Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  98


Автор: Ғали Орманов

СЕВАСТОПОЛЬ СЫМБАТЫ

Құмартып келдім мен саған
Көрем деп берік тас қамал.
Ойынша жоба жасаған
Өзімдей шығар басқалар...
Тұғырда тұрған қырандай
Шалындың кенет сен бізге;
Қиырдан көзін бір алмай,
Қараған шетсіз теңізге.
Алдыңда жатыр көк айдын,
Жүзінде ойнап суретің.
Көңілін тербер талайдың
Келісті сенің бұл көркің.
Жазылып жараң дақ қалмай,
Жайнапсың қайта сап түзеп.
Жандары рақат тапқандай,
Жамырай өскен халқың көп.
Аралап өттім көшеңді,
Тастары терең сыр түйген...
Аңғардым биік еңсеңді,
Аймалап ұзақ күн сүйген.
Қаһарлы күндер көп өткен –
Қырқысып дамыл көрмеген.
Қуатың қайда болды екен
Кеудеңді сонда кернеген?
Байқасам, сол бір тұлғаңдай
Ортаңда сонау Нахимов.
Қасында бірге тұрғандай
Қашаннан бергі батырлық.
Тасына жазған ер ісін,
Тарихың тектес қамалдар.
Кеудесін тосып сен үшін
Қырқысқан сонда адамдар.
Жеңіспен солар орнатқан
Қадірлеп бейбіт бұл күнді,
Қасиет тұтып сен баққан
Таныдым əдеп,
Үлгіңді!
Сүйсіндім балғын өміріңе,
Өсірген қайта гүлге орап,
Мейрімін төгіп өңіріңе,
Биікте Ленин тұр қарап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу