Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  129


Автор: Сәруар Қамаева

ТІЛ ТАҒДЫРЫН ОЙЛАҒАН...

(Мұхтар Шахановқа)
Еліңнің ойлап теңдігін,
Жеріңнің ойлап кеңдігін,
Тамырын бойлап дініңнің,
Тағдырын ойлап тіліңнің,
Махамбеттей түн қатып,
Көзіңді, аға, ілмедің.
Жүректі жырмен тулатып,
Жайықты кешіп жүргенің.
Ұғындыра алмайсың
Қалың елің қазаққа,
Тілі тайса тұғырдан,
Түсетінін азапқа.
Төрде тұрса туымыз,
Босағада туған тіл
Қалады деп қалайша,
Толғанасың Абайша.
Тілің кетсе,
Кетеді деп елдігің,
Тілің кетсе,
Кетеді деп теңдігің,
Атақоныс мекенге
Ие болар енді кім?
Осы жайды қалайда
Жеткізем деп санаға
Қиналасың, жан аға.
Жасытасың жаныңды,
Тасытасың қаныңды,
Тіл үшін түсіп тозаққа,
Ұмытасың сабырды.
Сол үшін сарып қыласың
Бойыңдағы барыңды,
Кең жайсын деп құлашын
Туған тілің тамырлы.
Қасиетті далада,
Ғасырлар өткен арада,
Тірек болған туған тіл
Батырға да, данаға.
Алдыңғы ата-бабадан
Қалған мұра балаға,
Туған тілді төріне
Шығара бер, жан аға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу