Өлеңдер ✍️

  19.08.2022
  787


Автор: Мұрат Мөңкеұлы

ҮЛГІЛІ СӨЗДІ СӨЙЛЕЙІН

Арғымақ сайлап не керек,
Артынан жабы жеткен соң.
Ағайын-туған не керек,
Аңдысып күні өткен соң.
Жорға сайлап не керек,
Кілегей мұздан тайған соң.
Жақын болмақ не керек,
Тірідей көңіл қалған соң.
Айт дейтұғын сіз қайда,
Айтатұғын біз қайда
Бір төбенің басында
Мазар болып қалған соң.
Қырағы бүркіт көреді
Алар аңын қиядан.
Көрсе шайтан қашады,
Қалам, сауыт, сиядан.
Екі дәукес тең келсе,
Талассыз билік береді
Кеудесі кең бір адам.
Желдетпей тұман ашылмас,
Желдіртпей жүйрік басылмас.
Ақылың болса жыр тыңда,
Бауыры суық қара жер,
Қайсымызды жасырмас.
Жақсыдан туған жаман бар,
Жүйріктен туған шабан бар.
Үлкен аға, кіші іні,
Өздеріңнен сұраймын,
Тура келген ажалға
Айтсаңшы, не амал бар?
Жаманнан жақсы туады,
Адам айтса нанғысыз.
Жақсыдан жаман туады,
Бір аяқ асқа алғысыз.
Шынымен айт десеңіз,
Үлгілі сөзді сөйлейін
Естеріңнен қалғысыз.
Жасыңыз үлкен ағасыз,
Ақыл-еске данасыз.
Адам көркі болмайды
Әлдилеп сүйген баласыз.
Қырмызы тонда сән болмас,
Жадағай кисең жағасыз.
Өлеңім – менің өнерім,
Ажалым жетсе өлемін.
Жоқтан жонып сөйлеген
Көрдің бе тілдің шеберін.
Жерді көркем көрсеткен
Төбесі мен обасы.
Көлді көркем көрсеткен
Қамысы мен қоғасы.
Жайықты көркем көрсеткен
Жағалай біткен ағашы.
Жігітті көркем көрсеткен
Жеделдес өскен ағасы.
Ағаны көркем көрсеткен
Төрде отырған бабасы.
Бабаны көркем көрсеткен
Түлкі ішіктің жағасы.
Қызды көркем көрсеткен
Қосабалы анасы.
Ананы көркем көрсеткен
Қолдағы қара шарасы.
Келіншекті көркем көрсеткен
Әлдилеп алған баласы.
Баланы көркем көрсеткен
Ата-анасы үйреткен
Мінез-құлық санасы.
Атта арман болар ма,
Мойнындағы жал еті
Өз иесі мініп арыса.
Жігітте арман болар ма,
Алғашқы алған аруы
Өз қойнында қарыса.
Бала тентек болар ма,
Жасынан аузын қарыса.
Несие сөзі болар ма,
Көзі қара таныса.
Жігіт жарлы болар ма,
Жапан түзде жатқанда
Өзіне қыдыр дарыса!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу