Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  70


Автор: Әмірхан Балқыбек

Мiне, сенi көрмегелi он апта...

Мiне, сенi көрмегелi он апта,
Тек бейнеңдi шақырамын қонаққа.
Сенiкiнен сәл мұңдылау қабағы,
Кеш болғанда ол есiгiмдi қағады.
Үнсiз ғана тербетiлiп етегi,
Сонсоң үнсiз төр бөлмеге өтедi.
Байқамастан жоқпын ба
әлде бармын ба,
Үнсiз ғана отырады алдымда.
Арамызда жатпаса да қашықтық,
Кеспесе де аспанда әуе жолдары,
Жауап болып сезiмiме
ғашықтық
Мойыныма оралмайды қолдары.
Ешкiмге әлi құпиясын ашпаған,
Баяу ғана айналады таспада ән.
Бейнең сонсоң баяу тұрып
орнынан
Қиялымды оятады қалғыған.
Сазды әуеннiң ырғағына айналып,
Екеуi үнсiз би билейдi ойланып.
Күнде осылай, өзiң емес, елесiң
Күнде, күнде қонағым боп келесiң.
Шыныменен осылай ма бәрi де,
Бәрi орнында, орнында емес
неге есiм?
Таң атқанда жоқ болады ол қайтадан,
Қайда кеттi, қалай кеттi, байқаман.
Құлағыма сыбырлайды түнгi ызғар:
Ешқашан да қосылмайды жұлдыздар.
Ешқашан да қосылмайды, неге мен
Жалаңаяқ қар кешкендей көгерем?
Түк түсiнбей шыңғырады сабырым:
«Жұлдыз емес, адаммын мен, Тәңiрiм...»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу