Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  157


Автор: Гүлбақыт Қасен

Сағыныш жырлары

Сағынышпен басталады әр таңым,
Сағыныштың мұң-зарын да тартамын.
Сағыныштан тұрар мүмкін жүрегім,
Сағынышсыз қалай өмір сүремін.
Сағынышпен өтіп жатыр күндерім,
Сағынышсыз өмір барын білмедім.
Сағыныш ол – жанға қымбат адамдар,
Сағыныш ол – жарқын күнге қадамдар.
*******
Сағынышпен қауышатын, жан анам,
Ардақтымсыз, ақ сүтіңнен нәр алғам.
Сізге деген құштарлығым басылмас,
Асыл жансыз сағынуға жаралған.
Сағынады перзент жүрек лүпілдеп,
Өсірдіңіз алты ұл, бес қыз үкілеп.
Ақжаулығың ақ жол салған өмірге,
Саулығыңды ұрпағыңыз жүр тілеп.
*******
Сағындым, әке, өзіңді іздеп жыладым,
Байқалушы еді бар болмысыңнан жылы ағын.
Орындай алсаң, әкемді менің қайтар деп,
Жаратқанымнан өтініп тұрып сұрадым.
Сағыныш-мұңмен сені алып кеткен көктемім,
«Айналайын» деп тұрғандай қазір өктем үн.
Әкешім, сені сағынып жүрміз бәріміз,
Оралса шіркін, өзіңмен бірге өткен күн.
*******
Күндіз ойда, түнде түсте өбіскен,
Сағыну ғой дерттің аты мен ішкен.
Қашан-қашан жолығысар екенбіз,
Жүрегіме мекендеген періштем?
Күндіз-түні ойымнан бір кетпейсің,
Сағынғанда ұшып маған жет дейсің.
Арманыма қанат байлап жүрмін мен,
Жаным менің, сәл-сәл сабыр еткейсің.
*******
Жаным жақын,
сезімім де лезде саған жетеді,
Сағыныштан жабығамыз, кімнің несі кетеді.
Қиялым да көкке самғап, саған қарай ұмтылар,
Мендегі арман –
мәңгі арман, аяқталмас ертегі.
Расында да ертегі...
Мына сезім екеумізді өртеді.
Сағынышым басылмайды өзіңе,
Саған ғана жүрек сырын шертеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу