Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  112


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ТҮС. ӘМУ

Жұлдыз-түндердің ағылды көбі,
Уақытқа тимей пайдасы.
Түсіме ылғи Әму кіреді —
Балалығымның айнасы.
Жүрек жылатар сезімді менен
Ұрлап ап, көкте Ай туар.
«Айнадан» ылғи өзімді көрем,
Бақытты әрі бейкүнә.
Ауына түспес балықшылардың,
Жылым ап суды «кезерде».
Мен, сірә, алтын балық шығармын,
Салатын сайран өзенде.
Тосардай алдан мол қамыс қызық,
Шөнжігін мықтап жасырған,
Атам айтқандай, жолбарыс жүзіп,
Өтеді кейде қасымнан.
Толқындар әні қайталанады,
Соңынан тау-тау көш еріп...
Әмуім бәрін жайпап ағады,
Жойқын ғой жойқын десе жұрт...
Көп болды-ау, сірә, жорымағалы...
Толқынға мұңын жасырып.
Түсімде Әму толып ағады,
Аралға қарай асығып.
Асқанда мол су жағадан құлап,
Атқақтап асау жүрегі.
Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ,
Кішкентай көлдер күледі.
Әмуім толқып, елжіреп көлдер,
Тиердей көкке төбесі.
Арал-Анаға енді жеткенде,
Оянып кетем, о, несі?
Бір алау дәйім ішіңде жанып,
Жаныңды ылғи қариды, ә?
...Нағыз арманға түсіңде дағы,
Қолың жетпейді-ау, дариға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу