Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  97


Автор: Ғали Орманов

РУМЫН ҚЫЗЫ

Саусағы қылда бұлдырап
Румын қызы тартты күй.
Төгіліп əсем мұз бұлақ
Толқыған сайын кетті ылғи.
Құбылған күйдің сыры көп,
Сөйлемес саған біркелкі;
Қосыла қолмен дірілдеп,
Кетеді сүйкеп жүректі.
Қайырып кенет шашын қыз,
Қарайды бір сəт қозғалмай;
Қанатын қомдап лашын құс,
Қарсыңа келіп қонғандай.
Шүйіле біткен келбеті,
Шынында сұлу құспен тең.
Шақырып қызық жер беті,
Шарықтап қайдан ұшты екен:
Көрінген көңіл көгінен
Алыс бір əлде түс пе екен?
Тамылжи күйі төгілген
Жаныңды тербер күш пе екен?
Табасың рақат тағы да,
Тербетіп кенет кетсе қыз.
Толқиды түгел алдыңда
Көк орай тау мен көл, теңіз...
Қиялына ұқсап ақынның
Шалқиды алыс сол бір қыз.
Бақытына кейде халқының
Тумай ма сондай бір жұлдыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу