Бөлім: «Мақал-мәтелдер»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Нарым қымбат,
Нарымнан арым қымбат.
Жар басындағы жантақты
Жанынан безген нар жейді.
Екі нар сүйкенсе
Ортасында шыбын өлер.
Түйесіне қарай — жазысы,
Биесіне қарай — қазысы.
Түйе жантақ жегісі келсе,
Мойнын созады.
Түйесінің сыры иесіне мәлім.
Қолда өскен түйенің
Тайлақ аты қалмайды.
Кеш үйленген жігіттің
Бойдақ аты қалмайды.
Түйе тайғақ келеді,
Табанынан мөр кетсе,
Кәрі тайғақ келеді,
Екі көзден нұр кетсе.
Атан түйе жүк астында қартаяр.
Жазғытұрғы жел
Жардай атанды жығады.
Ақ түйенің қарны ақтарылды.
Інгенімді қараймын деп
Мінгенімнен айрылдым.
Қараңғыда жымыңдайды, жанады,
Жарық түссе, бірден сөніп қалады.
Жалғыз түйе бақырауық,
Жалғыз бала жылауық.
Жаман түйе жабуын жер,
Жаман жігіт ауылын жер.
Нар сәулетті — ашамай.
Түйенің танығаны жапырақ.
Жабу қисық емес,
Түйе қисық.
Екі аяқтыда — бажа тату,
Төрт аяқтыда — бота тату.
Бір теңге бие болмайды,
Екі теңге түйе болмайды.
Көтерем деп түйеден безбе,
Салтанатың емес пе?!
Тебеген деп биеден безбе,
Қос қанатың емес пе?!
Соңғы түйенің жүгі ауыр.
Түйенің үлкені
Көпірден таяқ жейді.
Түйе бойына сеніп
Жылдан құр қалған.
Алыстан шабынған бураның
Күші кетер.
Түйесін қу бас десең,
Иесіне тиеді.