Өлеңдер ✍️

  30.03.2022
  105


Автор: Абдрахман Асылбек

Зауал

Әлдеқандай сұмпайы
Бір жігітке жүрді сырттай өшігіп,
Көзін құртпақ, атын мүлде өшіріп,
Келе қалса ыңғайы.
Ұстап алып бірде улы жыланды,
Шалажансар мас қылып,
Сол жігіттің төсегіне сұм әлгі
Салып кетті қас қылып.
Ол осылай тапты айла:
«Түнде жігіт жатпай ма?
Жылынған соң бойы анық,
Жылан жылдам оянып,
Қасындағысын шақпай ма?
Қас қағым сәт өтпей-ақ,
Атар таңға жетпей-ақ,
Жігіт арам қатпай ма?»...
Таң атқанда сібірлеп,
Сұмпайы жан күбірлеп,
Жігіт өліп қалды деп,
Тілек орындалды деп,
Үйге кіріп келгенде,
Шошып кетті ол демде:
Құдай қалай сақтаған?
Жігіт әлгі бейкүнә
Балқып жатыр ұйқыда, –
Жылан оны шақпаған.
Сұмпайыны көре сап,
Болғандайын зәрезап,
Жылан көзден от өрді,
Басын тіктеп көтерді,
Содан кейін шап етіп,
Сұмпайыға атылды.
Құлады ол жалп етіп –
Шаққан еді пақырды.
Жетті ақыры түбіне
Өзі ойлаған зұлымдық.
* * *
Уа, достым,
Бұл мысалға үңіле,
Адалдыққа жүгіне,
Әділдіктің туын тік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу