Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  113


Автор: Гүлбақыт Қасен

Өзің жаққа

Өзің жаққа...
Өзің жаққа үнемі қарап өтем,
Тілекшімін, ойым жоқ ала бөтен.
Қиын кезде қолұшын берген адам,
Жанашыр боп жүректе қалады екен.
Ізгі жаның...
Ізгі жаным өзіңмен толығады,
Жақсылығың бағың боп жолығады.
Шын ғашықсың өмірге ақ жүрекпен,
Ақ көңілім көзіңнен соны ұғады.
Өзің жаққа...
Өзің жаққа қарадым мен неліктен,
Көрінбеді елесің мені күткен.
Керемет бір сезімді серік еткем...
Арыла алмай жүрмін-ау пенделіктен?
***************
Сағынып тұрам арайлы таңда,
Сағынып барып көз ілем.
Аңсарым ауса аяулы жанға
жасырам неге өзімнен?
Мұңайып тұрам бозарған таңда,
Мұңайып барып көз ілем.
Жүректің сырын қозғаған жанға
жауап жоқ неге өзімнен?
Сібірлеп атқан таңда, іңірде
Іңкәрлік сезім кетпейді.
Жұбатқандардың мені бірі де
Сағынған жанға жетпейді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу