Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  104


Автор: Тортай Сәдуақас

ТУЫНДАЙ ТУҒАН ЕЛДIҢ ЖЕЛБIРЕГЕН

Өксiгiн өткен күннiң баса алмаймын,
Қалады бұлт астында қашанғы ай-күн?
Жарқ етiп шықтың, мiне жарып бұлтты –
Асылым, асқар тауым, Асанқайғым!
Толқындай жарды соққан толғанысың,
Шер едi, шемен едi толған iшiң;
Кеудеңмен қағып өткен дұшпан оғын,
Қорқытым, Қойлыбайым, қорғанышым!
Аңсатқан алты алаштың арманы үшiн,
Жарқырап жан отыңның жанғаны шын.
Қасқайып қарсы тұрған қас дұшпанға,
Ардағым, алып тұлғам, ар-намысым!
Аһ ұрған алашым деп алған демiң,
Тұяғы тозбайтұғын тарлан ба едiң?
Мағжаным – маржан сүзген марғасқа ерім,
Маңғазым, майталманым, маңмаңгерiм!
Дүлдүл ең, асау тұлпар қапталыңда,
Дүние дүбiрлеген шапқаныңда.
Өрiнен Оқжетпестiң арсыға өрлеп,
Аспаннан жұлдыз болып ақпадың ба!
Байлаған ұлын оққа, қызын – опқа,
Елiңдi бөлген жоқсың қызыл-аққа.
Қызыры өзiң едiң туған елдiң,
Қызығып мiнген жоқсың қызыл атқа!
Абылай, Асан, Қорқыт, Баян, Кене,
Демедi қолтығыңнан аян бере;
Қарқылдап қарға шауып ақ сұңқарға,
Шалды ғой аяғыңнан аяр неме!
Қалмайды қасиетсiз қақырамай,
Айтқаны айдай келдi хәкiм Абай.
 Ұрпағың жеттi аңсаған азат күнге,
Жырларың шашады елге алтын арай!
Сырыңнан сырбаз ердiң сертiн ұқтым,
Жаңаша сәуле шашты серпiлiп күн;
Жырларың туған елдiң тұғырында –
Туындай желбiрейдi ер түрiктiң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу