Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  124


Автор: Рафаэль Ниязбек

САУАЛ МЕН ЖАУАП

Бөктерінде өскенмен бала шынар,
Қарасы бар таудың да, аласы бар.
Төсінде оның жоқ деме
Жорғалаған
Қара шұбар жыландар, қара шұбар.
Асау бұлақ арна іздеп қарқындаған,
Кезде мынау найзағай жарқылдаған.
Неге бірақ құрымай келеді, айтшы,
Қара қарға қорғанда қарқылдаған?
Сыртын беріп жалғанға жылтылдаған,
Сыр тыңдаған көлінен, жыр тыңдаған.
Неге сонша азайып барады, айтшы,
Аққу құстар айдында сұңқылдаған?
Шарпылысып жасындар от көзінде,
Шайқап аспан әлемін өтпесін бе?!
Неге сонша азайып барады, айтшы,
Жарқылдаған қырандар көк төсінде?
Неге бұлай,
Жан бар ма анықтаған?
Өз уына жылан көп шалықтаған,
Қарға да көп қалғудан жалықпаған.
Неге бірақ аққу аз сұңқылдаған,
Қыран неге аз көкте қалықтаған?
Неге бұлай,
Жан бар ма анықтаған?
Өз төрінен көктем боп көтерілген,
Кісі емес пе мән-жайды жете білген.
 Ақ шашты анам ақ құйып жолға сапты
Жылан болса үйлерге төте кірген.
Сом тұяғы бардай-ақ болаттаған,
Дала төсін жол қылып жолақтаған.
Ақ басты атам үркітіп жіберетін
Қарға көрсе қорғанда қонақтаған.
Қамшы-ашуды сілтесін несін өріп,
Жүрсін деген өмірдің көшіне еріп.
Өсіп-өне беріпті жылан содан,
Содан қарға келіпті өсіп-өніп.
Періште боп жаралған жөргегінде,
Аққулар да көп болған ел көлінде.
Тозып кепті-ау бірақ та жұмарланып,
Қара құстың қабылан – шеңгелінде.
Сүйіндірмей өмірі ұзағынан,
Қыранның да көңілін құса қылған.
Тұтылуда...
Құтылып кете алған ба
Аңшылардың құрған тор – тұзағынан.
Суық күздің бейне бір желіне өштей,
Жеткенімен тұқымы өліп-өшпей.
Содан, міне, аққулар көбеймепті,
Қыран содан қалыпты өніп-өспей.
Өркен жайып өнері – өрнегіне,
Жұлдыз шашып жана алмай жер, көгіне.
Қаншама асыл жоғалып кетпеді, айтшы,
Сұм тағдырдың айналып ермегіне?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу