01.03.2022
  531


Талатбек Əкім

«ӨНЕРІМЕН» СҮЙІКТІ, ӨРЕСІМЕН БИІК-ТІ

(Алғысөз орнына)


 


Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысын- да қазіргі М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институ- тына жұмысқа орналастым. Директоры Мүсілім Базарбаев осы институттың бір бөлімі болып саналатын Мұхтар Əуезов мұражайы- на баратынымды айтты: «Əуезовтің шығармаларын шығарып жа- тыр, соған көмектесесің» деді.


Мұражай ашылмай тұрып жұмысқа тұрғандар Андабек пен Ба- ламер екен. Екі-үш жыл əзірліктен кейін ашылған мұражайдың ең алғаш экскурсиясын жүргізушісі де – Баламер. Сонда ол қауіпсіздік комитетінің отыз шақты қызметкерлеріне түсінік береді. Олардың арасында төменгі шенділерінен бастап, генерал адамдары да бар. Алғашқы экскурсия болғандықтан ба, олардың көңілінен шығам ба, жоқ па деген ой Бəкеңді қатты мазалапты. Оны үнемі еске алып, кейін де айтып жүрді. Негізінде Бəкең орысша-қазақшаға бірдей жүйрік, шешен жігіт болатын, сондықтан ол үлкен деңгейдегі адамдарға ғана экскурсия жүргізетін. Ондайда кейбір экспонаттардың та- рихын, басқа да сыр-себептері мен ерекшеліктерінен əңгіме айтқанда тыңдаушылары ұйып тыңдап, ара-арасында күліп, беріліп, көңілденіп, желпініп қалатын.


Осы жылдары мұражайдың акт-залында Алматы қалалық қазақ


əдебиеті мен өнерінің халық университеті өзінің сабақтарын өткізіп тұрды. Оның ректоры белгілі əдебиеттанушы, профессор Рахманқұл Бердібаев та, проректоры Баламер Сахариев, ғалым хатшысы алғаш ашылғанда Лəйла Мұхтарқызы Əуезова болды. Лəйла ол міндет- ті институттың басшылығымен келісіп алып, маған тапсырды. Сол кезде Академияның академиктігіне, мүше-корреспонденттігі- не сайлаудың дайындығы жүріп жатқан. Осындай кездерде акаде- миктіктен, членкорлықтан үміткер кісілер Лəйла Мұхтаровнамен жолығуға келгіш болып кетеді. Бəкең солардың келген-кеткеніне қарап отырып: «Мынау академик, мынау түк те емес, мынау член- кор болатын болды» дейді. Құданың құдіреті, ауызына періште


 


түкіре ме, əлде сезгіштік қабілеті дөп түсе ме, ақырында қортынды нəтижелері Бəкеңнің айтқанындай болып шығады. Негізінен уни- верситет сабақтарын басқарып отыратын Рахаң да, кейде ол болмай қалған күндер болса, оны жүргізуді Бəкең қолға алады. Ондайда ол тыңдаушыларды күлдіріп, көңілді отыруына тырысады, қандай жағдайда да солай болуының орайын келтіреді. Ал Р. Бердібаевтың сабақты қорытындылауларының өзі білім кеңістігіне еніп, тереңіне батып кеткендей бір халдерге ұштасып жататын: білімнің, ғылымның, мəдениеттің, тарихтың, əдебиеттің, өнердің тұңғиығынан суарылғандай ойлары қарапайым жандар мен оқығандарға бір- дей түсінікті көрінетін. Аяқталғанға дейін тыңдаушылар беріліп тыңдайды, таусылмас азық алғандай болып тарқайды, сондайда əлі де созыла түсуін, жалғаса беруін қалайтындай болады. Жұрттың қанаттанғандай болған көңіл-күйлерін көрудің, сезінудің өзі əлденендей серпіліс əкеледі, осыны сезінудің өзі бір ғанибет. Кейде мен Рахаңның тапсырған тапсырмаларын созыңқырап алатын бо- луым керек, соны байқаған Бəкең: «Ойбай-ау, əлі жүрсің бе? Бəрі де миллəттің қамы үшін емес пе деп ренжиді ғой ағаң» дейді. Рахаңның жүріс-тұрысындағы ерекшеліктерді ғажап түрде қайталап.


Бұл   көп   белгілі   жандардың   сөйлеген   сөздері   мен   қимыл-


қозғалысын, ерекшеліктерін өз қалпында қайталайтын құдайдың берген қасиеттерінің бірі. Оның ондай назарына іліккендердің саны аз емес, үлкен, белгілі қайраткерлерден бастап, айналасында жүрген жай қарапайым жандарға дейін жалғасып кете береді. Əркімнің өзгеден бөлектендіріп тұратын өзгешеліктерін қағып ала қояды да, сол қалпын айнытпай көрсетеді.


Жаңбырлы күндердің бірі, қолымда имек сабы бар қолшатыр, жұмысқа келсем, қызметкерлердің бəрі кіре берісте отыр екен. Бəкең менің қолшатырымды алды да, басын бір иығына қарап қисайта сілкіп тастап, аяғын сүйрете басып əрлі-берлі жүріп берсін, бұл – Əбділдə Тəжібаевтың жүрісі. Ара-арасында тілін шығарып, ол бо- лып сөйлеп қояды. Қыран-топан күлкі. Бөжеев: «Əй, тентек, əй, тен- тек, қай-қайдағыны көрсетіп» деп күледі. Не деген дəлдік, не деген шеберлік, бірде-бір артық қимыл, артық қозғалыс, жасандылықтың белгісі жоқтығы қайран қалдырады. Есіме түсіп кетсе болды күлкім келе береді.


Ол Əуезов болып сөйлеп, Əуезов болып лекция оқитын. Онысын Лəйла Мұхтарқызына сездірмеуге, ол бар жерде өнерін көрсетпеуге тырысатын. Өйткені Валентина Николаевна мен екеуі отырған бір


 


жиында көрсеткен жаңағыдай өнерінен кейін олардың салқын қабақ танытқанын байқайды, содан кейін сақтанып жүретін болған. Ондай мінезді Əлкей Қаханұлынан да көреді.


Мұражайдан шығып Төлебаев көшесімен төмен түсіп бара жат- са Əлекең кездесе кетеді. Сəлемдессе сəлемін алмайды, қабағы қатыңқы, қырын қарай береді. Бір кілтипанның барын сезе қояды, соны ойлап болғанша Əлекең: «Немене, сені сайқымазақ артист болып кеткелі жүр дей ме, бұл қалай?!» – дейді қырылдаңқырай шығатын үнмен. Салқындықтың түбі қайда жатқанын түсіне қояды да: «Əлеке, өзіңізді қатты кəдірлейтін, құрметтейтін інілеріңіздің бірімін. Сонау 1925 жылы шыққан алғашқы мақалаңыз «Найма- ны»-дан бастап күні бүгінгі дейін жарық көрген дүниелеріңізден бірде-бірін бос жібермей үзбей оқып келе жатқан ініңізбін» дегенде ғана оның беті бері қарап, жіби бастағандығы байқалады. Бəрібір айрылысарда: «Байқа, бала, əйтпесе артыңнан ит қабады» дегенді айтып кетеді. Аңғал ғалым осымен бəрі бітеді деп ойласа керек, қайта сондағы сөз-қимылдарымен Бəкеңнің репертуарын байы- тып кеткенін білсе ғой. Бəкең солардың бəрін бастан-аяқ қайталап шықты жаңа бір қырларын тапқандай болып. Жалпы Бəкеңнің кім- мен болсын əңгімесі де, сөзі де, əзілі де жарасатын бір ерекшелігі


– ретін, қыбын таба білетіндігі. Евгения Васильевна Лизунова, тағы


біраз əйелдер мұражайдың ауласында əңгімелесіп тұрғанда Əлкей Марғұлан туралы, оның атқарған істері мен кейбір мінездері жөнінде сөз болып қалды. Сонда тұрғандар күлісіп, өздері білетін жайлар- ды айтысып жатқан. Бəкең сонда Евгения Васильевнаға: «Қалай, ол өзіңізге былай қырындаған шығар?» – деп, əзілдегенде ол тіпті көңілденіп кетті. «О!.. он из того жука» деп қойды. Мұны естігендер бəрі күлісіп қалды. Оларды Бəкеңнің сұрағы да, оған қайтарған Ев- гения Васильевнаның жауабы да сондағыларға айрықша əсер етті. Ондай сұрақты көрінген адам қоя алмайды, қоя қалғандай болса сөгіс естиді немесе ашуланғанына кез болады.


Тіл мəселесіне байланысты мұражайда бір жиын болды. Осы саланың ірі өкілдері жиынға қатысты, жиынды басқарып отырған академик Ісмет Кеңесбаев: «Осында Баламер бар ма?» деді. «Бар» деген дауыстар шықты. «Сені көп адамдарды коопировать» етеді дейді. Кəне, соны көрсетші, өз көзіммен көргім келеді» деді. «Ойбай Секе-ау, қосақ арасында босқа шəйіт болып кетемін ғой, Секе, бекер қинамаңыз!»... Оған өзі жауап беретінін айтып, өтініп болмады. Сон- да Бəкең Кеңесбаевтың өзі болып сөйлей жөнелді. Оған ішек-сілесі


 


қата күліп, мəз болып қалды. Осынысымен де қызықшыл, көпшіл екендігін, дұрыс қабылдағанын көрсетті, өзі сұранып, басқа да екі- үш нөмірлерді көрді.


М.Əуезовтің «Қаракөзі» қойылымынан кейін театрдың артистері мұражайды келіп көреді, акт-залында пікір алмасады. Сахариевтің өзі болып сөйлейтінін, ролін қайталайтынын білетін Серке Қожамқұлов Бəкеңнің есімі аталып қалғанда: «Е, Баламер сен екенсің ғой, енді өзім көрейін, білейін сырттан естігеннен гөрі» дейді. Бəкең сөзге келмей бірден рольге кірісіп кетті, артистердің басқа саланың адам- дарындай емес екенін біледі, сондықтан Қоңқай болып өнерін бас- тап жібереді. Өзінің қимылдарын көріп, сөзін есту Қожамқұловқа қатты ұнады. Ризалығын қолынан ұстап, арқасынан қайта-қайта қағып, білдіріп жатты. «Сен бар кезде мен өлмейді екем. Рахмет, Баламер, мыналардан қайыр жоқ» деп, айнала тұрған артистерді нұсқап қояды. Қанша дегенмен артист дегендер ерекше халық қой, дуылдатып күлкі-думанға айналдырып, көңілдендіріп, шаттыққа бөлеп жібереді.


Егер əдебиеттің өзің көрмеген, білмеген бір өкілі туралы


өзіңнің сөз қозғауыңа тура келсе, онда ойыңды оның өзінен гөрі шығармашылығына, жалпы мұраларының орын-салмағына, сондағы танымдық ерекшелігі мен қарымдылығының, шеберлігінің қандай- лық деңгей-дəрежеде орындалып, орындалмағанына қарай аударар едің. Ал Бəкең ұзақ, көп жылдар бірге істеп, қылық-мінез, көңіл ауанына қанығып, күнде көріп, күнде біліп, сөйлесіп, əңгімелесіп жүрген адамың болса, керісінше, оның еңбегі де, өмірдегі бітім-бол- мысы да, жаратылысы да қоса-қабат көлбеңдеп көз алдыңа тұрып алады.


Қарымдылығы, алғырлығы, білім-біліктілігі жағынан алғанда Бəкең есімі көпшілік назарын бірден өзіне аударды. Келе-келе сол қарымдылығын, білімі мен біліктілігін Мұхтар Əуезов, Ғабиден Мұстафиндердің шығармашылығына арнаған моногра- фияларында көрсетті. С.Көбеев, С.Мұқанов, О.Тұрманжанов, Қ.Бекхожин, Ж.Молдағалиев, Қ.Жармағамбетов, Ө.Қанахин секіл- ді ақын-жазушылардың, əдебиет сыншылары мен зерттеушілерінің жазғандарын талдаған, сөз еткен еңбектері шын əдебиеттанушы екендігін жайып салды. Онысын ол одан да əрі дамытып, тереңдете түсті. Мектептің оныншы сыныбына арналған оқулығымен сол кез- дегі көптеген жас ұрпақтарды тəрбиеледі, солардың қатарында өзім де бармын.


 


Шығармашылық жолын баспасөзде қызмет етуден бастаған ол соңғы жиырма жылға жуық уақытын Əдебиет жəне өнер институтының бір бөлімі саналатын М.Əуезов музей-үйінде өткізді. Осы уақыт ішінде Сахариев жазушы мұражайын реттесу- ге, шығармаларының жариялануына көп-көп күш-жігерін жұмсады жəне негізін қаласқандардың бірі болды. М.Əуезовтің орыс тілін- де жазылған еңбектерін Тəкен Əлімқұлов, Айқын Нұрқатов, Зей- нолла Қабдолов тəрізді қазақ тіліне стильдік дəлдігін, басқа да ерекшеліктерін сақтай отырып, өз қалпында жеткізе аударған тəржімалаушылардың бірі болды. Өзіне ұстаз санайтын осы бір қаламгерге деген ниет-ықыласы, ойы, пікірі ауызекі сөздерінде де, жазғандарында да ала бөтен еді. Өзі Əуезовтей ұстазының плюс бес деген бағасына ие болған санаулы шəкірттерінің бірі болды. Сынақ біткен кезде жазушы одан ақырын қайда оқығанын сұрапты, сон- да ол оқыған мектебін айтқанда, жазушы оны біледі екен. Бұндай мінез таныта бермейтін кемеңгер ұстаз киіктің лағындай болған шəкіртінің қайтарған жауаптарының орнықтылығына, ар жағында сезіліп тұрған білімділігіне көңілі толса керек, жаңағыдай баға қоюы ең жоғары бағалағандағы белгісі.


Ол оқуға түскен алғашқы жылдарында қыздар институтын- да оқитын жақын апаларының бірімен қыздар жатақханасында тұрыпты. Естіген, көрген-білгендерін сыртқа шаша бермей момақан пішіндегі ойын баласы сияқты бір сыңай танытады екен. Сонда кей- бірі сыртқа шаша бермейтін құпия сырларына дейін айтысып қоятын көрінеді.


Сахариев өзінің бүкіл ой-толғанысын негізінен проза, поэзия, əдебиеттану мен сынын сөз ету арқылы жеткізіп отырды. Өзіндік көзқарас ұстанымын «Əлемге мəшһүр əдебиет», «Принципшіл сын үшін» деп аталатын көлемді шолу мақалаларында айқын танытты.


Бұрынды-соңғы жазғандарын кейінгі жаңа таным, жаңа көз- қарастармен толықтыруды, жетілдіруді, шыңдап шымырлауды қолға ала бастады. Осы тұрғыдан келгенде М.Əуезов пен Ғ.Мұста- финге арналған еңбектерін əлдеқайда жаңартып-жаңғыртып, толықтыра түсуді ойлап жүрді. Ондайда өзге авторлар да қалам тарт- ты ғой, ой қаужады ғой деп, қалам тартпай тұра алмады, қайта солар- мен жарысқа түскендей басқа бір қыр-сырларын ашып ақтармалауға, өзіндік тұжырым-қорытындыларын жасауға тырысқандығы, бекін- гендігі аңғарылады.


Алғашқы кітабы «Уақыт тынысы» негізінде ғылыми диссерта- ция қорғады. Бұлай етуге ол М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне


 


өнер институтының ғылыми кеңесінің шешімінен кейін барды. Мұнымен ол өз бетін, əдебиеттану ғылымындағы өз орнын, өзіндік қосар үлесінің деңгей-дəрежесі қандай боларлығын көрсетті; үлкен əдебиетке үлкен ауқымдағы таным қажеттігін жəне байсалды, байып- ты, ойлы пайымдарынсыз сынға араласудың қажетсіздігін де санаға сіңіргендей болды. Осындай жауапкершілікті сезіну, оны шын мұрат- мақсаты ете білудің қандайлық жүк жүктейтінін соңғы жинағы «Су- реткер парызында» тереңдете ұқтырды. Бұдан əдеби процестердің сан қырлығы, оның даму, өсу, өрлеу жолдары, онымен бірге өзінің де өсіп-өрлеуі тығыз байланысты екендігі айқын аңғарылады.


Барлық кез, барлық уақыттарда да ол əдебиет ағымына араласу- дан бейтарап қала алмады, үнемі оның қайнаған қалың шоғыры ара- сында жүрді, сондай-ақ оның жетістік табысы болса, ол бір кісідей марқайған көңілде қуана да, қабылдай да білді. Егер өзінің айтары болса күлбілтемей ашық, айқын айтты. Өз қамы, өз игілігі үшін ол ешқашан бірдеме істей қояйын, тындыра салайын демегені қайран қалдырады. Өзгенің кітабының шығуына, мақалаларының жария- лануына көмектесуге келгенде жан ұшырып барын салды, ал өз жазғандарына келгенде өңмендемеді де, өкіректемеді, алды-арты- на қарамай байыпсыз сұғына жалақтауды намыс, ар көрді. Ондайда


«Бас білетін өгізге өк деген өлім» деп, өзі жақсы көретін, жиі-жиі ауызға алып жүретін мақалы төңірегінен табылды. Өз күйін қалай күйттегені «Уақыт тынысы» кітабынан кейін он бес жылдай уақыт өткенде ғана барып, оның адамгершілігін, азаматтығын, кісілігін бағалайтын замандас жолдастарының араласуымен шыққан «Сурет- кер парызынан» да көрінеді.


Жүре келе, тани келе оның болмысына өзінің туып-өскен орта- сы, өзі қайта-қайта айта беретін Өр Алтайдың табиғатынан ауысқан ерлерге ғана тəн сырлы жайсаңдықтың тереңдей сіңіп енгенін, тереңдеп ұялағанын аңдар едің. Содан жұққан қасиеті ме, ол əйтеуір жарқылсыз өмір, қылдай қылауы жоқ адал еңбекпен момын ғана тіршілік кешті. Айтары болса дабырайтпай, қарапайым ғана адам болып айтты, жазары болса шектен шыға аспандамай, асқақтамай кішік қана пенде болып жазды. Өмір қызығын, өмір сыбағасын өзгеден артпай, өзгеден оза шаппай қатардағы жай ғана көптің бірі болып бұйырғанын татты. Жаны төзбейтіні жалған кісімсу, көсемсу, ғайбат сөз, пасық құлық, арам есебі жоқ, қашан да кеңқолтық, алқып- шалқыған кең пейілі кенересінен асып-төгіліп жүретін.


Бəкең осы мұражайдың ең алғашқы қызметкерлердің бірі болды,


 


əрі мұражай ашылардың алдында көруге келген қауіпсіздік меке- месінің алғашқы қызметкерлеріне алғашқы экскурсияны жүргізген де осы Бəкең болды. Осыдан бастап жазушының мол қолжазба мұраларын ретке келтірісті. Осылардың негізінде кейін он екі томдық шығармалар жинағы шыққанда оның ауыр жүгін көтергендердің бірі Бəкең болды, осында жарық көрген шығармалардың көпшілігінің түсініктерін жазды. М.Əуезовтің сексен жылдық юбилейі қарсаңында


«М.О. Əуезовтің қолжазба мұрасы» деген атпен 50 баспа табақтан тұратын кітап жарыққа шықты. Осы еңбектің негізгі жобасын жасаған да Сахариев болды. Жиырма томдықтың алғашқы томдарын дайындауға атсалысқанымен жарыққа шығуын көре алмай кетті.


Өзгеде жоқ бір мінезі – сол біреу-міреудің сөзі мен қозғалысын алдыңғы бөліктерде айтылғандай айнытпай қайталауы. Оның сөздері мен қимыл-қозғалыстарынан бір тосындық байқаса бол- ды – сол болып сөйлеп, сол болып жүріп тұратындығы. Бұл – кісі көңіліне қылаудай қаяу түсірер мақсаттан аулақ өнері. Бұл реттегі бөтен ойды, бөтен мақсатты ең ауыр қылмыс, қиянаттай көреді. Бұл Сахариевтен басталған əдет, не өнер, машық емес. Бұл өнер бізде болмаса өзге жұрттарда ертеден болғанын Бəкең біледі. Мысалға орыстарда ХІХ ғасырдың өзінде үлкен өнерге айналған. Менің қолыма Міржақып Дулатов кітапханасының екі кітабы түсті, бірі


– өткен ғасырдың басында Орта Азия генерал-губернаторының бұйрығымен шыққан «История Туркестана» деген атпен Ташкентте, екіншісі – ХІХ ғасырдың аяғына таман «Царей Русии после Петра первого» деп аталатын Сант-Петербургте шыққан кітаптар. Осының соңғысында Пушкиннің замандасы, атақты актер Мартыновты өзінің сөйлеу мəнері мен қимыл-қозғалысын айнытпай қайталап көпшілікке көрсетіп жүр дегенді естіген 1-Николай оны шақыртып алып: «Сені көрінген адамның сөзі мен қимылын дəл өзіндей етіп қайталайды дейді. Олай болса мені де көрсетші, мен болып сөйлеші» депті. Мартынов сонда сөзге келмей Николай секілді сюртігінің түймелерін түзеп, сəндеп алыпты да маңғаз кейіпке еніп, бойына бар қуаттылықты жинағандай тік тұрып, осылардың куəсі болып тұрған министр Волконскийге қарап: «Мартыновқа мың сом бер!» – деп, салмақты, əмірлі дауыспен үн қатады. Бұйрық сол сəтінде орындала- ды. Бəкең де үлкені бар, кішісі бар көптеген адамдардың іс-харакетін соншама дəл, соншама шебер келтіретін өнеріне келгенде оның ал- дына түсер жан болмады.


Жетпіс сегізінші жылдың жазында Бəкең науқастанып ауруханаға


 


түсіп қалды, онда бірер айдай жатты. Хал-жайын білу үшін жиі ба- рып тұрдым. Шыққанда қатты жүдеңденіп шықты да, біраз уақыт өткенде, оңалып, қалпына келе бастағандай болды. Жүдеңкіреп жүрген күндердің бірінде маған: «Кейбіреулердің мінез-қимыл ерек- шеліктері мен сөйлеу мəнерін, оғаштықтарын көрсеткенім болмаса, пендеге жасаған қылдай қиянатым, бөтен пиғыл, жаман ойым жоқ еді. Сонда жаратқан Иеме қандай ісіммен, пиғылыммен, қандай мі- незіммен жақпай қалдым екен, бұл ауруды қандай мінезіммен тап- тым екен?» деп, налығандай қамыққаны бар. «Бəке, бəрі де жақсы болады, əлі-ақ жазылып кетесіз» деген жұбату сөзден басқа ешнəре айта алмадым...


Тамақ ішетін жерге кірдік. Ол жерде ұзақ əңгімелесіп отырдық, жақсы сұхбат болды, көңіл-күйінен бір көтеріңкілік көрінеді. Баяғы Бəкеңді көргендей болдым. Бірақ сол 1979 жылдың күзінде қайта науқастанып, 50 жылдығын атауға бір күн қалғанда дүниеден өтті. Сол 50 жасымен, юбилейімен құттықтауға мұражай қызметкерлері бардық. Көңіл-күйі жақсы екендігі, жазылып келе жатқандай бо- лып көрінді, біз бəріміз де қуанып, енді сауығып кететіндей көріп қайттық. Бірақ сол күннің ертесінде Бəкеңнің бұл дүниеден өтіп кет- кенін естідік.


Жалпы алғанда адам бойындағы, мінезіндегі құбылыстарды сезіп- сезінгіштігі, əдебиет ағымындағы өзгерістерді аңдап-аңдағыштығы қатар-егіз болатын. Ал талғам-танымы, көтерілген биігі, əдебиет мəселелерін талдап таразылауындағы өзіндік ерекшеліктері бөлек əңгімені керек етеді. Қай кез, қай уақытта да оның өз оқушысы, өз іздеушісі болды.


Егер сыншы көп те, шын сыншы сирек десек, онда ол сол си- ректер санатындағы тұлғалар қатарына жатады. Неге екені бел- гісіз, шындап асар асуына жеткенше бойындағы бары мен нəрін, мол талантын көбінесе тежеп ұстады. Танылуға құмартпағандығы, салқынқандылығы көп ашылып, көп ақтарылдыра қоймады. Сер- піліс, көсіліс қиясынан табылдырар күш пен қайраты, қуаты жетіп тұрса да онысын ашып-ақтарылдырмады. Олар онда əрі мол, əрі же- терлік еді. Үлкен ауқымдылыққа алып барар сілкіністері əлі де алда сияқтанды да тұрды.


 


Талатбек Əкім,


«Əуезов үйі» ғылыми-мəдени орталығының жетекші ғылыми қызметкері




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу