Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  195


Автор: Несіпбек Айтұлы

Бір барып...

Сарғайып шөліркеген боз даладай,
Сыйғызам сағынышты сөзге қалай?
Жарқылдап төгіп өткен көк нөсердей
Көштің-ау, қайран дәурен, көзден оңай.
Төсінде ойнақтаған торғын белдің
Қадірін білмеппін ғой сол күндердің.
Кетіппін тым алыстап желген сайын
Елпілдеп жетегінде тағдыр-желдің.
Бүлкілдеп қайнап жатқан тұнық тұма,
Шіркін-ай, шыныменен ұмытты ма?
Тамшысы емес пе екен мөлдіреген,
Көзіме келе қалған тұнып мына?..
Кеткенде құлағыма жел сыбырлап,
Қайнайды өн бойымда қан шымырлап.
Неге осы туған жерді аңсай берем,
Кеудемде бозторғайдай жан шырылдап.
Түйінін шешемін деп бұл жұмбақтың,
Қаншама күліп шыққан күнді ұрлаттым.
Жылаған жүрегімді жұбата алмай,
Қосылып домбыраға күмбір қақтым.
Жауабын іздеуменен айналамнан,
Құсқа да құлақ түрдім сайрап алған.
Сылдырап сылаң қағып сайдағы су,
Ойланып жатып алды ойдағы орман.
Тілдестім тауменен де, таспенен де,
Қалмады амал-айла басқа менде.
Бұлттардан сұрап едім жылжып көшкен,
Түнеріп тұрып алды тас төбемде.
Уайымның соққан желі үскірік-ау,
Самайға сағыныштан түсті қырау.
Астында көк аспанның аласұрдым,
Тарылып қара жердің үсті мынау.
Шешімін таба қалсам әлдеқандай,
Боламын өзімді өзім алдағандай.
Түйіні бұл жұмбақтың тарқатылмас,
Бір барып топырағына аунап алмай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу