Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  100


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Беймаза

Келімсекке кең болғанда бұл шаһар,
Түсінбеймін, неге маған мұнша тар?..
Көрдей соқыр көлеңкесі боп қайғының,
Түкпірлерге шегіп барад түн сапар.
Жанайқайым үнсіздіктен тұрады,
Туылған жоқ жауабымның сұрағы.
Екі езуімде емеурін бар емескі,
Өлең де сол – Жаратқанның сынағы.
Маңдайымның сере сорын құшақтап,
Сынық қанат періште жүр – түсі аппақ.
Ұша алмайды мен сияқты ол байғұс,
Дәріл-дүние, шәргіл-шайтан тұсап қап.
Теңіз анау тулап-тулап шаршаған,
Салады ылғи толқындары сарсаң ән.
Ертең түк те өзгермейді, көр де тұр,
Тек әншейін күзді ғана қарсы алам.
Күз кеткен соң келеді ғой қыс төніп,
Талай дүрің қу табытты құшты өліп.
...Жорытпаймын тәтті ұйқыдан оянсам,
Қайырымды қала жайлы түс көріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу