Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  217


Автор: Бекен Әбдіразақов

Түбінде мен боламын нағыз мықты...

Түбінде мен боламын нағыз мықты,
Мендейді тарих талай аңыз қыпты.
Жүрегім – жүрек, әттең, жүрісімнен
Қарасам, адам түгіл, аң ызғыпты.
Мен емес көп тентегің бөркі – қазан,
Жүрмейді жігіттіктің сертіне заң!
Азбаймын ақымақтық безгегімен,
Мен азсам, заманымның дертіне азам!
Ойласам – жауым да жоқ, бауыр да жоқ,
Қамқоршы қаумаласқан қауым да жоқ,
Жапанда жалғыз қалған бақсыдаймын,
Кірер көр, тығылатын тауым да жоқ.
Заманың теңіз екен алмағайып,
Жарқыным, елге сеніп салма қайық!
Бұлдырап көз ұшында көрінгенге
Жетем деп жанымызды жалдамайық,
Жалпы, біз, өзімізді алдамайық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу