18.06.2022
  226


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЕКІНШІ ЖЫР

Шықты Эос жарқырап – Таң сұлуы сəулетті;
Тұрды сонда төсектен Одиссейдің перзенті,
Асыл семсер асынды киімінің сыртынан,
Аяғына байлады əсем ұлтан-кебісін,
Құдай тектес кескіні пəнде көрмес кемістік.
5. Сыңғыр көмей, сырбаз үн жыршыларын шақырды.
Ұзын шашты ахейлер «жина» – деді халқымды.
Олар сонда жар салды, – алаң жұртқа толғасын,
Жұрт алдына шықты ол – мыс найзасы қолында
Жалаңдаған жəне де қос иті бар соңында.
10. Афина оның бейнесін ғажап нұрға бөлеген,
Есі танды ел жұрты оның көркін көргеннен.
Ақсақалдар серпілтті, орын беріп ортадан,
Əкесінің тағына отырды кеп шалқайып.
Ең бірінші сөз алды Египтий ер марқайып,
 15. Көпті көрген кісі еді, еңкіш тартқан еңсесі
Баласы оның Антифонт – найзагерлер еркесі,
Көп жылқылы Тронға патша Одиссей екеуі
бірге барған ер еді өр тұмсықты кемемен.
Өлтірді оны Полифем – келгенінде жеме-жем.
20. Тас қараңғы үңгірде кешке жақын жеу үшін
Қалды шалда үш бала – толтыруға кемісін.
Бірі оның – Еврином күйеулермен соғысқан
Енді екеуі шаруада əкесіне болысқан,
Өлген ұлын қайғырып, қабырғасы қайысқан
25. Жасын тыймай байғұс шал. Күйреп тұрып сөйледі:
«Сөз тыңдауға шақырам, Итакидің ерлері;
Жиналмадық біз ұзақ патша Одиссей кеткелі –
Кемесімен зымырап; жинап тұрған кім бізді?
Жинаттырған не мұқтаж? Жігіт пе екен жұлдызды?
30. Əлде елдің ері ме жылдар өтіп ержеткен?
Əлде жұрттың маңызды пайдасына жиды ма?
Əйтеуір адал азамат: даңқы болар зор адам!
Зевс оны жеткізсін мақсатына ойлаған».
35. Одиссей ұлы бұл сөзге керемет қатты қуанды.
Ел алдына ол да бір сөз айтпаққа ойланды;
Шықты алға содан соң Певсенеор жаршысы –
Ақылшысы қолына патша асасын ұстатты;
Алдымен ол жаңағы шалға қарап тіл қатты:
40. «Уа, қадірлі ақсақал, кім жинады – дедіңіз
Жинаған – мен өзіммін. Қапалы бір кезіміз
Естігенім жоқ əзір келе жатқан жау бар – деп;
Халықтың да пайдасын айтайын деп тұрғам жоқ
Қырсық шалды үйімді, айтпасыма мұршам жоқ.
45. Екі қырсық бар менде: бірі – əкемді жоғалттым,
Ол сендердің қайырымды патшаларың болатын
 Ол сендерді алаңсыз баласындай сүйетін.
Екінші қырсық жаныма одан да ауыр тиетін –
Үйіме менің күн туды түгі қалмай күйрейтін.
50. Ол – бұзақы күйеулер мазасын алған анамның,
Балалары сіздей игі-жақсы адамның.
Икарийдің үйіне – əкесіне шешемнің
Барып құда түсуге, сосын ол қарт еркімен
Кімді ұнатса, сол жанға қызын берсін көркімен; –
55. Деген сөзге көнбейді біреуі де бұлардың.
Оларға тек керегі – басылмауы думанның,
Қой, ешкі ме, өгіз бе – бас салып кеп сояды,
Шарапқа да қану жоқ, төбелесу аяғы
60. Үйімді əбден аздырды – Одиссейдің жоғынан.
Иесіз үйдің, əрине, не келеді қолынан?
Бара-бара қорғансыз жайымыз бар қалатын
Күшім болса – өзім-ақ сыбағасын берер ем:
Бастан асты қорлығы күннен күнге үдеген.
65. Тыю бар ма бұларға? Арларыңа тимей ме?
Естіп мұны көрші елдер көзін ашып күлмей ме?
Қорқуларың керек қой құдайлардан тым құрыса?
Зевске айтам көктегің, Фемидаға жалынам –
Мəслихаттың құдайы, арызымнан арылам!
70. Солай енді достарым, өз қайғыммен өзімді
Қалдырыңдар оңаша, тауыстым мен сөзімді.
Не айтыңдар, əйтпесе, ардақты əкем барында
Жез табанды Ахейге болып па еді кінəсі,
Кек алғыларың келді ме – қалды екен – деп мирасы.
75. Онандағы өздерің тонасаңдар болмай ма,
Енді қалған не мүлік соны алсаңдар болмай ма?
Ол жағдайда біздерде қалар еді соңғы үміт –
 Көше аралап кетуге көрінген жалынып
Бір кездерде алғанын бергенінше қайырып?
80. Бізді жеген қазіргі – үмітсіздік қайғысы», –
Деді ол асаның жерге қадап қылды ұшын;
Көзінен жас шұбырды: ел жүрегі шерленді;
Қозғалмастан тым-тырыс отырысты бəрі де
Одиссейдің ұлына жауап қатпай бірі де.
85. Айқай салып сол кезде шықты алға Антипой:
«Уа, тентекбас Телемах, мұның сенің танту ғой!
Əрі сөгіп, əрі сен кінə бізге тақпақсың?
Жоқ, əсте сен біздерді – күйеулерді емес, алдымен
Пенелопаны кінəла келген айла-шарғымен,
90. Ахейлердің алдында. Үш жыл өтіп арада
Төртіншіге ауысты алдағалы баладай
Ойын ойнап, əркімге бөлек-бөлек уəде етіп,
Сəлем айтып əдемі, ойлағаны бəлені –
Қандай бəле еді ол – айтайын мен енді:
95. Алып өрмек құрып ап бөлмелеріне өзінің,
Біздерге айтқан жиып ап, түрі мынау сөзінің:
«Жас жігіттер-күйеулер, Одиссейден үміт жоқ
Мынау мата тоқылып болғанынша шыдаңдар.
Лаэрт шалға кебіндік тоқуымда бір мəн бар.
100. Жасы келген адам ғой, кете қалса көз жұмып,
Қою менің борышым – тəрбиелеп ақ жуып.
Ахейлердің қатыны жүрмеу үшін өсектеп,
Бай, дəулетті кісі еді, бұйырмады төсек – деп»,
Сөйдеген соң, қаулы алдық бұл сөзіне көнсек деп.
105. Не дейсің кəсібі? Тоқығанын күндізгі
Дереу түнде тарқатып, алдауменен кіл бізді
Үш жыл өткен арада. Төртінші жыл дегенде
 Қызметші бір əйел сырын ашты жұмбақтың,
Жіп тарқатып отырған үстінен түстік бір-ақ түн.
110. Амалы жоқ содан соң ол жұмысын доғарды.
Осының бəрін өзің-ақ білетұғын жөн бар-ды.
Енді сенің алдыңда, Ахейлердің алдында
Біз айтатын бір-ақ сөз: шешеңді сен аттандыр
Əкесіне таңдасын күйеу біздің топтан бір
115. Не өзі ме, не қызы – қисын дереу некесін.
Ахейлердің ұлдарын енді тəлкек етпесін.
Афинаның өзі оны мол ақылға ие еткен;
Қолөнерін ғана емес, айланы да көп білген
Ахейлердің əйелі бұрын естіп көрмеген.
120. Баяғы өткен Алкмена, алтын бұрым Тиро да,
Патша қатын Микене – білмей кеткен бір о да
Неше түрлі айланы Пенелопа шығарды
Сорымызға біздердің. Бірақ өнбес одан іс;
Біздер сенің үйіңді талауымызды қоймаймыз.
125. Егер шешең əлі де бұл кəсібін тыймаса;
Құдайлардың өздері осы ақылды сыйласа –
Артар, бəлкім, даңқы оның; бірақ сенің дəлерің
Шашыларын біліп қой. Ешқайда да бекер біз
Пенелопа күйеуді таңдағанша кетпейміз».
130. «Уа, Антипой, – деді оған Одиссейдің баласы, –
Ешкім қумас үйінен өзі туған анасын,
Асыраған сүт беріп; əкем алыс жақта жүр;
Өлі ме, əлде тірі ме – ол арасын білмеймін.
Икарий шалмен есебім қиын болар ғой деймін
135. Пенелопаны үйімнен əсте зорлап кетірсем.
Əке рухы кектенер, қарғар мені өз шешем,
Эринилерді қаһарлы жазалауға шақырып.
 Боларым жоқ масқара, мен ондай сөз айта алман,
Ер болсаңдар егерде – айнымаған ант-арман
140. Босатыңдар үйімді, басқа жерге тойлаңдар
Ез болсаңдар егерде – тонауларың қоймаңдар
Жалғыз үйдің дəулетін. Шақырамын онда мен
Бүкіл құдай əулетін. Зевс маған болысып,
Қаһар төгер басыңа, онда сендер соғысып
145. Өзді-өзіңмен – өлерсің, ажал тауып тегіннен.
Түк қалдырмай тонаған шыға алмастан үйімнен», –
Деді солай Телемах. Сол мезетте күркіреп
Найзағай Зевс жіберді қос бүркітті биіктен.
Əуелі олар жел айдап, қалпыменен шүйліккен
150. Қатар ұшып жүрді де, қанаттарын кең жайып,
Дауылдатып келді олар, көздерінен от шашып,
Беріп қырсық хабарын, содан кейін бір-бірін
Шоқып, тістеп, қырқысып, оңтүстікке кетті ұшып.
155. Таң қалған жұрт құстарды тұрды көзбен ұзатып.
Жаман ырым белгісін көп көңілі өзі айтып.
Алиферс қария – баласы ер Мастордың
Алға шықты, қашанғы қатарында алғыр, зор
Құстың тілін болжайтын енді қалған айтқыр сол.
160. Кемеңгер ойдың иесі келістіріп ой айтты:
«Тыңда мені халайық, Итакидің əз халқы,
Келтірейін əуелі күйеулерді ақылға
Қырсық төнер басыңа, алыс емес, жақында,
Көп қалған жоқ Одиссей үйінің дəмін татуға.
165. Жасырынып келді ол осы таяу бір жерге.
Əзірленіп жатыр ол кек алатын күндерге.
Əлек болар əлі-ақ тез Итакидің жұртына.
Ақыл салып көрелік көндіруге бұларды;
Жə, болмаса өздері бітісер де тынар-ды.
 170. Пайдалысы сол болар. Сөйлемеймін тегін мен,
Талай болжап айтқаным тапжылмастан келінген.
Ахейлердің кемесі аттанғанда Трояға
Кеткен кезде Одиссей, сонда да бір болжағам
Болар ауыр жағдайды – көрініп ед ол маған.
175. Серіктерін жоғалтып, жат киімін жамылып,
Жиырма жылдың жүзінде, оралады сабылып
Ол үйіне – білемін. Осы айтқаным – ақиқат»
Жауап берді Евримах – Полибидің баласы:
«Ертекшіл шал, үйіңе қайтқаның дұрыс шамасы,
180. Əулелігіңді айтарсың балаларыңа өзіңнің.
Сенен гөрі Пайғамбар мынау істе – өзіммін.
Көк аспанның жүзінде, Гелиос нұры астында
Ұшқан құсты көп көрдік – бəрі соның –
Ал патша Одиссей – қайтып келер құп емес,
185. Айдалада өлген ол. Сен де өлуің керек ед.
Сонда келіп біздерге сөз айтпас ең керемет.
Əлденені шатасың, Телемахты қоздырып.
Онсыз да өзі құтырған, əлденені дəметіп
Тұрсың ба əлде антұрған – ас қылуға дəм етіп?
190. Алайда сен тыңдап ал, келеді дəл айтқаным, –
Ескі-құсқы ойыңмен айналдырып баққаның,
Бұл баланың басына жабыспасын сор болып,
Кек алам деп жүргенде, өзі кетіп қор болып,
Жүрмесін тек жалғыз ол түк бітірмес зор болып.
195. Ақылсыз шал, өзіңе бəле тілеп аласың.
Сандалтамыз сені біз, тозағыңа жанасың,
Телемахқа жақсы ақыл: шешесіне айтсын ол,
Үйіне барсын – əзірлеп қалыңдықтың жасауын
Қарт Икарий қойсын тез тілер болса бас сауын.
200. Дегеніміз болғанша – бəрібір маза бермейміз,
Үркеді деп ойлама Телемах айтқан сөзге біз.
 Пайғамбарлығың өзіңе бас ауыртқан қарт мылжың;
Ол үйдің бар дəулетін асқа, тойға шашамыз
Құда түсіп тынғанша көңіліміз қашан біз.
205. Бірімізді таңдап ол уəдесін бергенше,
Тұрады өзге қалыңдык таңдау кезек келгенше»
Одиссейдің ақылды баласы айтты жайымен:
«Уа, Евримах, жəне өзге белгілі бекзат күйеулер,
Айтып болдым сөзімді, барлық жайды біледі ел.
210. Сендер маған кемемен жиырма ескекші сайлаңдар,
Теңізбен тез жүзетін əбден əккі мамандар.
Спарт пенен Палсқа барып қайтқым келіп тұр.
Қандай хабар бар екен менің сүйікті əкемнен.
Не қауесет естимін алыстағы жат елден?
215. Не дер екен абыздар Зевс сөзін əмəнда
Жеткізетін қайталап жердегі бар адамға?
Тірлігі мен аман-сау ораларын естісем,
Бір жыл күтем мен оны, қиындыққа төзем де;
Кеткен болса таралып өлді деген сөз елде
220. Ата-баба мекенге дереу қайтып оралам,
Табыт-Төбе үйем де, ас беремін мен оған.
Пенелопаны күйеуге ти деп сонда көндірем», –
Деді дағы үнсіз ол орнына кеп отырды.
Сол уақытта ер Ментор жұрт алдына кеп тұрды.
225. Мінсіз патша ежелгі Одиссейдің серігі ол.
Лаэрт қартты тапсырған кетерінде сеніп ол
Бар ақылын жиып ап, əлеуметке сөйледі:
«Сөз тыңдауға шақырам, Итакидің ерлері;
Асылы таяқ ұстаған бұдан былайғы жердегі
230. Ешбір патша момақан болмасы белгілі,
Жүрегінен шындықты қуып шығып ендігі
бар білгенін істесін, заңсыздыққа бассын ол,
 Одиссейдей бола алмас, халық сүйген қайрымды,
Ұмытсаңдар амал жоқ, ұмытқандай Ай, Күнді.
235. Күйеулерді бұзақы айыптайтын жайым не,
Билеп-төстеп тыюсыз жалмап жатқан бəрін де.
Бастарымен ойнаған, жаман пиғыл ойлаған
Одиссейді өлді деп. Ал сендерді халайық,
Итакидің ел-жұрты ұялтуым лайық.
240. Отырсыңдар түк демей, бостан босқа жиналып
мынау бұзық аз топқа амал таппай қиналып».
Эвенордың баласы айқай салды Пеокрит:
«Алакулік ақылсыз Ментор қалай сөйлейсің?
Жуасытпақ ойың бар көпшілікке көн дейсің.
245. Бірақ оларда біздерге қой дейтұғын шама жоқ.
Той үстінде дау-шарға басатын салт жəне жоқ;
Итакиді билеуші – Одиссейің кенеттен
Бізді қуса келе сап, тойлап жатқан үйінде,
Əйеліне де оншама абырой болмас тегінде:
250. Өз асылын табар ол, мұнша көппен айқасса;
Текке ақымақ сөз айтып ақылыңнан алжаспа.
Ал көпшілік, тарқаңдар шаруаларыңды істеңдер.
Алиферс Ментормен Одиссейге адал-ақ,
Телемахты сапарға дайындасын солар-ақ.
255. Бірақ, менің ойымша, хабар күтіп құр жатыр,
мүмкін іске аспауы ол ойлаған бұл сапар», –
Деді де ол өзінше билеп елді тарқатты.
Бірте-бірте алыстап, жұрт үйіне тарқаған;
Одиссейдің үйіне күйеулер келді қайтадан.
260. Жағасына теңіздің жалғыз келді Телемах
Қолын шайды тұз сумен, Афинаға сөз арнап:
«Үйіме келдің кеше сен, тұманды теңіз өріне
 сапарға шық деген ең, өлі-тірі хабарын
жақсы əкенің біл деп ең, сенсің ақыл табарым.
265. Құдай қызы, жəрдем ет. Жол бөгемек ахейлер,
Əсіресе, күйеулер күш көрсетіп кеу-кеулер»
Осыны айтып болғанша, ашып көзді жұмғанша
Жетіп келді Афина, қос қанатты періште
Көрген қалпы кешегі Ментор кескін келісте.
270. Əрі ақылды, Телемах, əрі батыл баласың,
Сөзің мен де ісіңмен толысасың, толасың.
Бейне өзіңнің əкеңдей ойлағанын істеген
Мақсатыңа жетесің, оң болады сапарың,
Бірақ менің бар еді саған ашық айтарым.
275. Одиссей мен егер сен Пенелопадан тумасаң,
Онда үміт жоқ. Бұл ісің жол болады құр сарсаң,
Сирек тартар əкеге ұл. Көбі кем боп туады,
Аз-ақ болар артығы. Дегенменен туады Телемах,
Ақыл менен батылдық саған түбі келер-ақ.
280. Одиссейдің күшінен құралақан емессің,
Бастаған істің аяқтар көрем сенен дəмесін.
Мейлі саған күйеулер ойлай берсін арамдық,
Өз обалы өзіне, көздеріне қан толған
Көре алмайды шындықты кілең дүлей антұрған.
285. Сыбағасы алдында тартатұғын сазайын;
Сапарыңды қамда да тез арада бол дайын;
Дос болған соң əкеңмен əзірлеймін кемеңді
Ерем сенің соңыңнан; күйеулерге барғайсың,
Жол азығын əзірлеп, сусындарын қамдасын;
290. Шарап аузын тығындап, тері қапқа ұн салсын,
Теңізшінің тамағы азбайтындай құнтталсын.
Ескекшілер тобын мен өзім таңдап жинаймын;
 Итакиде сушыл ел. Ескі, жаңа кеме көп,
Таңдап алам ішінен, оған уайым жеме көп.
295. Дереу соны əзірлеп, түсіреміз теңізге».
Зевс қызы Афина осыны айтып лезде
Жағалаудан Телемах кете барды кідірмей.
Жүрегіне шер толып, үйіне келсе оралып,
Ешкілерді күйеулер жатыр сойып, қолға алып.
300. Енді бірі шошқаны отқа қақтап пісірген,
Келді жақын Антипой кекесінді пішінмен.
Атын атап, қолын ап, оған сонда сөйледі:
«Ашуланшақ жас жігіт, ащы тілді Телемах,
бетімізге біздердің сөзбен, іспен келмей бақ.
305. Бұрынғыдай одан да, ойна да күл, сайранда,
талабыңды ахейлер екі еткізбей орындар,
ескекші де, кеме де – бəрін таңдап аласың.
Тез жетесің Пилосқа, білесің əкең хабарын».
Одиссейдің ақылды баласы сонда назарын
310. Төмен салып сөйледі: «Жоқ, Антипой, сендердей,
Жосықсыздармен отырып, алмаспын мен серуендеп,
Мен жасыма жеткенше тонағандарың жетеді
Мүлкімді шашып ең жақсы; Енді міне ержеттім.
Ақылын алып үлкеннің, тартты бойым сергек тым.
315. Жаза иесі – Таркты мойындарыңа мінгізем,
Барайын мейлі Пилосқа, мейлі осында қалайын.
Бір амалын табармын. Жүруім, бірақ тағайын
Үлессем де біреумен; Өйткені сендер арнайы
320. Қырсықтырып қойдыңдар ескекшіні, кемені», –
деді дағы қол тартты, бойын ыза кернеді.
Ол заматта күйеулер, ас-тамаққа тойып ап,
Əрлі-берлі сөйледі, жүрегін оның жаралап,
Жаудырып оның басына сөгіс, ғайбат, балағат.
 325. Шынымен бізді құртпаққа сайланыпты Телемах;
Пилосқа барып, бəлкім, ол көмекші алып келер-ақ.
Спарттан əкелер, ойы оның қауіпті;
Шалғайдағы Эфирдің бай жеріне барар ол
Адамдарды қыратын уды да тауып алар ол;
330. Сөйтіп біздің біржола көзімізді жояр ол», –
Десе бірі, екінші біреулері жəне зор
Кекесінге басады: «Кім біледі, əкесі
Одиссейдей өлер ол теңізде жұрты қаңғырып,
Тағы бізді азаптап, басымызды даң қылып.
335. Олай болған күнде біз барлық мүлкін бөлеміз,
Үйін таңдаған күйеуімен Пенелопаға береміз», –
Десті шулап күйеулер; Тұрды дағы Телемах
Əкесінің барды ол қазына сарай үйіне,
Бəрі де онда бар еді алтын, жезді дүние.
340. Иіс майлы киімдер, қос-қос шапан тіктірген.
Талай жолғы шараптар, орын алған түкпірден,
Сазды салқын құмыралар, Одиссейдің əдейі
Келеріне сақтаған, алыс жолдан азапты,
Қос есікпен жабылған – беріктігі ғажап-ты.
345. Сол сарайдың қос кілті. Кілтішісі де талапты
тəжірибелі жан еді, күндіз-түні қарайды
жіті көзбен сығалап, барлығы да тəртіпті,
Певсенорий Опстың Евриклея қызын сол
Шақырып алды Телемах: «Құтыларға етіп мол
350. Шарап толтыр аңқыған, ешкім əлі татпаған
«Келеді» деп Одиссей баяғыдан сақтаған.
Он екі амфор ыдысты толтыр дағы тас бекіт,
Сосын тері қапшықты дайында көп жақсы етіп.
355. Ұнмен толтыр оларды, əрқайсында жиырма өлшем,
Мұның бəрін өзің біл, ешкімге сыр берме сен.
 Бір тасаға үйіп қой; Кешке келіп əкетем
Пенелопа жататын бөлмесіне кеткенде;
Спарт пенен Пилосқа, алыс жатқан шет жерге
360. Сапар шегу ойым бар білуге əке хабарын».
Евриклея күтуші жаспен жанарын
Қоя берді еңіреп: «Неге ғана, қарағым,
Мұндай ойды қылдың? Жалғыз біздің жұбаныш,
Кім ед сені айдаған жат жеріне тым алыс.
365. Сол алыстан үйіне оралмаған əкең де.
Қаза тапты ақыры жау жерінде, жат елде.
Сен алыста жүргенде, мұндағылар үлестіріп
Байлығыңды əкетер, жақсы еді ғой қалғаның;
Текке азапқа түскенше, дауыл, теңіз жан-жағың».
370. Одиссейдің ақылды баласы сонда тіл қатты:
«Күтушім, досым, қамықпа, құдайлар солай ұнатты
Қимылдаман оларсыз. Бірақ маған бер антты
Мұны шешем білмесін он екі күн өткенше
375. Əлдебіреу біліп қап, құпиямды ашқанша,
Тозады ғой ажары, жылап төгіп жас қанша».
Евриклея ант етті бар құдайдың атымен;
Антын айтып болған соң, ыдыстардың ішіне
Шарап құйды толтырып, тиянақты ісіне;
380. Тері қапшық талысқа ұн толтырды нығырлап,
Күйеулерге содан соң қайта оралды Телемах.
Афинаның көңіліне бір ақылды ой келді:
Телемахтың кейпіне түсті дағы, қаланы
Кетті аралап, шақырды қаланың бар адамын
385. «Кешке жақын кемеге келіңдер» деп қалмастан.
Өзі сосын Неомонға барып ақыл жалғасқан
Фронийдің ұлы еді ол содан кеме сұрады;
 Келісті оған Неомон. Осы кезде күн батты,
Айнала, жол бəрін де қара мақпал түн жапты.
390. Жеңіл кеме түсіріп тұзды судың бетіне,
Керек-жарақ тиеді жол бойына жетуге,
Қойды сосын апарып, теңіздегі қолтыққа.
Жиналысты адамдар, əрқайсының бойына
Жігер құйды ол, содан соң тағы бір іс ойына
395. Келе қалды, барды да Одиссейдің үйіне
Күйеулерді ұйықтатпақ шарап ішкен күйінде
Тұмандатты миларын, олар сосын тарқасты
Ұйқы жеңіп қажытып. Бара сала ұйықтасты.
Зевс қызы осы кез Телемахқа сыр ашты.
400. Шақырып алып ас үйден, кескінімен Ментордың:
«Уақыт болды, Телемах, білдім жайын мен жолдың
Жолсеріктер əзір тұр ескектері қолында,
Сені ғана күтуде, ал жүрейік, сапарды
Кешіктіру жарамас, – деді дағы аттанды
405. Алға түсіп Афина, соңына ерді Телемах
Күтіп тұрған кемеге келді олар жағалап.
Жол серіктер кездесті бұйра шашты кілең бір.
Аруақты ер Телемах сөз сөйледі оларға:
«Ал қымбатты бауырлар, ұзын-ұзақ жол алда,
410. Азық-түлік жинаған біздің үйде тұр əзір,
Шешем бұдан хабарсыз, соны барып біз қазір
Тез алайық, білдірмей, естіген жоқ күндер де.
Бір-ақ əйел білетін» – деді дағы бастады
Серіктерді үйіне, дүние-мүлік, ас-дəмді,
415. Керегінше тез алып, кемеге əкеп тиеді
Одиссейдің сүйікті «тəуекел» – деп ұлы енді
Өзі мінді кемеге Афинаның соңынан;
 Орналасты қыз-құдай тұмсығына кеменің,
Қасында оның Телемах, ескекшілер еруіл
420. Енді арқанды босатты, орындарға жайғасып.
Зевс қызы жайтаң көз аспанменен жалғасып
Жел тұрғызды оңынан, зефир-самал есті де
Толқындарды тулатты, бұйрық берді Телемах:
Қарағай мачта-тіреуді қондыруға сыналап,
425. Ұясына енді оны орнықтырып болғасын,
Жан-жағынан арқанмен керіп тартып байласын;
Өрме қайыс белбеумен ақ желкенді шандыды;
Толтырды оны жел кеулеп, сонда желкен шаншылды;
Суыл қағып толқындар, қабырғаға шапшыды.
430. Енді кеме жүйткіді көк толқынның үстімен.
Кемешілер желденіп жүйрік кеме күшімен,
Тостағандар толды бір балдай тəтті шарапқа,
Құдайларға мəңгілік, өлу білмес ешқашан
Құрбан айтып сыйынды рахмет, алғыс айтып сап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу