Өлеңдер ✍️
ПЕРІШТЕ
Әлі есімде,
Күз еді...
Ол бір елік лағындай қыз еді.
Махаббаттың құсы ұшып келді деп,
Сүйіп едім, сүйіп едім елжіреп.
Тұрып еді пәк жанары мөлдіреп.
Тұрып еді бір теректің қасында.
Сары алтындай жапырақтар –
Шашында.
Махаббатқа жаратылған несібем,
Айрылғандай болып еді есінен.
Мас боп тұрған ғажайып бір сезімге.
Махаббаттан басқа түк жоқ көзінде.
Махаббаттан басқа түк жоқ сезімде.
Он алтыда. Өртенетін кезінде!
Жанында оның басқаға емес,
Тап маған
Бір керемет бар секілді сақтаған.
Кеше көрдім сол Аруды табыттан!
Дидарында жоқ ләззат, шабыт та.
Үндемейді қоршап алған халыққа...
Топырақ сап кетті ел тарап.
Расым ба?!
Тек мен қалдым қабірінің басында.
Жылап жатып көрдім түнде –
Түсімде:
Жүрді жалғыз... таныс бақтың ішінде.
Тұрды үнсіз көк теректің қасында.
Сары алтындай жапырақтар –
Шашында...
Дауыл соқты!
Ағаш біткен сілкінді,
Көзінде оның қорқыныш бар бір түрлі!
Сонымен бір бейіш елін жүру үшін мекендеп,
Мен ойладым бір түйінге бекем кеп:
«Маған да енді өлу керек екен!» – деп.
Сонда ол маған тірі адамдай тіл қатты:
«Өмір сүру керек саған, қымбаттым!
Бізсіз-дағы кете берер зырлап Күн:
Не көрінді саған, өмір түлегі?
Қабыл болу үшін халық тілегі –
Муза және Ақын өмір сүреді!»
Солай деді ол о дүниеден оралып,
Омырауы көз жасына боялып.
Сол дауыстан кеттім мен де оянып!
Жылдар өтті. Найзағайдың күркірі
Жаңғырығып тұрған кезде сілкініп
Мұңды қызбен таныстым мен бір күні.
Сол күні оны көрдім тағы түсімде:
Жүрді жалғыз таныс бақтың ішінде.
Тіл қатты ол. Көзінде мұң бар еді:
«Саған, жаным, басқа ару сай еді.
Ақын деген – мұңды адам. Сондықтан
Шат сезімді болу керек әйелі!»
...Жарым менің осы ма деп іздеген
Таныстым бір көңілділеу қызбенен.
Түсімде оның сондағы айтқан сәлемі:
«Саған, жаным, басқа ару сай еді –
Ақын деген – көңілді адам.
Сондықтан аздап... мұңды болуға тиіс әйелі!»
Жылдар өтті Дауылынан – шаң үстім...
Жетегіне ермей асау ағыстың,
Өзімнің өр сезіміммен алыстым.
Талай қызбен таныстым мен Жердегі.
Бәрібір ол ешбіріне көнбеді,
Бәрібір ол ешбіріне сенбеді.
Он алтыдан келді отыз жасына.
Бір күні мен бір қызды ертіп қасыма
Бардым оның қабірінің басына.
Тұрдық үнсіз ғашық жүрек дүрсілдеп...
Сонда әлгі қыз сырға толы бір тілде
Сұрап еді үрейленіп: «Бұл – кім?» – деп.
Айттым бәрін... ақ тілегін құп алып.
Жанарынан тамшы жастар тұр ағып,
Екеуміз де егіліп бір жыладық!
Сол түні оны түсімде көрдім. Шабытты
Сөйледі ол Шашы ағарып қалыпты:
«Жаным! Саған осы әйел лайықты!
Ұмыт мені! Ұмыт бәрін! Табытты!
Өзгелердің қайғысы үшін жылаған
Адам ғана болуға тиіс бақытты!
Жаным! Саған осы әйел лайықты!»
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇