Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  117


Автор: Аманхан Əлімұлы

Бір қарайған тұрғанда қарап белес...

Бір қарайған тұрғанда қарап белес,
Қараңғылық қарбалас таратты елес.
Блок сөзі қисынсыз, ей, маскүнем,
Тыңда мені: Ақиқат арақта емес.
Қырға шығып тұрасың мас кейіпте,
Кəрі əлде, білмеймін, жас дейік пе?
Ақиқатты іздеме зəҺардан сен,
Түбі апарып түсірер тас бейітке.
Жүрген кезде тумастан жыр киелі,
Бастан кешкен көңілсіз бір күй еді.
Шыныланып Ай беті, ішіп алған,
Сенің көзің сияқты кіртиеді.
Желден сыңсып тұратын қияқ мүсін,
Көзге ұрып тұрғанмен ұятты ісің, –
Сирағыңнан келмейді Сырдың суы,
Билеушісі əлемнің сияқтысың.
Шалғын шашын желменен тарап белес,
Тұрған кезде көңілге қарап па елес?..
Ей, маскүнем, десек те Блок айтты,
Тыңда мені: Ақиқат арақта емес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу