Өлеңдер ✍️

  11.05.2022
  291


Автор: Сабырхан Асанов

Бостандық желі

Бостандық желі,
Быт-шыт та ғылып талқандап,
бұғауды бұзды қойған бip бізді арқандап.
Өңменнен өте қарауын қойды көздер де,
ойнауын қойды шоқпар мен таяқ арқамда.
Бостандық желі,қара бұлттарды ұшырып,
жоқ қылды сәтін тұратын жасын түсіріп.
Tipeciп қалса,
төбелер, асқар тауларда,
тең екенімді тұратын болды түсініп.
Бостандық желі,
теңіздерімді сапырып,
көк жайлау етті шөлімді ыстық, қапырық.
Сайын даламда сәйгүліктерім шұрқырап,
қыраным шықты көгіме еркін атылып.
Бостандық желі
екпініменен бip қатты,
күйшілерімді,
әншілерімді шырқатты.
Біраздан бepi бұйығып қалған гүлзарлар,
қыз болып күліп,
жүректен шырын сыр тартты. 
Бостандық желі,
бостандық жeлi, о, тоба,
жалауын тікті жүгіріп қырға, жотаға,
Ай-күннің нұры ақ сүттей көктен құйылып,
ақ түйе тұрды алаңсыз ғана боталап.
Бостандық желі,
ол қанша қымбат, атақ, ат,
от болып лаулап,
кеудеде жанған махаббат.
Ұмыту үшін мың жылғы көрген қорлықты,
Жылағың жерге келеді екен жата қап.
Бостандық желі,
емес ол құр сөз, құр атақ,
бар қазақ соны бас шұлғып бүгін тұр атап.
Не істесең де,
не қылсаң да
– өз еркіңде,
бұл неткен ғажап,
бұл неткен ғажап
– рахат!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу