқанынан есек құйрығын жиып қалып еді, баяғы күміс теңгелердің біразы көтінен түсіп қалды. Тағы бір шаншып қалып еді, тағы бір теңге түсті.
Сөйтіп, есектің көтіндегі үш-төрт күміс теңге – бәрі де түсіп қалды. Момынбай байқамаған болып, артына қарамай, жүре береді. Қарақшылар есектің көтінен күміс теңге аққанын көріп, бұны керемет деп, таң қалысып тұрды да, қарақшының біреуі айтады, «Бұны ғажап іс, мұның мәнісін білуге керек», – деді. Бүтіндері мақұл деп, ертеңіне бәрі аттанып, Момынбайдың үйіне келеді һәм сұрайды.
– Момынбай, кеше сен бізбенен қош айтысып кете бергенде есегіңнің көтінен қанша күміс теңге құлап қалды. Мұның мәнісі қалай, жасырмай, расын айтшы, – деді.
Момынбай айтты:
– Баяғы қисапсыз көп малымнан қалғаны осы – жалғыз көк есек, әйтеуір, осы есектің арқасында кемпір, балам аш-жалаңаш болмай тұрады. Бұл есектің өнері сол – сұлы жеген күні күміс теңге тышады, арпа жеген [күні] тіллә тышады.
Қарақшылар мұны естіп, таң қалысып, шетке шығып, мәслихат қылады. Бұл жалғыз есегін ұрлап алғанымыз енді Құдайға да мақұл болмас. Қанша болса да, ақша беріп, бұл есекті сатып алалық, берген ақшамызды тез-ақ өндіріп аламыз ғой, – деп, Момынбайға келіп:
– Бай, бұл есегіңді бізге сат, – дейді. Момынбай:
Бала-шағам ауқат қылып тұрған жалғыз есегімді сатпаймын, – десе де, қоймай, көп тіллә беріп, есекті алып, қарақшылар аулына қайтады. Ертесіне есекті арпаға әбден тойғызып, мұның өнерін көрелік деп, қарақшылар бәрі жиылып, есекті жығады, төрт аяғын қатты қылып байлайды. Бір-екеуі есектің көтінен шыққан алтын шашылмасын деп, қап төсеп тұрады да, қалғандары қолдарына бірер ағаш тоқпақ алып, есектің ішін тоқпақтай бастайды. Арпаға тойған есек тоқпақтан барт-барт тышады. Қарақшылар алтын шығып жатыр деп, онан сайын қатты тоқпақтайды. Миллионша есекті тоқпақтап, енді біраз алтын шыққан шығар деп, қапты алып, ішіне қарап, қап толған боқ, боқты қолдарыменен аралап қараса, жалғыз да тіллә жоқ. «Бұ қалай?» – деп, қарақшы таң қалысып, тұрып-тұрып, есектің аяғын шешіп, тұрғызайық десе, есек өліп қалыпты. Мұны көріп, Момынбайдың алдағанын біліп, «Қап, Момынбай, бізді ақымақ қылған екен. Орынды жазасын берсе болады», – десіп, қатты ашуланып, ыза болады. Ертеңіне қарақшылар бәрі де атқа мініп, Момынбайдың үйіне қарап жүреді. Момынбай бұлардың келе жатқанын көреді де, жүгіріп, үйге кіріп, алдыңғы күні есек сатып алған көп тілләнің қуанышымен сойған қойдың ішегіне [қан] толтырады да, кемпірінің мойнының айналасына байлап, айтады:
– Қарақшылар үйге кіре бергенде сен есіктің бір жағынан шыға қаш. Мен қолыма пышақ алып, боқтап, балағаттап, сені қуармын. Сен қашып, барып-барып, жығылған бол, мен сені пышақпенен бауыздаған болармын. Мойныңдағы ішектен қан ағар, сен қорылдап, өлген бол да қал. Біраздан соң мен ішек қаптаған қарт сырнайымды тартып-тартып, сені келіп: «Не қылып жатырсың, тұр», – деп, басыңа тебермін, сен «Ойбай, қатты ұйықтап қалыппын ғой», – [деп], ұшып тұра кел, – дейді.
Ол екі арада қарақшылар келіп, аттарын байлап, үйге кіре бергенде кемпір есіктің екінші жағынан шыға қашады. Момынбай ашуланған болып, боқтап-балағаттап, кемпірді артынан қуа шығады. Кемпір қашып барып-барып, жығылады. Момынбай артынан жетіп барып, қолындағы пышағыменен жығылып жатқан кемпірді «бауыздап» жібереді. Кемпірдің тамағынан қан ағып, қорылдап, «өліп қалады». Момынбай үйге қайтып келіп, ашуланған болып отырады. Қарақшылар мұны көріп, Момынбаймен сөйлесуге бата алмай, отырады.
Біраздан соң Момынбай ашуы тарқағандай болып, керегенің басында тұрған қарт сыбызғыны алып, тартып-тартып, «өліп жатқан» кемпірді «Не қылып жатырсың, тұр?», – деп, басына тебеді.
Кемпір «тіріліп», «Ойбай-ай, қатты ұйықтап кеткен екенмін ғой», – деп, ұшып тұра келеді.
Қарақшылар мұны көріп, таң қалысып:
– Момынбай, бұ не ғажап іс? – деп сұрайды. Момынбай айтты:
– Мұнда һеш ғажап іс жоқ, бәрі мынау қара сыбызғының қасиеті, һәр түрлі күйді ойнап-ойнап, өлген кісіні басына тепсең, ұшып тұра келеді, – дейді.
Қарақшылар бұған таң қалысып:
– Бай, осы сыбызғыңды бізге сатшы, – деп, жабысады. Момынбай:
– Ата-бабамнан мирас қалған жалғыз сыбызғыны да маған көпсіндіңдер ме? Қанша берсеңдер де, сыбызғымды сатпаймын, – десе де, қарақшылар жабысып қоймай, ақырында, есепсіз көп тіллә беріп, қара сыбызғыны сатып алып, ауылдарына қайтады.
Ауылдарына келсе, бәрінің де қатындары ауыл қыдырып кеткен екен. Бұлар қатындарына қатты ашуланып, барған жерлерінде тауып алып, бәрі де қатынын бауыздап тастайды, сосын сыбызғыны тартып, тірілтіп аламыз деп. Біраздан соң біреуі сыбызғыны тартып-тартып келіп, өліп жатқан қатынын басқа тебеді. Қатын тұрмайды. Екіншісі келіп, қатынын басқа тебеді, тұрмайды. Үшіншісі келіп, тебеді, о да тұрмайды. Сөйтіп, жетеуі де қатынын өлтіріп алады. Мұны көріп, Момынбайдың тағы алдағанына көзі жетіп, қарақшылар жаман қатты ашуланып, ыза болып, «Бұл Момынбайды тірі қоймайық», – деп, уағда қылысады.
Бұл екі арада Момынбай кемпіріне айтады:
– Жеті қарақшыларға мен қолымнан келгенімді қылдым, енді олар маған мейлінше өшікті. Өшін алмай қоймас. Мен азық-түлігімді, төсек орнымды алып, анау үлкен жолдың үстіндегі қара молаға барып, жатайын. Кеш сайын үйге келіп жүрермін. Агар қарақшылар мені сұрап келсе, сен жылаған болып, «Үш-төрт күн болды, Құдайдан қаза жетіп, дүниядан қайтты, моласы анау тұрған дегейсің», – деп, кемпірге үйретіп, Момынбай азық-түлігін, төсек орнын алып, баяғы жол үстіндегі қара моланың ішіне кіріп, жатып алды. Мұнан соң бірнеше күн өткеннен кейін қарақшылар Момынбайдың үйіне келсе, қара киіп, шашын жайып, бетін жыртып, жылап, дауыс қылып отырған кемпірді көреді.
– Ай, бәйбіше, не болды? – деп сұрайды. Бәйбіше айтады:
– Құдайым, әуелі сансыз малымды, сансыз қазынамды алды. Ақырында, қойнымдағы байымды алды. Үш-төрт күн болды Құдайдан қаза жетіп, Момынбай дүниядан қайтты. Моласы – анау, үлкен жолдың үстіндегі қара мола, – дейді.
Мұны естіп қарақшылар:
– Әй, бәрекелді-ай, тірісінде өшімізді ала алмай қалдық-ау, – десіп, көп өкініп, ауылдарына қайтады.
Күндерде бір күн жеті қарақшылар бір керуен талап, көп алтын-күміс олжа алып, үйлеріне қайтып келе жатып, нақ Момынбайдың моласына келеді. Қарақшының біреуі айтады:
– Мынау Момынбайдың моласына кіріп, олжамызды бөліп алсақ, қайтеді? – дейді. Бүтіндері мұны мақұл көріп, бәрі де аттарынан түсіп, қап-қап алтын-күмісті алып, молаға кірсе, Момынбай тірі адамдай төсегін жайып жатыр, бас жағында бір саба қымыз, табақ-табақ піскен ет тұр. Мұны көріп, қарақшылар ойлайды:
– Япырмай, мынау Момынбай иманды болып, ұшпаққа кірген екен. Қарашы, көрінен шығып, тірі кісідей төсекте жатқанын, ет, қымыз дегенің мынау, – деп, таң қалысып тұрып, ақырында, отырып, олжаларын бөліседі. Алтын-күмісті жетіге бөліп, үйіп қойып, мына бөлімді мен аламын деп, біреуі айтып, жоқ, мұны сен алмайсың, мен аламын деп, өзді-өзі олжаға таласып, у-шу аямай шығады. Сол уақытта жатқан Момынбай:
– Һешқайсысың да алмайсың, мұның бәрі де менікі, – деп, орнынан ұшып тұра келеді.
Мұны көріп қарақшылардың есі шығып кетіп, моладан жүгіре-жүгіре шығып, аттарына мініп, алды-артына қарамай, ауылдарына қарай қашады. Бұлар кеткен соң Момынбай алтын-күмісті жиып алып, үйіне апарып береді.
Қарақшылар аулына келіп, естерін жиып алған соң өзді-өзі сөйлеседі.
– Бұ Момынбай тірісінде бізге қанша қорлықты көрсетіп еді, енді өлгенде де тек жатпай, қанша олжамызды алып қалды. Мұнан не қылып өшімізді аламыз? – деседі. Сонда біреуі тұрып айтады:
– Һеш болмаса моласының басына тышайық, – деді. Бәрі де мұны мақұл көріп, аттарына мініп, Момынбайдың моласына қарай жүреді. Момынбай бұлардың келе жатқанын көріп, һәм не ойменен келе жатқанын сезіп, моланың ішінде жанып тұрған отқа бір істік темірді салып қыздырады. Ол екі арада қарақшының біреуі моланың басына шығып, төбесіндегі тесікке көтін қойып, «Мә, бәлем, саған» деп, тыша бергенде, моланың ішінен Момынбай қызарған істік темірді көтіне тығып алады.
Қарақшы:
– Ойбай-ай, иттің аруағы ұрды, – деп, көтін қолымен басып, моладан түсе қашады.
Екінші қарақшы батырсынып келіп еді, Момынбай оның да көтіне ыстық темір тықты. Сөйтіп, батырсынып, өшімізді аламыз деп, жеті қарақшының жетеуі де көтіне істік темір кіргізіп алды. Сонан соң бұлар жаман ыза болып, не қыларын білмей, ақымақ болып, аулына қайтады. Бұлар кеткен соң Момынбай нәрселерін жиып алып, үйіне келіп, баяғыдай шаруасын қылып тұра береді. Момынбай өліп, тіріліпті деген хабар тез-ақ елге жайылып, ақырында, ханның құлағына тиіпті. Хан мұны естіп, қайран қалып, Момынбайды шақыртып алады.
– Ай, Момынбай, сені өлді деп естіп едім, сен қалайша тірілдің? – дейді.
Момынбай айтады:
– Тақсыр, ханым, менім өлгенім рас еді, артымда жесір қатын, жетім балаларым, қанша малым, қазынам, жеті құлым қалып еді. Сол құлдарым жетімдердің сөзін тыңдамай, зорлық-зомбылық көрсетіп, малдарын бөлісіп алып, қашып кетіпті. Жетімдер мұндай қорлық көріп, Құдайға шын ықыласымен жылаған соң Жасаған ием сол жетімдерге рақымы түсіп, мені тірілтті, – деді.
Хан мұны естіп, таң қалып һәм құлдардың қылған ісіне қатты ашуланып:
– Момынбайым, сен ол құлдарыңның осы күнде қайда екенін білесің бе? – деді. Момынбай:
– Білемін, тақсыр, – деп, баяғы жеті қарақшыны көрсетеді. Хан дереу жасауыл жіберіп, жеті қарақшыны алғызып:
– Сіз неге жетімдерге зорлық қылдыңдар? – деп, жаман ұрысты.
Қарақшылар айтады:
– Тақсыр, біз һешкімге зорлық қылғанымыз жоқ. Һәм һешқашан құл болған емеспіз, – деді.
Сонда Момынбай айтады:
– Мен, тақсыр, жаңылсам, жаңылып тұрған шығармын, менің құлдарымның таңбасы бар еді. Агар да бұларда таңба жоқ болса, менің жаңылғаным рас болғаны, – деді. Хан сұрады:
– Сенің құлдарыңның қандай белгісі бар еді? – деді. Момынбай айтты:
– Менің құлдарымның істік темірменен салған көттерінде таңбасы бар еді, – деді. Хан дереу қарақшыларды шешіндіріп қараса, көттерінде Момынбай айтқан таңбасы бар екен. Мұнан соң хан Момынбайдың сөзі рас екен деп, жеті қарақшыны малы-жаныменен Момынбайға бұйырып береді.
Сөйтіп, Момынбай дұшпандарын құл қылып алып, баяғыдан артық дәулетті, қадырман болып, дүниядан өтті.
«Ұрлықтың түбі – қорлық» деген мақал осыдан қалған екен.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі