Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  117


Автор: Рахмет Аяпбергенұлы

Жыр құдайы

( Қашаған Күржіманұлына )
Сан түрлі қиындықты көріп жастан,
Сен-ұста, жыр-отауда көрік басқан.
Атойлап Ташауыздан шыққан сол жыр,
Айналды өлең-селге көбік шашқан.
Сөз дейтін заңғар таудан тік асатын,
Іздейтін жыр саңылағын жұптасатын.
Қашаған – жыр құдайы өлең жасар,
Аяғын жер бетінде нық басатын.
Шынында адам ба едің, Құдай ма едің?!
Бекер ме сөз тербеуім бұлай менің?!
Өзіңдей шежірелеп кім жырлады,
Жаралған күн нұрынан «Адай тегін!»
Ол таза өзін туған жердің ұлы ,
Елім-ай жылдар озып көрдің мұны...
Қашаған – бір туылмас өлмес өлең,
Ілияс,- деді сені , елдің тілі.
Тұлғасы Отпан таудың, шың, жартасы,
Шабыты алқалы топ, жұрт ортасы.
Қашаған- өмірде бір сүрінбеген,
Айтыстың бәйгі бермес жыр-жорғасы.
Қуаты әр жырының көкте күндей,
Ақын ол-табиғаттың көктеміндей.
Асқақ, өр қазақтағы қара өлеңнің,
Қашаған- кең еңселі мектебіндей!
Алдырмай өзің шыққан Шың сол маған,
Бір сөзге жүз ойланып, мың толғанам.
Ұл-қызы Қашағанның – асқақ ән-жыр,
Қасым мен Төлегенге қол жалғаған.
Мына жер, бір кез ақын жасаған қыр,
Алдымда гүл мен қатар ошаған тұр.
Ұстатпай бірақ маған бара жатыр,
Ақ нөсер өз бұлты бар Қашаған -жыр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу