Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
13.06.2022
262
ТАҒДЫР
Қандай қыстың боларын
алаш қайдан біледі?
қандай құстың қонарын
ағаш қайдан біледі?
Көзді ашып-жұмғанша,
өте шығар жыл қанша,
басыларсың бұрқылдап,
мосыдағы құмғанша.
Тіріге жоқ тыныштық,
өмір бірақ тым ыстық,
кеудең шерге толмайды
жаратқан соң қуыс қып.
Түс көресің, демалып,
тістенесің оянып,
бұлдырайды дүние,
көз жасыңа боялып.
Шимайланып қағазы,
тірлік саған наразы,
сенің кінәң емес қой
қисық болса таразы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter