Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  89


Автор: Ұлықбек Есдәулет

НЕЛIКТЕН

Мен неге жиi қателесемiн?..
Нелiктен?..
Қателiкпенен өмiрге бiрге келiп пе ем?..
Күндерiмдi ойлап мақсатсыз, мәнсiз желiккен,
Отырмын ендi өзiме есеп берiп мен...
Нелiктен жиi қателесемiн?..
Нелiктен?..
Сенбейтiн жанға, сенбейтiн сөзге сенiппiн,
Ермейтiн жанға, ермейтiн сөзге ерiппiн.
Бермейтiн кезде ашуға ерiк берiппiн,
Өзiмдi сүйген жүректi сөйтiп жерiттiм.
Желiкпес жерде нелiктен сонша желiктiм?..
Жүремiн жиi өкiнiш жүгiн көтерiп,
Көлеңкемдей боп қалмай-ақ қойды-ау қателiк.
Парызым қайда жұртыма жатқан өтелiп?
Кетем бе солай қателiктерге ет өлiп?
Нелiктен жиi қателесемiн?
Нелiктен?..
Майысар жерде майысу бiлмес бiр бетпiн,
Күрмеуге келмес жiбiмдi бекер күрмеппiн.
Iшiнде жүрiп той-думан, дырду, дүрмектiң
Өмiрдiң той боп өтпейтiндiгiн бiлмеппiн.
Мен үшiн сонда жаңсақсыз өмiр сүрмек кiм?..
Нелiктен жиi қателесемiн?..
Нелiктен?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу