Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  147


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ПЕРІШТЕМЕН ТІЛДЕСУ

Мен дағы сендей
түнекте көргем күн кешіп,
құшағына алып тербеген талай түн бесік,
кіршіксіз сенің канаттарыңды шеш демес,
мен аяқ шешіп кіретін құтты бұл мешіт.
Шайтаннан қашсаң —
жарыққа тығыл, жарқыным,
шуаққа шомыл,
сәуленің сімір сарқынын,
сарайың менен сезімің нұрға шүпілдеп,
серік бол отқа,
жолдас тұт күннің жарқылын.
Тұрмаса көз бен санаңнан сәуле шашырап,
қайырымсыз түннің қай шоққа жаны ашымақ? —
жаһаннам түнек
жұтар да қояр нұрыңды,
жан бағам деме
жыланды балмен асырап.
Жарғанат та емес,
жапалақ та емес, пері де,
періште болсаң —
жарық пен нұрдан жеріме.
Сенем мен, сенем,
қайтадан қызыр қонады
қадірі қашқан
қасиетті қазақ жеріне!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу