Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  155


Автор: Аманхан Əлімұлы

Шетсіз-шексіз о, Өмір, тізбегің бе, ей...

Шетсіз-шексіз о, Өмір, тізбегің бе, ей,
Соқпай, сірə, өтпейді бізге мұң кей.
Жапырақты тербеген су бетінде,
Өтіп жатыр күндерім күз лебіндей.
Мүмкін емес түбіне жетуің де,
Із-түзсіз тіршілік өтуің не?
Мен бір жанды бақытты ете алмадым,
Енді қиын бақытты етуім де.
Саған мен де амал жоқ ұрынбасқа,
Кеттің-ау деп ертелеу қырын, қасқа,
Бұл күндері шертетін сырым басқа,
Өзің едің жырлайтын жырым жаста.
Ашпастан-ақ өтермін сырымды ұдай,
Бірімізге қарады қырын Құдай.
Бақ шулайды төгіліп жапырағы,
Дəл осыдан отыз жыл бұрынғыдай.
Көңілсіздеу қайтқан бір билі кештен,
Өтті мезгіл не қыздар сүйді дескен.
Қайда қоям жанымды жабырқаулы,
Жұрты қалды жайлаудай күйді кешкен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу