Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  941


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ДОСТЫ САТУ

Достықтан достық туар деп,
қайырсыз істен қалыс қап,
жақсылық — жаттар дұғаң боп,
жамандық сезсең — алыстап;
рақымның атын суарып,
күншілдік сезсең осқырып,
кім келсе — соған қуанып,
дүниенің бәрін дос қылып;
әркімге жайып жаныңды,
шатыр боп, кейде қалқан боп,
ұмытып ұя, қамыңды,
өзге үшін санаң талқан боп;
сандалып тапқан сол досың
сатып бір кетсе сыртыңнан...
сұрарлық қандай хал болсын, —
сенімің көктей қырқылған?..
аз ба еді көрген құқайың,
тірліктің түбі неткен бос?
түгендеп алар ұпайын,
сыртыңнан сатып кеткен дос.
«Дос сату» деген — осындай
сауданың шықса жаңасы,
байитын болдық, досым-ай, —
удай ғой достық бағасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Ақниет
Ақниет 11.10.2024 20:51
Кеттің ғой әне артынан, Жалғыздыққа тастап қана. Сол жәйға нәрсеге, Жүректе кеттің жаралап. Бүгін бар болсам да, Ертең жоқ болуымда мүмкін ғой достым ай. СОНДА НЕ?! ..... Уақыттың босқа кеткені ме, Алдандың ғой сол жәй ғана нәрсеге. Достам ай, достам ай!

Пікір жазу