Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  159


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

КӨК ТІРЕГЕН КӨКШЕТАУ

Ғажап өлкем не тең келер ғаламда,
Саған деген сағыныш көп санамда.
Сәлемдесіп алайыншы сіздермен,
Көк тіреген Көкше жұрты аман ба?
Киелі жер шежіреңе үңілем,
Ғұмырыма азық етем мұны мен.
Күн келбетті, Ай дидарлы әлеумет,
Құттықтаймын Тәуелсіздік күнімен!!!
«Сексен көлім» серілерді сетерле,
Бурабайдан буырқанбай кетем бе?
Ізгі тілек, ізетпенен кеп тұрмын,
Абылайды хан көтерген мекенге.
Әнмен алса тынысы мен қыз демін,
Үкілеген үмітімді үзбедім.
Әуен тұнған кең өлкеден табайын,
Біржан сал мен Ақан сері іздерін.
Арпалыс пен арман кернеп өзегін,
Мұнда талай дүлдүл туды, сеземін.
Көкшетаулық туыстарым көрсетер,
Туған жерін Шал Ақын мен Шөженің.
Елік сүті- бұлақтарың нәрлі екен,
Балуан Шолақ бабам болып әндетем.
Ғалияға ғашық болған сол бабам,
Қайсы жылы Қараөткелге барды екен?
Сұлтанмахмұт даңқы жеткен ғасырға,
Туған жерсің сондай бекзат асылға.
Мұнда туып, Баянауылда көз жұмды,
Бар болғаны жиырма жеті жасында.
Көкшетауым-аңсаттырған арман жер,
Қарай-қарай екі көзім талған жер.
Сал-серінің әні ұйып қалған жер,
Ұлылардың кіндік қаны тамған жер.
Бақыт дарып, Қыдыр қонған Көкшетау,
Ерлер өткен күдір жолдан Көкшетау.
Сәйгүліктің дүбірімен оянып,
Самұрыққа тұғыр болған Көкшетау.
Қысылған ел Көкшетауда көсілді,
Көп керуен осы өңірге жосылды.
Патша жасап менің «нұрлы көшімді»,
Бір қазаққа бір қазағым қосылды.
Талайларға пана болған дала- бұл,
Дана жұртқа арнайыншы дара жыр.
Шеттен келген қандастарың көп мұнда,
Туыстарым, көз қырыңды сала жүр!
«Әлди-әлди» бесік жырмен өстім мен,
Ел оңа ма өз тарихын кеш білген?
Сыйламасақ өзімізді-өзіміз,
Бізге қайыр болған емес ешкімнен.
Көкше, Көкше, кеп тұрайын әрдайым.
Куә болсын ну қарағай, тал-қайың.
Алатау мен Көкшетаудың арасын,
Жүрекжарды жырларыммен жалғайын!
Сенен қуат, бақ табайын, Көкшетау,
Сенде шалқып, шаттанайын, Көкшетау.
Жақсы күнде жүздесейік туыстар,
Қимай-қимай аттанайын, Көкшетау!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу