Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  72


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ДОСТАРЫМ

Келмейсің деп айта алман жиі ағыла,
Құшақ жаяр жол түссе Миялыға.
Адал достар жадымнан бір шықпайды,
Хабар шалар аңқылдап «ұялыма».
Көп көрмесем басады сары уайым,
Деймін іштей тек аман жолығайын.
Жұбайлары алдымнан құрақ ұшып,
Қарсы алады дастарқан, төрі дайын.
Сөзді тыңдап, кім-кім де ескерердей,
Азаматпыз байсалды көшке ерердей.
Әңгіме – дүкен құрып отырамыз,
Бірімізге біріміз десте бермей.
Көкейдегі сездірсем сөз ашығын,
Сендерсіңдер сыйынар жанашырым.
Төс қағысып жатамыз құда болып,
Ұл-қызымыз тауып өз жарасымын.
Жұмбақ жан көп сыр бүгіп, тосырайған,
Жаман әдет, сақтасын осы райдан.
Дос көңілі әрдайым тұрсын биік –
«Қалмасыншы жарты атым насыбайдан».
Ақын, әлде әншімін шебер үнді,
Тек өздерің бағалар өнерімді.
Сендер барда өсермін, марқаярмын,
Аспандатып жүрсіңдер беделімді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу