Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  370


Автор: Мұхамбетберді СҮЙІТОВ

ТҮС

Құрт қаптады Шығыстан,
Дерт қаптады Батыстан,
Жан таппадым ұғысқан,
Мән қалмады аяқ созған
жатыстан!
Қылқындырды айдаһар,
Қыл бұрауын салып ап,
Қалмады еш бой да хәл,
Құтқара гөр, құтқара гөр,
Тәңір ақ!
Қолы қатты қысық көз,
Жан тірелді алқымға,
Ауызынан түсіп сөз,
Өзін-өзі түсінбей жүр
халқымда!
Өне бойды тер буды,
Өлер ме екем осылай,
Жанарымды сел жуды,
Жүрек бірге күйеді кеп
қосыла-ай!
Көк жүзіне қан қатқан,
Құрттың қызыл туындай,
Талап жатыр жан-жақтан,
Кеміруде шұрқыратып,
жұлынды-ай!
Түсім бәлкім, өң болар,
Кетпейді елес миымнан,
Оянғаным жөн болар,
Дәм-тұзымды тату үшін,
бұйырған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу