Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  324


Автор: Рафаэль Ниязбек

АРҚАСЫ БІЗДЕЙ ЕРЛЕРДІҢ

Жалғанда кімнен қорқамын,
Керегі не мыйсыз ортаның.
Құландар жортпас жапанда,
Түн қатып жалғыз жортамын.
Ұқпаса қайтем, жайсаңдар
Бетіне шыққан сорпаның.
Ордалы жылан қаптаған
Ішіне зәулім Орданың.
 Көзіме шерлі жас толған,
Алты малта ас болған.
Меңіреу дүние мелшиген
Секілді алып тас қорған.
Батырғалы жарық күнімді,
Естімейді жорта үнімді.
Отына қақтап жақса да,
Шаштыра қойман күлімді.
Жылымға батып жоқ болған,
Қоздырған жандар жынымды.
Ей, Дүние!
Мені тыңдағын,
Бірімін дара тұлғаның.
Төнесің неге асылға,
Шалынбай қалса құрбаның?
Бір туар өжет ақынды,
Бұның не бастан ұрғаның?
Жараса ма сойлы бойыңа,
Жолыма қақпан құрғаның?
Жапанда жалғыз жортқанда,
Шөлімді талай басқанмын,
Тұндырып суын жылғаның.
Ей, Дүние, бақыт емес пе,
Біздерге мойын бұрғаның.
Арқасы біздей ерлердің
Сенің де аман тұрғаның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу