Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  138


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Мәңгі майдан

Маздамаса от-сезім көз алдымда,
Шөлдетемін жырымды гөзал мұңға.
Тақым салып шабытқа жүйткігенмен,
Зымырандай уақыттан озармын ба?..
Көк Тәңірі жат емес мүлде маған,
Көк Аспаным тұрса екен гүлдеп аман.
Көк Бөріні байраққа бейнелепті
Көк Түріктің ұлығы – Білге қаған.
Қалқам болып қалады мақтайтыным –
Азаттығын елімнің сақтайтұғын.
Ақ семсердей азуын Айға білеп,
Күлтегін де өтті ғой таппайтыным.
Адамдар көп бүгінде жоқ сұраған,
Замананың тозғанын топшылағам.
Еркек көрсем шишаға шырматылған,
Қабырғамнан қақырап, өксіп алам.
Қараңғыға қамалып аласұрам,
Кім бар мендей байғұсқа жаны ащыған?..
Тар кезеңде кешегі Тоныкөктер
Күш сұраған баяғы бабасынан.
«Қайда кетіп барасың, қазағым?»- деп,
Бұл ғасырда өлеңді жазамын бек.
Ту сыртымнан бәз біреу тілдей берсін,
Жүрсем болар атқарып таза міндет!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу