Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  139


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Торғай туралы трагедия

Түнеріп тұр айнала, қас қарайып,
Түнек үшін тарта ма аспан айып?
Таң атады күні ертең шұғылалы,
Тобамызды ауыздан тастамайық...
Тұңғиық қой Дүние – Баба Түкті,
Толғауына жетпейді сана тіпті...
Тәңіріміз болсын деп Жанға тұрақ,
Тобықтайын Торғайды жаратыпты.
Торғай сөйтіп тірлікке араласты,
Тоқтықты аңсап, аштықпен жағаласты.
Тұла бойын тойымсыз Нәпсі билеп,
Тәубешілік сезімді қара басты.
Тап боп бірде бидайдың ордасына –
(Түспейді ғой әккілер қолға, сірә!)
Тұмсығымен дәндерді теріп жүріп,
Толтырады нығыздап дорбасына.
Тасыр ойы сорына мың байланып,
Тыпырлады ұша алмай жындай налып.
Талақ қылып кеудесін ұшты Жаны,
Таусылған соң бар демі мұңға айналып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу