Өлеңдер ✍️
ТОРДАҒЫ БҮРКIТ
Асыранды бүркiт əбден қартайған,
Бұлшық ет пен буын босап, əл тайған.
Тұмсығымен түртiп жүрiп көр-жердi,
Əтеш келiп қарсы алдына талтайған:
– Бiр сұрауға талай мəрте оқталдым,
Бүркiт батыр! Мен көргелi тоқ қарның.
“Қарны тоқтың – қайғысы жоқ” демей ме,
Шыныңды айтшы, арманың да жоқ, бəлкiм?..
Қарт қыранды бүлiк ашу биледi!
Қарағандай тоғышарға үйдегi –
Сұсты көздiң сұғыменен əтештi
Өңменiнен өткiзе бiр түйредi.
– Келiп-ақ тұр өзiңдi бiр сыбағым,
Көкейiме қонбаған соң сұрағың.
Кəрi жыным қозып отыр, бұл сөздi
Қандай оймен айтып тұрсың, шырағым?!
Естiп мұны, күлсiн əтеш тоқтамай!
Жел үрлесе – тұтанбасын шоқ қалай?
Кəрлi бүркiт қатулана ақырды:
– Тоқтат қане! Айтарыңды айт, оттамай!
Əндеттi əтеш:
– Топас ұқпас тек мұны,
Сұрағымның түсiнбейтiн жоқ түгi.
Арман деген – қу тiрлiктiң тiлегi,
Олай болса, бақыт – қарын тоқтығы.
Мəселен, мен шала құрсақ күн кешем,
Мол сыбаға қылғытасың күнде сен.
Қарным тойса – айдарымнан жел есер,
Өз обалың – тiрлiк заңын бiлмесең.
Осылай деп, күлсiн əтеш тағы да,
Қықылықтап, сықылықтап, қағына.
Қайдан бiсiн тiл тигiзiп тұрғанын
Өр қыранның намысына, арына.
Кəрi бүркiт дүр-дүр етiп сiлкiнсiн,
Əтеш керi ыршып түсiп, iркiлсiн.
Қыран басын шайқап-шайқап тұрды да,
Шаңқ еттi кеп:
– Неткен топас шiркiнсiң?!
Дауасызсың, саған айтқан сөз шығын,
Желпiлдейсiң жетiскендей өз сұрың.
Бұл жалғанда тұмсығыңмен түртпейтiн,
Көр-жер бар ма, түспейтiн бiр көз сұғың.
Қайырың да, қайғың да сол – құлқының,
Құлқыныңа табылсайшы бiр тығын.
Нəпақаңды iздеп жүрсiң итшiлеп,
Кеуiп қалған қиынан да жылқының.
Жармақ көрсең – жалпылдайды етегiң,
Ұлы түйсiк, асқақ сезiм – не теңiң.
Саған қарап болжағандай боламын –
Құнсыз тiрлiк, құрдым тiлек не екенiн.
Күмəнiм жоқ, қарның сенiң тойса ма –
Құбылсың-ау торға қамап қойса да.
Қу тамаққа құлқын ұрып кетер ең,
Түбiнде бiр көзiңдi сол жойса да.
Ашкөздiк пен сұғанақтық – болды айлаң,
Тоқтығыңды тартып алдың торғайдан.
Топастық пен тоғышарлық аталас,
Менi ұғуға жетiп едiң сен қайдан?!
Мəңгүрт қашан нас тiрлiктен ұялған?
Мəрттер ғана намыс үшiн қияр жан.
Сендейлердiң мыңы сыяр лашыққа
Тұтқында да өр басымды ие алман.
Сұрамаймын ешкiмнен де баспана,
Сыймаймын мен кеңiстiктен басқаға.
Қожайынның қолындағы жем үшiн
Көз шұқысқан көрбiлтелiк – масқара!
Сен дүниенi көресiң өз ұяңнан,
Мен шоламын заңғаралы қияннан.
Қыран көңiл жеңсiк тапса, табады:
Желдей – шабыт, ақша бұлттай қиялдан.
Рас, менiң тамағым тоқ, алайда,
Бойсұна алман – бодан болып қор ойға.
Арманым да, бақытым да – бостандық,
Алтын тұғыр – қайғым емес, соны ойла.
Топшы жазбай – неге керек тоқтығым?
Топ боп жатсам – торғай ғұрлы жоқ құным.
Томағамды серпiп тастап, заңғарға
Самғап шықсам – көтерiлер шоқтығым.
Еншiсi бiр – еркiндiк пен ерлiктiң,
Перзентiмiн – кеңiстiк пен кеңдiктiң.
Қас қыранның қамалғаны – өлгенi,
Əттең, бұдан, кеще неме, немдi ұқтың?
Аран айдап, қалбаңдатса харамды,
Қарсы алдынан кез қылады қабанды..
Тырнадың кеп iшiмдегi жармды,
Жетедi ендi! Батыр əрмен қараңды!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter