Әңгімелер ✍️
БАРАР ЖЕР, БАсАР тАУЫ ҚАлМАғАнДА
...Бұл жақта күн августың екінші жартысында-ақ суытады. Түсі суық сұрғылт бұлт жиі көріне бастады. Жолдың шаңы басылмай астық тасудың қауырт жүріп жатқан кезі. Милиция бөліміндегілердің көбі де сол науқанның қарбаласында.
Телефон дамылсыз шырылдайды. Мейірмановтың манадан бері трубканы тыңдаудан қолы тимей отыр. Есік алдында мөлиіп қарап тұрған жадау балаға назар аударуға да мұршасы жоқ. Бала да өздігінен бірдеңе деуге батпай тұр. Бірді-екілі милиционер «кімсің ей», дегендей одырая қарап өтіп кетті.
- Балақай, кімге келдің?
- Мен тура өзіңізге келдім. Панасыз жетіммін.
Барар жер, басар тауым жоқ.
- Милиция саған пана тауып береді деп кім айтты?
Жетімдер толып жатыр.
Ең соңғы үміт кесілді. Рахымжан еңіреп жылап қоя берді.
- Айдасаңыз да кетпеймін.
Тұрған жерінде солқылдап отыра кетті.
- Жолдас сержант, мынау баланы шығарып жібер- ші. Өтірік жылап, көз жасымен алмақ қудың бірі шығар.
Тапалтақ келген қысық көз біреу білегінен алды да дырылдатып сүйрей жөнелді.
- Өшір үніңді. Жоғал бұл маңнан.
Бұрышта тығылып тұрған Кәртайдың көзі бадыра- йып кетті. Қайырым күтіп келгендегі алған сыйының түрін қара. Бұл күйге мен де тап болармын деген кісіше өзі де бұғына түсті. Рахымжанның желкесінен бір нұқыды да, керзі етігін күрп-күрп еткізіп әлгі кете берді. Кәртай жүгіріп қасына келді, Рахымжан өксігін баса алмай әлі жылап тұр.
- Жүр, Күлшендікіне барайық. Жәрдемдесер.
- Жоқ, бармаймын. Осы милицияның босағасында өлем. Азар болса әкемнің барған жеріне жіберер. Артық па жаным?
- Мә, сүт ішесің бе? Жылаймын деп шаршадың ғой.
Рахымжан қағаз тығынды лақтырып жіберді де, бір бөтелке сүтті қылқ-қылқ еткізіп, жұта салды. Ас ашуы айраннан, ет ашуы — сорпадан. Өксігі әлі тарқамаған, шиық-шиық етеді. Не істерін білмей екеуі дел-сал. Бірін-бірі жетектеп, осы милицияның жанындағы селеу ағаштың арасында мәңгіріп жүрді де қойды. Кешке қарай күн желдетейін деді.
- Ал, Кәртай, сен үйге қайта бер. Мен осында қонам. Сүйремек тұрғай, атам десе де шықпаймын...
Милицияда екі күн қонды. Үшінші күні таңертең Мейірманов мұны қасына шақырып алды.
- Қазір соңғы рет бір жерге телефон соғамын. Ба- қытың болса, орналастың. Сор маңдай болсаң... Өзің- нен көр.
Алғашқы күндей қатыгез емес, қайырымды, сөзі жұмсақ. Сабасына түскен секілді. Өзін бастан-аяқ шо- лып шықты.
- Сендерде не жазық бар!
Оқыс күрсініп жіберді де, алақ-жұлақ төңірегіне қарады. Ешкім жоқ еді. Бір қолы телефонда, көзі Ра- хымжанда. Ойлы жүзбен ұзақ отырды. Әлден уақыттан кейін барып телефон құлағын бұрай бастады.
- Жолдас Корякина. Бұл Мейірманов қой. Бізде бір тұлдыр жетім отыр... Ия, ересек... Өзінің оты бар бала секілді... Тегі дейсіз бе?.. Өзіңіз білетін... Сіз түсінесіз ғой... Шамамыз келген жақсылықты аямайық та! Бұларда не жазық бар... Рахымжан... Айтайын, түсіндірем, түсіндірем...
Мейірмановтың жүзіне қуаныш толқыны үйіріле қалды. Трубканы салмағымен іле салды да, ұмытып қалмайын дегендей алдындағы бір жапырақ қағазға асығыс жазып жатты. Көк бояу қарындаш баттиып тұрып түсті. Рахымжан көзінің қиығымен оқып тұр.
...Тайтөбе детдомы. Сәдуов.
Ішінен әкесі қайтып келгендей қуанды. Арманы сол ғой. Бала қуанышын Мейірманов та айтпай-ақ оқып тұр, шып-шып терлегенін мұрнының ұшынан көріп тұр. Жаны сая тапқандағы рахат тері секілді. «Ашар- шылықта жеген құйқаның дәмі кетпес». Бала да болса, алдындағы адамның қайырым жасауға жұмсаған қай- ратын байқағандай. Мейірмановтың бетіне күлімдеп қарай береді.
- Өз дегеніңнен қайтпайтын өлермен бала екен- сің, — деп күлді ол.— Бағың ашылды. Қазір осында детдомның директоры ат-арбасымен өзі келеді. Сені алып кетеді. Мә, тамақ ішіп ал.
Бұл Рахымжанның күтпеген қайырымы. Мейірма-
нов қалтасынан бір сом алып ұсынды. Бала қысылып қалды.
- Мә, мә, ұялма!— деп қолына ұстатты.
Бұған дейін Рахымжанның ұғымында милиция атау- лыда оңған адам жоқ-ты. Бәрі дөрекі, мейірімсіз, қол бұрауды, мылтық кезеуді ғана білетін бітеу жандар. Бі- реу жылап келе жатса, милициядан келе жатыр, ол ақырып, зекіріп айғайлаған, жанына тиіп қорлаған шығар деп ұғатын. Жоқ, мұнда да асынған қаруы сұсты болғанмен, іші жылы, адам жанына сәуле шаша алатындар бар екен. Бір сәт тәтті қиял «әкем осындайлардың қолына түссе құтылып келер ме еді, мендей тірі жетімін тезірек көрер ме еді» деп ойды- қырды аралап кетті. Дәл осы адам әкесін өзімен табыстыратындай көрінді.
* * *
Балалар үйі бүгін бөлекше қарбаласта. Таңертең тұрысымен төсектерді жақсылап жинаңдар деген бұй- рық алды. Тәрбиеші Айтжан күнде бүйтіп дығарлап тұрмайтын. Бүгін қадалып қастарынан шықпайды.
«Ана бұрышын жөнде», «мына жері томпайып қалды, әнеу жері дүрдиіп кетті» деп тықылдатып тұр. Бұлар жатқан кең бөлменің еденін екі бала жуып жүр. Ба- лақтарын түрініп алған. Бода-бода боп терлепті. Бірақ ықыласты істейді. Әдеттегі қыржың-тыржың ешкімде жоқ, бәрі де белсенді, бәрі де асығыс. Бір тобы мана асхананың ішін реттеуге кеткен. Ауланы да айнадай ғып біреулері тазартып үлгіріпті.
Мұның бәрі кімнің, ненің құрметіне екенін Рахым-
жан түсінген жоқ. Көппен бірге ол да қызыл танау. Тәрбиеші жедеқабыл жұмыстардың бәрін дәл қазір Рахымжанға жүктеп қойыпты. Детдомға келген кезін- де қаланың әккі бұзықтарының бірі ме деп сескенген еді. Олай болмай шықты. Айтқанды екі етпейді. Та- за тұрады, таза жүреді. Жуырда ғана берген киімді бірқатар балалар түте-түтесін шығарса, Рахымжанның үсті мұнтаздай.
- Мамамыз бізге киім әкеле жатыр. Бәрібір жаңа- сын аламыз,— деп ақталады әлгі салақ немелер. Мынау тозып бара жатыр-ау деген кәперлеріне кіретін емес.
- Кім ол мамамыз?
- Корякинаны, Любовь Ивановнаны білмеуші ме едің. Қызық екенсің.
Рахымжаннын құлағына бұл фамилия сондай жылы естілді. Есіне түсіре алмай тұр. Қайдан естіді осын- дай есімді? Ия, ия, тапты, тапты. Мейірмановтың те- лефонмен сөйлескен адамы. Өзін осы детдомға жі- берген сол кісі емес пе. Сол бір милицияда жылап тұрған күні естімеп пе еді бұл есімді?! Көзінің жасын құрғатпап па еді осы адам! Іші бір түрлі жылып кетті. Мынау ауладай кең, мынау едендей таза, мынау жаңа жиналған төсектей кіршіксіз ақпейіл адам келе жатқан секілді көрінді.
Фамилиясы таныс, бірақ көрмеген кісісі. Ең жақсы бейнені, ең көрікті, ең мейірлі адамды елестеткісі ке- леді көз алдына. «Мамамыз екен ғой» деп қалды өзі де осындай тәтті қиял үстінде.
Қасында Сағат «ағалары», кеңсе жақтан бір әйел көрінді. Тура жатақханаға қарай келе жатыр. Шыдам-
сыздана күтіп, есіктен дамылсыз жылтыңдап жүрген- дер:
- Келе жатыр,— деп жұртты дүр еткізді. Жақын- дап қалды. Бір кішкентай қара домалақ бала алдынан жүгіріп барып Корякинаны бас салды, детдомның «кен- жесін» ол басынан сипап, маңдайынан иіскеді. Қолы- нан ұстап өзімен қатар ертіп келеді. Анау «мені көрдің- дер ме» дегендей аяғын алшаң басып, кердең-кердең етеді. Бұл бала шіркіннің мінезін қойсаңшы. Өзінше жұрттан бұрын «мамасының» алдынан шыққанға қоқи- ланғандай.
Шүпір-шүпір болып тұрғандар жамырай амандас- ты. Келген кісі бірінің басынан сипап, бірінің танауы- нан шымшып еркелетіп жатыр. Барлық баланы бауы- рына қысуға құшағы жетпегенмен, мейірімі жеткендей. Сол екі ортада қыздарға «шашың неге олай тұр», ұлдарға «түймеңді кім үзді» деген зілсіз ескертулерді де айтып үлгірді.
Айтжан бір-екеуіне дұрысталып кел дегендей қаба- ғын шытып еді, байқап қалды. Үнсіз, бірақ баланы өй- тіп көп алдында жасытпас болар деген ойды қабағымен ұқтырды.
- Кәне, бөлмелеріңді көрейік. — Ішке кірді, бар- лық бөлмелерді аралап шықты. Сол күні бірқатар клас- та да, сабақта да болды.
Түстен кейін Сатыбалды өнерпаздарды кешкі кон- цертке әзірлеп жатқан болатын. Өзі домбыраны жақсы тартады. Жаңа үйренген күйді енді қоса бергенде:
- Пәле! Қызық мұнда ғой, — деп Сәдуов пен Корякина енді осында кірді. Күмбірлеп көтеріле бер-
ген күй кілт үзіліп басыла қалды. Жас музыканттар орындарынан ұшып-ұшып тұрып сәлемдесті.
- Өнерпаздарымыз осы. Мына Сатыбалдының ең- бегі, — деп директор мұғалімді көрсетті. Ал ол болса шетінен балаларды таныстырып жатыр.
Кезек ортада отырған Рахымжанға келді. Оның қо- лында мандолин. Қасындағы бір балада балалайка. Қалғандарының бәрінде домбыра. Рахымжанды толы- ғырақ таныстырды. Бұл арада сөзге директор араласты.
- Өзіңіздің тапсыруыңызбен қаладан әкелінген соңғы бала... Жақсы бала... Сабақты үздік оқиды.. Тәр- тіпті... Қоғам жұмысына белсене қатысады...
Көзін бақырайтып қойып мақтағанға ұялғаннан Рахымжанның құлағына дейін қызарып кетті. Ұзын кірпіктерін жыпылықтатып, төмен қарайды.
- Онда нағыз атасының баласы екен, молодец!
Рахымжанның денесі дір ете қалды. Атасының атына алғыс сөзін айтып тұрған тұңғыш адам.
- Кәне, ойнаңдар! Көрейік.
Сатыбалды да бар өнерін салды. Облыстан келген адамның алдында ұят болмасын деген ойын жас дос- тары ұққандай. Оң жақ шетте өзі отыр. Қарлығаштың балапандарындай тізілген шәкірттеріне ым қаққаны сол, өзінің қолы да, балалардың қолы да домбыраның шанағында безілдей жөнелді. Бірнеше аспаптың іше- нен шыққан үн күмбірлеп күй боп шалқыды. Рахым- жаның қолы әдеттегіден жүрдек. Қысқа мойын мандо- линнің жез перделерінде саусақтары майысқанда бір- біріне жұқпайды. Дәл қазір шабыты шалқып, абырой болғанда мына ардақты адамының алдында тіпті жақ-
сы ойнап отыр. Көңіл күйі мен домбыра күйі дөп келсе керек. Балаң көңіл бөлекше бір желпіністің құшағында. Барын салып тартады. Рахымжанның күй ырғақтарын қайырысына ұстазы Сатыбалды разы. Көзінің қиығы- мен қатар отырған жас достарына қарап қояды. Ал құлағы қай тұста қай ырғақтың мүлт кеткенін, қай саусақтың жаңсақ басып қалғанын жібермей қағып алады.
Рахымжан Ақмолада жүргенде музыкаға осы жұрт неге әуес деп қарайтын. Ал оның сан қилы әуенінде сиқырлы сезім күші жатқанын осында келгесін ұқты. Оның көзін ашқан Сатыбалды. Домбыра мен мандолин өзімен мұңдас секілді көрінді. Әсіресе, көп ішекті ман- долин мүмкіндігі тіпті кең. Сол себепті де ол осыған ауған. Бірақ, дәл қазіргідей шабытты ойнауына ненің түрткі болғанын өзі де білмеді.
Балалардың айтқандары тура келді. Любовь Ива- новна келген күннің ертеңіне детдомдағылар бастан- аяқ шыттай киініп шыға келді. Колхоздың балалары сабақта отырғанда детдом балаларының үстіндегі киім- ге қызыға қарайды. Бәрінікі бір түсті, мына отыры- сында бәрі бір қалыптан шыққандай. Алайда облыстық оқу бөлімі бастығының балалар үйі жөніндегі орын- басарының келіп кеткенін, бұларды жарылқаған сол екенін олардың бірі білді, бірі білмеді. Әйтеуір, детдом бір күнде түлеп шыға келді. Анасы базардан келгендей, шынында балалар қарық болып қалды.
Балалардың Корякинаны неге «мамалайтынын» Ра- хымжан енді түсінді. Осы бір сөздің өз жүрегіндегі асыл ұғымы да сол кісіге арналды. Бір жолғы сапары-
ның өзінде қанша мейірім төгіп, қаншама жылу тастап кетті. Өзінің, достарының бүгінгі хал-күйіне бір сәт көз жібереді. Мына колхоздағы әке-шешесі барлардың өзі бұлардай тұра ма?
Сабақ біткен. Жатақханадағы бөлмеде жалғыз. Ал- дындағы кітапқа тесіле қарап отыр, бірақ ойы бір жақ- та. Кешегі бір кең пейіл мейірімді адам көз алдына орала береді, орала береді. Ал ол «мамасы» болсын, сонда бұлардың «папасы» кім? Балалық ұшқыр қиял мұны да іздейді, тапқысы келеді. Жұрт секілді біздің де мамамыз, папамыз бар дегісі келеді. Ия, тапты, тапты. Ол — Сағат Сәдуов, өздерінің директоры. Өзі де сымбатты ғой, ақ сары жүзі, ашуланбайтын мінезі, қашан болса да сабырлы да салмақты сөзі әкеміз деп айтуға тұрарлықтай. Ұялмайсың.
«Менен балалы ешкім жоқ» деп осы бір жетімек- терді өзіне теліп, ет жүрегі елжірей айтқан сан әңгімесі құлағында.
Анада бір бөлмеге келді. Бәрі қаумалап ортаға ал- ды. Бәрінің де еркелегісі келеді. Балапандай шүпір- леп төңірегіне ұйлыға түседі. Сонда:
- Ертең-ақ бәрің ержетіп, бірің ғалым, бірің ұш- қыш, бірің инженер, бірің дәрігер боп отырсаң... Мен қайда барарымды білмей сасып қалсам, көлік жоқ боп тұрғанда, «Төрегелді самолетіңмен жет» деп хабар бер- сем...— деді әзілдеп.
Екі сөзінің бірінде мен ұшқыш боламын деп қой- майтын Төрегелді Сауқынбековтың төбесі көкке жет- кендей болды.
- Сағат аға, мен ешқайда бұрылмай, тура үйге тартам. Мыналардың көзі бақырайып қалсын.
- Мәссаған. Бақырайып отырады деген. Сенің са- молетің Тайтөбеге қона алмайды. — Сөзге ожарлау Ыбырайым киіп кетті.— Мен машинамен ызғытып ке- лем де, «папамды» жаңа жылға қарсы бәріңнен бұрын қағып әкетем.
Балалар дуылдасып, дауласты да кетті. Бірін-бірі кимелеп сөз бермейді. Сағат бұл көрініске рахаттана қарап отыр. Кейбіреуі тіпті қызарақтауға айналды. Көп үндей қоймайтын Жаманқұл да қызынып шыға келді.
- Тайтөбеге келем дейсің. Сағат аға осы Тайтөбеде ғұмыр бойы тұрады ғой дейсің бе? Ой, сөзім-ау. Мен Мәскеуге апарып ең биік үйді алып берем. Жоғарыдан қалаға қарап отырады.
Жұрттың бәрі ду күлді. Сағаттың да шек-сілесі қат- ты. Мынау қызық болды. Балалардың дауын тағы да тыңдағысы келді. Қанша жерге барар екен.
- Бәсе, бәсе, осы Жаманқұлымнан бірдеңе шық- паса!
Сағат басқалар қайтер екен деп дауға май құя түсті.
- Ой, аға, осы Жаманқұлдан не шығады дейсіз. Жа- манқұл жаман құл болып қалады да.
Рахымжан Жаманқұлға көптен кетіп жүрген есе- сін осы орайда қайырғандай болды. Адамға аттың дұрыс қойылмауы да қиын екен. Детдомға алғаш кел- генде Қошқарбаев деген фамилиясын естісімен, екі жұ- дырығын шекесіне қойып алып:
- Қошқар, қошқар мүйіз! Сүзеген қошқар, ә, — деп мазақ қылған осы үндемес болатын.
Дәл директордың алдында құдайдың бергенін көр- дің бе? Жаманқұл ызаға булығып, түтеп кетті. Сағаттың
көзін ала беріп, «бәрі бір қошқарсың» дегендей қос жұдырығын шекесіне қоя қойды. Рахымжан да ту сыртын ала бүйірінен нұқып қалды. Екеуі бір-біріне көзін алартты.
Кезек тимей өңештеп тұрғандар әлі көп. Араның ұя- сындай шуылдап кетті.
- Сендер бүйтіп таласатын болсаңдар, мен ешқай- сыңа да бармаймын. Көрмейсіңдер ме, Рахымжан мен Жаманқұл төбелесудің аз ақ алдында тұр.
Папалары байқап қойыпты. Әбес қылықтарына еке- уі де ұялып қалды.
- Сендерді ала көз ғып қыдырғанша, тыныш жа- тайын. Келмей-ақ қойыңдар.
Бұл сөз өршіп келе жатқан даудың өртін су сепкен- дей басты. Төрегелді ғана:
- Кәне, онда кезектесейік. Сағат аға әрқайсымыз- дың үйімізде бір-бір айдан болсын. Ал кезек қазіргі класс журналындағы алфавит ретімен,— деді.
Балалар тағы ду күлді. Әйтсе де мына сөздің жаны бар-ау дегендей бір-біріне, Сағатқа аңтарыла қарасты.
- Онда Жаманқұл ұтты. Оның фамилиясы Асқа- ров. Журналда бірінші боп тұр, — деді Рахымжан.
Жаманқұлдың жаңағы булығып, тығылып тұрға- ны лезде жоқ болды. Қабағы ашылған күндей жай- нап шыға келді. «Әйтеуір сенің алдыңа түстім бе» де- гендей Рахымжанға ыржия қарады. Ол да бұған қарап күлді.
- Бір де бір. Ничья.
- Самолеті бар Сауқынбеков қалды онда кейін.
- Қайтейін, қайтейін. «А» дан басталатын ат ал-
маған әкемнен көрмесем. «Түйе бойына сенем деп жылдан құр қалыпты» дейді ғой қазақтар. — Ойда ешбір жабырқау жоқ Төрегелді қалбалаң-қалбалаң ете- ді.— Менікі әділ ғой, ә. Айтыңдаршы өздерің.
Сағат көзінен жас аққанша күлді. Рахаттанып күл- ді. Алфавитте осынша әділеттік бар деп ойламайтын. Сасқан кезде тапқан жолдарын көрдің бе. Шіркін, кіршіксіз балалық көңіл-ай.
Тіпті күні ертең ешқайсысы шақырмаса да осы ықы- ластарына, осы таластарына разы. Иненің жасуындай таты жоқ көңілдер.
- Иә, сенің атыңды тауып қойған екен. Әділ тө- релігін айттың. Журналды жоғалтпайын. Алфавит бо- йынша аралайын.
Көңілдене орнынан тұрды. Сымбатты дене көз тар- тады. Жаңағы күлкінің құйрығы әлі үзіле қоймаған. Жүзінде түр.
Неге екені белгісіз Рахымжан Сағатты ылғи дәл осы кейіпте көргісі келеді. Оның сондағы тұрысы, күлкісі, жүрісі қатты ұнады. Кейде тіпті өзі де еліктеп солай болғысы келеді.
Сол күнгі әңгімені Сәдуов мұғалімдерге, жұрттың көбіне таратыпты. Төрегелдінің «алфавиті» мәтел боп кетті. Асханада кезекте тұрып қалса да, балалар бір- біріне әзілдеп:
- Әй, алфавитпен, алфавитпен,— дейтін болды. Бірақ, осы «алфавиттен» таяқ та жеді. Ертеңіне са-
бақта сол әңгімені еске алғанда қай қудың шығарға- нын кім білсін, әлдебіреудің «ей, осы кеше қыздар не- ге үндемей қалды» дегені. Жаманқұлдың түйеден түс- кендей:
- Е, олар ертең күйеуге шығып кетеміз деген шы- ғар,— дегені.
Сол-ақ екен, Әсия мен Балдыбала жылап тұра жө- нелді. Олардың тіке директорға тартқанын балалар білді. Жаманқұлға бәрі дүрсе қоя берді.
- Екі елі аузыңа екі бірдей қақпақ жаппайсың ба?
- Масқара болдық-ау енді.
Балалардың өзі-ақ Жаманқұлды жүндей түтіп жеп қоя жаздады. Дүңк-дүңк етіп, мұрнының астынан бір- деңені айтқан болады. Далбасасы. Өзі де кірерге жер- дің тесігін таба алмады. Сабақ жайына қалды. Зытып отырды. Директор шақырады деп қорықты. Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді. Жаманқұлдың кесірі бә- рімізге де тиеді-ау, басқалары да ұялып жүр. Қыздарға жәмпеңдеп, олардың алдында құрдай жорғалап қа- лыпты.
- Сабақтан кейін Сағат аға өзі келеді, бәлем көре- сіңдер! — деп екі қыз бода-бода боп қайтып оралды.
Сағат балалардың шынында сазайын берді. Қашып кеткен Жаманқұлды класком Рахымжанға таптыртып алды. Ешкім ештеңе деместен-ақ ол жылап кірді.
- Мен байқамай айтып ем.
- Неғылған байқамаған. Қара мұның қаршада- йынан қағынуын. Кім үйретті саған. Бесіктен белің шықпай жатып... тілінің қыршаңқысын. Сендерді тәл- піштікке үйреткенмін ғой мен.
Ең ауыр сөз осы болды. Әкелеріңдей болған адамды жоқ жерде жабырқатқан Жаманқұлдың қылығына бәрі де күйзеліп тұр. Бастары салбырап, мұрындары бырс-
бырс етеді. Кешке дейін түгел осылай тұрғызып қойса да, айыптарын өтей алмайтындай.
- Бар, кешірім сұра. Бірінен емес бәрінен сұра.
Ендігәрі аузыңа келгенді айтпаймын деп уәде бер.
Осымен екі арада бітім болса да, балалар көпке дейін басыңқы жүрді. Алтыншы класта сабақ арасында бұрынғы дуыл-думан жоқ. Мектептің де, детдомның да ересектері осылар. Ондықтан ғана емес, сол бір Жа- манқұлдың жаман сөзінен кейін қыздар мен ер балалар бір түрлі суып кетті.
Осы суықтықты Рахымжан Райханның да бойынан аңғарғандай. Ол колхозда бір үйде пәтерде тұрып оқи- тын. Қыздардың ішіндегі зерегі. Детдомға жиі келе- тін. Сабаққа көбінесе осындағы балалармен бірге әзір- ленуші еді. Манағы Әсиямен бір партада отырады. Әсияның бойы тырбықтау да, Райханның бойы сұңғақ- тау. Аққұба, өңді де. Еліктің лағындай көзі мөлдіреп тұрады. Шашын екі жарып өріп, артына жібереді. Өзге қыздардан өзгешелігі осы шашының аш беліне дейін түсетін ұзындығында.
Сол сүйкімді Райхан да бұртиып қапты. Әншейінде алысып ойнай беретін Рахымжанға ала көзімен қарай- ды. Кітап, дәптер сұрап келгенді де қойды. Мандолинге қосылып ән де айтушы еді. Ол да жоқ. Рахымжан бір жетіден бері сол қылықтарын сағынып кетті. Мұның жазығы не? Дүниені бүлдірген Жаманқұл. Неге бұр- тиып жүрсің деп сұрағысы да келді. Одан сайын ашу- ландырып алып жүре ме? Тұрған пәтері жаққа барғысы да келді. Бірақ оны қалай түсінеді? Және анада бір барғанында үйдің кемпірі жақтырмаған. Детдомнан
деген соң, кетер-кеткенше жыланның көзіндей сығы- райған көзін айырмай қойған. Дүниелерін әлсін-әлсін түгендейді. Кеткенше асықты. Қысылғаннан тіпті тер- леп те кетті.
Сол пәле оқты көзін тағы қадаса барған құрлы маза- сы болмас. Оның үстіне Райханның өзі де суықтау жүр. Рахымжан қаладан келгендіктен орыс тілі оған жеңіл. Басқаларға қарағанда тілге жүйрік. Үй сыпырушы ше- шеймен шүлдірлеп сөйлесіп кетеді. Кейбіреу бұған қызыға қарайды. Ертең орыс тілі. Үйге мазмұндама жа- зып келуді тапсырған. Тақпақ, грамматиканы балалар жаттап алады. Бірақ, шығарма жазуға шорқақ. Тіпті көбі жаза алмайды. Рахымжанның да мәз таптыратыны шамалы. Әйтсе де өзгелер мұны білгіш, жазғыш са- найды. Райхан осы тұста да бір келіп қалмас па екен, күтті. Жоқ. Келмеді.
Күн кешкіріп қалды. Енді тіпті келмейді. Кітап, дәптерлерін жинай бастады. Мұның бойына бөлек біт- кен бір қасиет — кітаптарын әрқашан жаңа газетпен қаптап қояды. Дәптерлері де таза тұрады. Тәптіштеп, бәрін текшелеп жинамай көңілі көншімейді. Міне, орын-орнына бәрін қойды. Шашылып жатқан кітап- тарды көрсе, ішкен асы бойына батпайды. Біреудікі болса да жинап тастағысы келіп тұрады. Бұл тазалық, жинақтылық Қымыран қарттың үйіндегі Абзал ше- шейден жұққан болу керек. Ол кісі де бипаздап, бәрін баппен ұстаушы еді.
- Рахымжан, Рахымжан, шық далаға. Сені біреу іздеп келіп тұр.
«Осындай апақ-сапақта кім екен?» Далаға шықса
қараңғы түсіп кетіпті. Жұлдыздар да біртіндеп көріне бастаған. Көк күмбезінде әр жерден жылт-жылт етеді. Кешкі малдың келуімен көтерілген қою шаң шөгейін депті. Күзгі ауыр тұмандай білеуленіп-білеуленіп шира- тылған. Ауылдың дағдылы мұндай кешінің өзі жатқан бір сурет.
Күн ұясына кіре сонау шеттен мал келеді. Кемпір- шал, қатын-қалаш улап-шулап ол малдың алдынан шы- ғады. Әркім өз қойын, өз сиырын бөліп алып айдап бара жатады. Бұл сәт, әсіресе, балалар үшіп қызық-ақ. Мал айдап келуді сылтау ғып, тіпті екіндіден келіп асыр салатын екінің бірі. Не керек, күнде бір жасап қалатын мезгіл.
Айдайтын малы жоқ детдомның балалары ғана бұл қызыққа топ-топ болып қарап тұрады. Кейде қызығып кетіп, олар да киіп кетеді. Бірақ, мұндайда міндетті түрде төбелес шығады. Ауылдың балалары бір жақ, детдомның балалары бір жақ боп сан шайқасқан кездер болған. Талай «майдан» алаңдары естерінде. «Мұрын қанаған қайқаң», «Ерліктің түбегі», «Рахымжан атой салған құдық», міне, тағы осылай кете береді. Сәдуов содан мал алдынан шығуға бұларға тыйым салған. Енді қақпа сыртында топ-топ болып ауыл балаларына қызыға қарап тұрғаны.
Рахымжан бүгінгі осы бір суретті көре алмай, үйде отырып қалған еді.
Қақпаның алдына келсе, мойнына қоржын салған бір әйел тұр. Шапанының сыртынан буынған белдігі бар. Қойнында тағы бірдеңе томпаяды. Алакеуімде кім екенін ажырата алмай жақындай беріп еді:
- Рахымжанбысың? О, айналайын, келші, келші жаным,— деп қолын соза берді. Қоржыны иығынан сыпырылып түсіп қалды. Бас салып бетінен, маңда- йынан сүйіп жатыр.
Жаңа дауысынан-ақ таныған. Шешесі — Үндемес. Құшағына барып қойып кетті. Өгей болса да сағынып қапты. Іші бір түрлі жылып кетті. Үндеместің аузынан
«жаным» деген сөзді естіп тұрғаны осы. Сірә, ол да сағынған болу керек. «Айналайынды» жаудырып көпке дейін құшағын жазбады.
- Өзің тіпті үлкен жігіт боп кетіпсің ғой. Шаш қоя беріпсің. Жалбыраған кекіліңнен...
Ана мен бала алакеуімде сөйлесіп отыр. Көп отыр- ды. Ауылдағы бір танысынікіне барайық деп еді, Ра- хымжан түнде ешқайда жібермейтінін айтты. Ол үшін директордан рұқсат алу керек. Ал қазір кеш.
Ауыл жайы, ағайын-туған, бәрі сөз болды. Бәрін сұрады.
- Елдің халі қазір жақсы. Тамақ тоқ, киім бүтін. Не ішем, не кием демейсің. Жұрт жаппай үй сала бастады. Еркегі барларға түк емес, бір жазда-ақ тұрғызып ала- ды. Сорлап отырған біз секілді жесірлер. Бала да болса, ес екен. Мұхтар Ақмолада оқуда. Сен болсаң қаңғып детдомға кеттің. Соқа басым сопайып, сорлап отырған мен ғана. Жан кеудеде болған соң ел қатарлы тырбаңдап, бір-екі қараның, он шақты қой-ешкінің ба- сын құрадым. Қошқарбайдың отын осы Үндемес мүлде өшірді демесін деп, түтін түтетіп отырмын. Жалғыз адамға үйдің өзі де азынап тұрады екен. Алғашқыда сенің қайда кеткеніңді білмей, оның өзі бір қайғы
болды. «Үмітсіз шайтан» деген. Ертең әкең келіп, баланы қайда қаңғыртып жібергесің десе, не бетімді айтам деп састым. Ол сорлыдан да хабар-ошар жоқ. Кейбіреулерден хат келеді дейді. Біздің адамның хатын да жібермей ме білмеймін. Абырой болғанда алысқа кетпей, жақыннан табылғаныңды көрдің бе!
Рахымжан шешесін аяп кетті. «Түтінін түтетіп» деген сөздері жүрегін суырып алғандай болды. Осы адамға деген көңілдегі белгісіз бір сыз жіби бастады. Көңілі қалған ауылына жүрегі қайта бұрды. Мына ха- бар ауыл жөніндегі мұзды еріткендей.
Үнсіз тыңдап отыр. Үндемес те шерін тарқатып ал- ғысы келді білем. Кеудесін әбден кернеп, арнасынан асқан ойы болса керек. Сөйлеп отыр, төгіп отыр. Бұрын мұндай ділмарлығы жоқ еді. Әлде өмірдің тая- ғы адамның тілін де шығара ма! Кей жерінде даусы зілденіп, кей жерінде жылағысы келгендей үні тарғыл- данып кетеді.
Алыстан орағытуына қарағанда ауылға қайт дейтін сыйқы бар. Үндемес, міне, сол пікіріне тура көшті. Дет- домды жұрт жақсы атамайды ғой өзі. Оннан қашқан, мұннан қашқан жиналады екен дейді. Кисе киімге, іш- се асқа жарымайды, сосын ұрлық жасайды екен дейді жұрт. Қайдам, біліп айта ма, білмей айта ма? Бірақ жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды ғой.
Шешесінің бұл тұстағы әңгімесі Рахымжанның көкейіне қона қойған жоқ. Өйткені айтып отырғаны өзінің көріп жүргендеріне мүлде қарама-қайшы. Бі- рақ үндемеді. Ләм деместен тыңдап отыр. Оның бұл сыңайын өзімен келістіге есептеп, Үндемес бастыр-
малата сөйлей түседі. «Есің барда еліңді тап» дейді қазақ. Мұхтар екеуіңді тезек теріп жүрсем де, асырар- мын. Шүкір құдайға, әзір тоқшылық қой. Өздерің де аманшылық болса, ержетіп қалдыңдар. Екінің бірі «өз баласы қолында, өгей баласын детдомға жіберді» деп көзіме шұқып болды. Қарағым, әкеңнің түтіні түзу шықсын десең, қол-аяғыңның сауында ауылға қайт... Окуды бірдеңе қыларсың...
Сөзінің арасына қыл сыймайды. Бәрінің жөні бар. Есі кіріп қалған балаға түсінікті-ақ секілді. Көптен кө- ңілі бірленіп, алаңсыз жүрген Рахымжанның тұнығына тас түсіп, лайлап жіберді. Шешенің жаңағы сөздері ойының ойран-ботқасын бір шығаруын шығарды.
- Апа, мен ойланайын. «Аузы күйген үріп іше- ді» дейді ғой. Осында әкеміздей болған адам бар. Ақылдасып көрейін.
Мынау есейген баланың есті сөзі. Рахымжан жа- тақханасына, Үндемес түскен үйіне бет алғанда жұл- дыздардың бәрі жымыңдап, аспан жылтыр моншақта- рын тағынған екен. Сол моншақтар Рахымжанға тек осы Тайтөбенің үстіне ғана ілінген сияқты көрінді. Анау мектебі, қатар тұрған жатақханалар да бір түрлі әдемі секілді. Неге екені белгісіз, ыстық көрінді әй- теуір. Қызыл темір қаңылтырмен жабылған бұл ауылда мектептен басқа үй жоқ. Түнде де күндіздей паң кө- рінеді. Қызығып біраз қарап тұрды.
Бұл түн қиын түн болды. Көзі жұмулы, көкірегі ояу. Ертең Үндемеске айтылар жауапты іздейді. «Түтіні түзу шықсын» десең... Осы сөз елеңдетеді, қайт деп қамшылайды. Бірақ, сол түтінді түзетем деп барғанда
ше? Алды қалың тұман, түк көрінбейді. Оқу ше, оқуы! Барған кезде «Е, алтынның жұрнағы-ай, аман келдің бе»,— деп ағайын жарбаңдар, тіпті басына да көтерер. Күн өтер, ай өтер. Алыстан келгені ескірер. Одан ке- йін не болады, кезі жетпейді. Кім оқытады мұны, та- ғы да біреудің үйінде қас-қабағына қарап тұра ма? О құрысын, кісінің үйі, кісінің қабағына қараған күн. Қаршадайынан-ақ көрді ғой. Біреу ине сұғып алғандай денесі шымыр етті. Қайдан, қайдан оқимын? Оқуды тастасам онда бітті. Шыңырау құдыққа құладым. Еш- кім де тартып ала алмайді. Бар үміт, қазіргі бар бақыт оқуында ғана секілді.
Оқу жөніндегі ой детдомға әкеп тықпалайды. Шық- па, шырағың жанса, осында жанады деп сыбырлайді. Су шықты ма астыңнан? Кімнен кемсің, жетім деп қорлап жүрген біреу бар ма? Алақанында ұстайды қырандай түлетіп, қызғыштай қорып өсіріп отырғаны мынау. Екі жылдың ішінде кім болдың, қарашы өзі- ңе. Белгісіз біреу, көрінбейтін біреу сыбырлайды. Мы- на детдомның бүкіл өмірі алақанында тұрғандай сай- райды. Неге толқисың? Қадірін білмесең міне көр, байқа қайтадан деп бүкіл суретті көз алдына әкеледі.
Үндеместің жапқан шымылдығын жұлып тастап, бәрін, бәрін жарқ еткізді ар жағынан. Жайнаған доста- ры «кетпе, Рахымжан» деп күлімдейді.
Ұзақ уақыт ұйқтай алмай, ақыры ертең Сағат аға- сымен ақылдаспақшы болды.
Ертеңіне директорға бәрін айтты. Сағат ағасы: «ба- лалық ұшпа көңіл-ай, құларыңды білмейсің» деп жы- миды. Әнеу күні ғана келіспеп пе-ек, сендер дәу азамат
боласыңдар, мен аралап, ер жеткендеріңе сүйінем, қы- зығам. Айлап үйлеріңде жатам. Сен де сонда таласпап па ең, енді қайда барасың. Қарашы өзіңе, кандай өз- гердің. Оқуың жақсы, өнерің асып келеді. Тіпті пьесада ойнайтын артис те болдың. «Сақал саудасындағы» сен ойнаған Жақайдың рөлін аузымыздан тастамай жүр- міз ғой. Жазда лагерьде жүргенде де құрбыларың «Жа- қай болшы, Жақай болшы» дейді. Әлде сені сол ла- герьде істеген жұмыс жерітті ме? Күліп-ойнап жү- ріп, өздеріңе керек егінді саласыңдар. Өздерің жейтін малды бағасыңдар, шөп шабасыңдар. Осылай шынық- қанымыз жақсы демеп пе едіңдер. Сағынып күзде мектепке келесіңдер. Әй, балалық-ай, шешеңнің бір ауыз сөзі үшін ауылға кетсең, осының бәрі қалады ғой. Түтіннің түзулігі сені мен Үндемес ойлағандай емес. Ертең білімді, ақылды азамат боп, жұрт «шіркін Қошқарбайдың баласы жақсы ержеткен» десе — мі- не, түтіннің түзулігі осы. Мұндай тәрбиені қайдан ала- сың. Қараңғы Үндемес шешеңнен бе?.. Мынау жаның- да жүрген достарың алабұртқан көңіліңді білсе ғой, тек кетем деп ойлағаның үшін «жүндеп» алар еді».
- «Түтінді түзу етем» деп, қабағын кейіс кеулеген
өгей шешеңнің қасында отырмақсың ғой. Бал жесең де батар саған онда. Онан да таласып жеген қара наның артық емес пе? Неден қорлық көріп жүрсің. Асың аузыңда, киімің үстіңде.
Тура түндегі өзінің ойымен бәрі дөп келді.
- Бәрін қиып тастап, көзді жұмып жүре бермексің бе? Оқумен онда қоштас!
Рахымжанды бір ащы сезім осып-осып жіберді. Ке- шеден бері айналған басы тазарып шыға келді.
- Жоқ, жоқ, жоқ!
Жаңа киімін Рахымжан әдейі киінді. Жолағы бар коңыр костюм. Аяғында жаңа қара ботинка. Ертеңіне қайта жолығуға келген Үндемес қасына келгенше та- нымады. Бойы өзінен биік, бірақ талдырмаш бала жі- гітке қараса өзінің баласы.
- Түнде байқамаппын-ау, жарығым. Өзің тіпті шы- нында жігіт боп кетіпсің ғой.
Бұл келісін, киініп өзіне еруге бел байлап келгені деп ұқты. Үстінде бір қабат жаңа киімнің болғанын іші жек те көрген жоқ.
- Апа, мен ауылға бармайтын болдым. Қалдым осында, не де болса маңдайымнан көрдім.
Үндемес қоштасқанда мұның бетінен сүймеді. «Тас бауыр болды деген осы», — деп жорыды ішінен.
Тайтөбені тастап, жолшыбай кездескен бір өгіз арбамен ауылға кете барды. Мимырттаған өгіз жүрісі мен көңіл жүрісі бір-біріне селбесіп кете барды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇