Өлеңдер ✍️
АҒА
А. Асқаровқа
Көздің нұры шағылып қарыққанда,
Қашып сізге барамын жарықтан да.
Іні деген барады,
Барады, аға,
Ағасының алдына тарыққанда.
Асыл, аға!
Жерім жоқ бекер күлген,
Өткелінен өмірдің өтер білген.
Іні деген – жас отау емес пе еді,
Шаңырағы жаңадан көтерілген.
Намысы мен жігерін тең ұштаған,
Қанаттыдан самғаса кем ұшпаған,
Аға деген – үлкен үй емес пе еді,
Етек-жеңін, маңайын кең ұстаған.
Жалын сұрап ешкімге өтінбеген,
Тұлпар тұяқ аға едің кетілмеген.
Берсеңізші қол ұшын...
Балапан ем,
Қос қанаты қатайып жетілмеген.
Бір беті ме ем тарихтың қаралмаған,
Жалғыз сіңір тамыр ма ем нәр алмаған.
Ызғар шашқан пәтерде қалай тұрам,
Аға!
Денем темірден жаралмаған.
Кімдер қарғып мінбейді атқа тұрған...
Дауыл күші жүз қабат қақпа опырған,
Бәрі бірдей данышпан болған ба еді,
Таққа отырған патшаның, таққа отырған.
Сайып-қыран ағасыз бағы – көктем,
Өмір нұрын жүресіз жағып, өктем.
Әттең, сіздей азамат көп те емес-ау,
Дүниенің қабағын бағып өткен.
***
Қызғалдақ толған өңірге,
Бір бұлбұл ұшып жеткендей,
Келіп ең, жаным, өмірге
Кешігіп жеткен көктемдей.
Кешігіп, жаным, жетсең де
Бақытыңды шалып қиядан,
Тауларды тесіп өтсең де
Ертелеп ұшқын ұядан.
Ертелеп ұшқын ұядан,
Жетілген ерте қырандай.
Саңқылдап жетші
Қиядан
Жанар тау атқан ұрандай.
Жақсыға әуес, үйірсің,
Боларсың мұрат – мұрагер.
Саған да, жаным, бұйырсын
Ақындар мінген құлагер.
Ой салып кетті маған да,
Жүректен ұшқан жылулар.
Жүгірсін, жаным, саған да,
Ақындар құшқан сұлулар.
Айналған тасқа кей мүсін,
Тірліктен мынау үміткер.
Артық боп туды деймісің
Айға ұшып жүрген жігіттер.
Олар да осы өзіңдей,
Түсінсең өскен бала боп.
Жайнаған сенің көзіңдей
Жағады отын дала көп.
Көз іліп жатқан даланың,
Жыр – үні болсаң болғаны.
Көсіліп жатқан даланың
Бір ұлы болсаң болғаны.
Құлын боп алға шабасың,
Айналдым сендей баладан.
Далада тудың...
Табасың
Керегіңді де даладан.
***
Жолыңдағы бөгетті турап кектей,
Бұлтты күні от өрген шулап көктей,
Күре тамыр өзендер жүгіреді
Жердің үсті тұрсын деп қурап кетпей.
Төгеді аспан мұндайда көз жасын көп,
Тоқтап қалған ағынды қозғасын деп.
Қырларымда толассыз көк өседі
Сұлу дүние көнеріп, тозбасын деп.
Солар-сынды бір жола кеңге кетіп,
Жүгірмейді кең дала дөңнен өтіп.
Таулар басып тұр әне... әлдеқалай...
Дауыл айдап кетердей дөңгелетіп.
Түсірердей сонаудан жалғанды атып,
Табан тіреп орнында қалған қатып.
Бұл кер дала дөңгелеп кететіндей
Көк белдер де көлденең алған жатып.
Көктем болып көсегем көгерсін деп,
Шарбы бұлттар шарлайды көк төсін көп.
Қара ормандар шеге боп қағылғандай
Жер ұлтаны қақырап кетпесін деп.
***
Қырымда көп жүгірген бала тынбай,
Сан қырлы болар ма еді дала мұндай.
Соқаны кейде терең батырмаймын
Сұлу жер тыртық болып қалатындай.
Төсінде қызық қудым ат тебініп,
Ұшардай құс боп алға қатты емініп.
Семсерді кейде тіктеп қадамаймын
Жұмыр жер кететіндей қақ бөлініп.
Болғанмен алдым қамал бекетіндей,
Көрінем бір мұратқа жететіндей.
Мен кейде ту биіктен секірмеймін
Даланың белі үзіліп кететіндей.
***
Біздің жақта мылтықтар оқталмайды,
Болса екен деп Тыныштық көп толғайды.
Кете ме деп ойлай ма жүрек суып,
Қара дауыл, бұрқасын көп болмайды.
Биігіне жүгіріп күн өрлейді,
Қиындықты жеңетін жігер дейді.
Бір жас бала жабырқап қала ма деп,
Заңғар таудың шыңдары түнермейді.
Жақсы өтіп жүр халқымның жиыны да,
Оңай болып барады қиыны да.
Бір нәрсесін бүлдіріп алам ба деп,
Суырмайды онша көп құйыны да.
Көз алдыма тізіліп гүл шоқтары,
Аңсайтыным күрестің нұр шақтары.
Бір өмірді тым ерте қиям ба деп,
Жаумайтындай ажалдың бұршақтары.
Содан жаным шұғыла жыр тілейді,
Бермегін деп басыма бір дүлейді.
Сәбилерді шошытып алам ба деп,
Күн де сирек шатырлап күркірейді.
Көп болса да жолдары қияқты асқан,
Көп болса да тұяғы күй-от басқан,
Қарт ананың жүрегі сыздайды-ау деп,
Бұлттанудан қорқатын сияқты аспан.
***
Асығыс атқан жаздың ақ таңындай,
Жарқылдап найзағайдың шақпағындай.
Кездейсоқ кеткен сонау көкке атылып,
Көк аспан бейне көлдің қақпағындай.
Қой тастар - қалың жылқы табынындай,
Бұлағы сағыныштың ағынындай.
Қаратау желе жортқан қоңыр інген
Боз аспан сол інгеннің жабуындай.
Шығыс жақ – нар ұстаның көрігіндей,
Қызыл Күн – қолда ұстаған көлігіндей.
Дөңгелек доп сияқты жер шарының
Көк аспан соның жарты бөлігіндей.
Көргенмен кешкі алауды ғұмырлықтай,
Сәлден соң жоғалады түнгі ұрлықтай.
Көкжиек кереге боп жайылып тұр,
Көк аспан үстін жапқан туырлықтай.
Көк таулар – түйеге артқан дара жүктей,
Рельстер – қайып тіккен қара жіптей.
Жер шарын сәулелермен ұстап тұрған
Боз аспан үлкен алып парашюттей.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇