Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  78


Автор: Ғали Орманов

ЫРЫС АРНАСЫ

Жылы кеп жеріміздің тамашалы,
Жырласақ қанша мақтап жарасады.
Көз жетпес қиырына кең өлкеміз
Тағы да ен дəулетке тола салды.
Алатау, Алтай, Орал арасында,
Қарасаң Қазақстан даласына;
Шіпілдеп, шеңберіне əрең сыйып,
Тұрғандай Мұхит толқып дəл осында.
Кернеген кең жапанды теңіз егін
Көмкеріп жатыр түгел көкжиегін.
Шомылып толқынына, сүйсінгендей,
Қарайды соған артып күн иегін.
Қандай қол еккен мұны, қандай өнер?
Сырлары жырға толы бар ғой нелер...
Еңбегі ел аузында аңыз болып,
Күн сайын осы өңірде туад ерлер.
Сай өрген сонда бүгін саптар қандай!
Сапырып сақараны қотарғандай.
Күндіз-түн дала түгел дүрілдейді,
Күркіреп көкірегі от алғандай.
Тынысын тыңдай білген табиғаттың,
Ырысқа жерді сықап салды, халқым.
Өңірден өзің жүрген ағыл-тегіл
Өңкей бір өзендерді ағызды алтын!
Осыған өтер сірə кім үңілмей?
Қырмандар мөймілдеп тұр иірімдей.
Алдыңда сапырылып борайды астық,
Саудырап сары алтынның түйіріндей.
Сəттерде сол еселеп құя түскен,
Жан біткен өз мерейін ұғады іштен.
Халқыңның қайтпас, тасқын ырысындай,
Қарайсың сен де соған қуанышпен.
Байқасаң туған жердің атырабын,
Бəрі де ағытып тұр бақ бұлағын.
Еліңді емірентіп жарылқаған
Келеді сүйгің соның топырағын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу