Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  141


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ТІРШІЛІК

Күн шашса шапақ құлшынып,
Қауызын жарар гүл шығып.
Шақырып әтеш ертемен,
Басталар күйбең тіршілік.
Қуалап сай мен саланы,
Сылқылдап бұлақ ағады.
Рахатқа бөлеп жаныңды,
Алдыңнан самал соғады.
Мықтыны өмір жақтайды,
Жұмыссыз ешкім жатпайды.
Тракторын қойып соқалы,
Алқабын диқан баптайды.
Жалғасқан бізге сан ғасыр,
Кәрі терек пе – ол да тұр.
Балауса, құрақ төсегің,
Тіршілік біткен жап-жасыл.
Қозы, лақ, бота төлдер де,
Өріске ерте өргенде.
Азан-қазан боп жатады,
Аққу, қазымен көлдер де.
Шындықтың киіп жейдесін,
Сөйлесін жүрек, сөйлесін.
Табиғат өзі жасайды.
Тірліктің жанды бейнесін.
Құр қалмау үшін үлестен,
Жеңеді әділ күрескен.
Шаруасын шешер оңтайлы,
Тірліктен қалмай ілескен.
Босатпай бір сәт арқаны,
Пендеге салмақ артады.
Тіршілік көші зымырап,
Тоқтамай алға тартады.
Болғанмен сонша екпіні,
Байлық пен мансап жоқ құны.
Тірлікте мынау керегі –
Денсаулық, қарын тоқтығы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу