Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  894


Автор: Ақылбек Манабаев

БҰЛБҰЛ

(ССР халық артисі Роза Бағлановаға)
Алма мойын, күн маңдай,
Ажарынан нұр есіп,
Сахнада тұрғандай
Үлбіреп бір гүл өсіп.
Еріндерге ұялап,
Ойлы күлкі іркіліп,
Қарағаны – күй айбат,
Қарашығы – түн тынық.
Сымбатына сыр тұнып,
Сиқырлап бар жанарды,
Сәл иіліп, құлпырып,
Тоты құстай таранды.
Қос бұлақтай төгілген,
Бұла бұрым бұлқынып,
Ықыласты көңілмен,
Төнді көздер ынтығып.
Ойнақы әуен, оттай леп,
Орап әсем назды, әнді,
Сызылта бір төкті-ай кеп,
Сыңғырлаған саздарды.
Өрендіктен танған ба,
Өрге озған шын дүлдүл.
Бағындырып алғандай,
Мың мықтыны бір бұлбұл.
Делебені қыздырып,
Қырмызы үн қиялдай,
Тынса-дағы ән үздігіп,
Қиылды жұрт қия алмай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу