Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  248


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРСЫ БІТКЕН БҰТАҚТАЙ ЗАМАНАҒА


Бастап еді тағдырың жолға қандай,
Маңайыңда жүрмеді сор қамалмай.
Ел қорғаған сардар ең, амал қанша,
Өз басыңды мерт болдың қорғай алмай.
Жер бетінде Әділдік орнағанда,
Сендей ердің көзін мұң торлаған ба?
Елің бірақ қорғаусыз қалар еді,
Маха, қара басыңды қорғағанда.
Туған жердің қан шашқан боз тасына,
Заман кімнің қалмаған көз жасына.
 Уақыттың көздерін қан басқанда,
Бұл жалғаннан болды ма озбасыңа.
Саған қастық мезгілдің жасағаны,
Қастығы еді жасаған өз басына.
Сен болмасаң ел жайын кім біледі,
Сен болмасаң ел қорғап кім жүреді.
Сілкілесең тағдырды жағадан ап,
Қатал тағдыр сені де сілкіледі.
Сілкіледі денеңнен қан шығарып,
Сілкіледі кеудеңнен жан шығарып.
Бөрене етіп төседі көпірлерге,
Қабығыңды емендей аршып алып.
Арыныңды аптыққан іркіп кейін,
Теспей сорды қаныңды сүліктейін.
Итке сені тастамақ болды қанша,
Қызыл еті сырылған жіліктейін.
Жетем деп ең,
жетпедің самалаға,
Мұң да шақтың қызғыш құс, шағалаға.
Уатпады уақыт сені қанша,
Тағдыр деген шегелеп бағанаға.
Сен тізеңді бәрібір бүкпей кеттің,
Қарсы біткен бұтақтай заманаға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу