Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  200


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТАҒДЫР ТАҢБАСЫ

1
Тауды – төсек,
Даланы – бесік еткен,
Жүрген бір ертелі-кеш есіп өктем,-
Сұм мерген бопты ертеде
Атқан оғы
Зулаған жүзік көзін тесіп өткен.
Жылылық кеткен кезде түр-өңінен,
Қол жазбай қара мылтық –
Тірегінен,-
Ұшқан құс,
Жүгірген аң...
Барлығын да
Көздепті өкпе тұстан,
Жүрегінен.
Үлкенді тыңдап шойын желкесімен,
Кететін аңға шығып ертесімен.
Тым шапшаң,
Тым асығыс қозғалатын
Жыландай жорғалаған жер төсімен.
 “Мергенмін,
Мерген де бір жасасын да,
Қатыгездік жарасар қас асылға.”
Осы оймен қарайғанға оқ арнайтын
Тау-тастың бұғып жатып тасасында.
Қолына қара мылтық жайғасқанда,
Жұлдыздар қалмаушы еді Айлы аспанда.
Ол және Әділетті көздейтін-ді,
Зұлымдық пен Әділет айқасқанда.
Сұм еді обал бар деп ойланбаған,
Кезінде сан қызығы тойланбаған.
Сол мерген шектен асқан жауыз бопты,
Құс біткеннің ұясын ойрандаған.
Қолына мылтық апты жасығанда,
Көңілі қымыран боп ашығанда.
Бөсетін сұлулықты жайратам деп,
Кей-кейде шалқып кетіп тасығанда.
Қорықса жүрегі ерен дүрсілдепті,
Бір жайсаң өлсе, бірақ күрсінбепті.
Тәңірі сұлулықты таң алдында
Мергенім, атып тастап жүрсін депті.
Ол содан нұр табиғат аялаған,
Қырыпты құс біткенді –
Аямаған.
Аққуды, әсіресе, көп көздепті,
Қоғалы көл айдынын саялаған.
Сол кезде ызғар шашып түр-өңінен,
Қол жазбай қара мылтық –
 Тірегінен.
Қанатын нұрға малып жүзбесін деп,
Көздепті көрсе аққуды жүрегінен.
Білмепті қуана да,
Қайғыра да,
Ұшпаққа жетсін қолы қай мұрада.
Талайды жаһаннамға жөнелтіпті,
Сол мерген бұғып жүріп сай-жырада.
Болар ол болашағын сезбеген де,
Көзіне ілінбепті өзге пенде.
Көлденең бір қарт ана тұра қапты,
Аққуды атпақ болып көздегенде.
– Қайдағы жықпыл тоғай, жыраға еніп,
Жүрмісің жендеттікті мұра көріп.
Аққу құс – періште құс!
Таптың ба опа?!
Періште сұлулықты қыра беріп.
Жұпар ғып жұтқан аппақ таң самалын,
Аққуды ату болса аңсағаның,-
Қасқайып қарсы тұрған көзде мені,
Жауызға жасайтұғын қанша амалым?
Табиғат таудай маңғаз төзім берген,
Анаң ем мен де әкеңнің көзін көрген.
Бере сал тілегімді,
Атпа аққуды,
Жігітсің өзің сері,
Өзің мерген.
 Мерген тұр әлденеге бекінгендей,
Ана тұр құшақ жайып өтінгендей.
Сұмдық-ай, тыңдамады-ау...
Атып салды
Көсегесі көгеріп, жетілгендей.
Атты да
Сұсты мерген қалды ойланып,
Сезе ме
Танытқанын қандай қалып.
Қоғалы көлдің беті жүре берді
Қып-қызыл нарттай жанған қанға айналып.
Тау тұрды
Сұмдығыңды көр дегендей...
Жалғызы қыршын кетіп ерте өлгендей,-
Ананың шашы лезде кетті ағарып,
Сұм мерген от сап бейне өртегендей.
Жауыз тұр
Толқып-тасып шалқығандай,
Аққуды ажал болып қарпығандай.
Көктегі күн де тұрды өрт боп жанып,
Жердегі сұрқиялық шарпығандай.
Қарт ана,
Ақ шашты ана жасыған ба,
Оқ-түтін қонған шақта асыл арға,-
Мергенге айтқан сөзі қаһар тігіп,
Аңыз боп таралыпты осы маңға:
– Жүзіндей көк семсердің жалаңдап тым,
Мұңлықты мұнша неге арандаттың?..
 Сен бүгін аққуды атқан жоқсың, шырақ!
Түсінсең аттың мені,
Анаңды аттың!!!
2
Сұрашы,
Ақ шашты ана не көрмепті,
Көпті көрген,
Бірақ та көнермепті.
Назары қарт кісінің жіберсін бе,
Сол мерген содан қайтып көгермепті.
Жүріпті өз отына дара күйіп,
Еншіге дауасы жоқ жара тиіп.
Ол содан өмір бойы өтсе керек
Үстіне азап шекпен –
Қара киіп.
Жүргендей ар-намысын қалқан қылып,
Тынысын тарылтыпты тарпаң қылық.
Бір күні мылтығы оқыс атылғанда,
Кетіпті бір жақ бетін талқан қылып.
Тартатын азабының жалғасы көп,
Көңілдің асып-тасар арнасы жоқ.
Ел соны айтып жүрді:
“Тағдырдың бұл
Шыжғырып бетке басқан таңбасы” деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу