23.02.2022
  128


Автор: Өріс Яшүкірқызы

Күнтізбек

Бұл өзі қашаннан ірге тасы берік мекеме. нарықта небір мықты деген мекемелердің тамырларынан қан жүрмей , миы айналып қалған шақта "Күнтізбек" аман-сау тіршілік етті. Қазір де жаман емес. Әкімшіліктің қолтығының астында, жылы пештің қасындағы мысықтай қаперсіз өмір сүріп келеді. Қаптап кеткен "ТОО", "ЖШС", "АО", "АҚ", "ЖАҚ"-дардың арасында да құдай беделін сақтауда. Өйткені "крышасы" бар. Ол – басқадай болса да, қаржылай қолдаушылық көрсететін әнебір ақ ғимараттағы әкімшілік, оның ішіндегі екінші қабатта жұмсақ креслода отырған ақкөке. Осы бір ақкөке тоқкөке болған соң ба, көп көкелерден оқ бойы озық, арқан бойы биік, сол себептен де жоғары жаққа басқалардан жақын.


"Күнтізбектің" бар бақыты бұрынғы бастығы Тұңғыш Кенжетайштың кезінде болғанын жұрт аузының суын тамшылатып әңгімелейді. Әсіресе, оның керемет демократияшылдығы естен кетпестей екен. Өзі ақаң деген жарықтық қызуы күшті сусынға кет әрі емес, керісінше келсең-кел, құйсаң- құй, жұтсаң-жұт басшы болып, талай қызық дәуренін осы ақаңның арқасында өткізіп, басынан бағы тайғанда барып, көзін ашып, маңдайын тасқа ұрыпты


 


деседі. Демократияшыл бастықтың жазығы жоқ. Ол қол астындағы адамдардың емін-еркін жұмыс істеуіне рұқсат беріп, жағдай туғызғандығы.


– Сендер ертелі-кеш үстелде қадалып отырғанша, жүріп-тұрыңдар. "Күнтізбектің" бетіне шығатын лайықты материалдар жинаңдар. Біздің жолымыз басқалардан әрдайым басқаша, жаңаша болуы тиіс. Халық дегенің бәрін көріп-біліп отыр. Бұрынғы "Күнтізбекке" қараңдаршы көз салып, қандай таптаурын. Адам оқығысы келмейді. Әр бетін парақтар. "Күннің шығуы 7.00-ден 7-01 минутқа созылады. Бүгін атақты ғарышкер Юрий Гагариннің туған күні – 7 ақпан, Мың да пәленбайыншы күні бір ғалым ракетаны ойлап шығарған. Осы ғана. Бұл оқушыларды да жалықтырады. Дабай, әр күнді көрсететін бетке, әр анекдот саламыз.


Содан соң, сырттың адамдары осы бізге неге керек? Өзімізді өзгелерге неге танытпаймыз. Мәселен, біздің "Күнтізбегімізді "желеп-жебеп, қаржымен демеп отырған әкім Біргебаевтың туған күнін неге жарқыратып көрсетпейміз? Халыққа сіңірген еңбегіне аннотоция жазу керек. Осы сияқты керекті адамдарды көрсетпесек неғып отырмыз осы жерде. Айтпақшы Біргебаевтың үйіндегі жеңгей,   ажар десең ажары, ақыл десең ақылы бар әйел.


Осы қаладағы жалғыз ұлт бақшасының меңгерушісі. "Күнтізбек" неге шығармайды жарқыратып.


Қысқасы, ізденіс жоқ. Ал, іздесек бар ғой. 366 күнімізге кезекке тұратындар жетерлік,- деп бастық Тұңғыш Кенжетаиш шығармашылық ұжымның ақсақалдары мен табақтай дипломдарын тілімен жалап отырған шикіөкпе шабармандарға ашық нұсқаулар берді.


Келесі күні қолдарына табақтай тізім ұстаған олар, қаладағы ұсақ-түйек кәсіпкерлікпен айналысатын бастықтардың туған күндерін білуге жан- жаққа бытырады. Кеңседе 2-3 бас бөлім бастықтары қалды қоқиып. Олардың іші пысады. Орталарына бір жартылықты алып отырып "Күнтізбектің" келер жылғы жоспарын сызды. Түс ауып, бесіндіктен өткен соң қоқиған 2-3 бас мойындарына зорға ілініп, есіктен шығып бара жатты.


Демократшыл Тұңғыш Кенжетаиштың мұндай іс басқару тәсілі жетер жерге жетіп отырды. Әсіресе айықтырғыш мекемесінен келіп түскен мәліметтердің бел ортасында Түңғыш Кенжетаиштың пәмилиясы тұрақ тауып, өмірі өшірілмейтін. Шіркін, сүйейтін адам болса Біргебаевтай болсын. Аз-а-м-а-т, деп әкімді айт.



  • Пәдеріңе нәлет! Осы сен ішкенде әбизателнө анау үйге түнеуің керек- пе-ей? Содан соң ел-жұртқа әкіреңдемей "Көкем Біргебаевтың арқасы" деп, менің атымды атамай жүре аласың ба, жоқ па? Жайшылықта ғой Қыз Жібектейсің, аузыңа бір нәрсе тисе неге Қодар боп қодыраңдайсың, а?- деп кәдімгідей батыра ұрсады.

  • Құдай-ау, көке-ау, ол полковниктің өзі ғой, алдымнан шыға беретін. Мен айттым оған, осы мен жүрген жерде сен неғып жүресің деп. Әкіреңдеп күшін көрсетті. Мен айттым: "Уә, Біргебаевты білесің бе?" дедім. "Кім ол


 


 


Біргебаев деген" деп әкеден жіберді. Мен де өзінің сөзін өзіне қайталадым. Қол-аяғымды байлап апарды сол жерге. Пәшему, сізді танымайды. Соған күйіндім. Боқтадым. Даже по шеку сәл-пәл неттім ғой деймін.



  • Әй, сен шын айтып тұрсың ба? Қаршыға Бүркітбаев солай Біргебаевты танымаймын деді ме? Сәпәләк !Өзім адам еткен жоқ па едім оны?! Шын ба, дәл солай танмаймын деді ме?

  • Дәл солай деді.

  • Ым, көрерміз ол боқташақты. Әкім сығырайтып көзін терезеге қадады. Көп ұзамай ол полковник Кенжетаишқа иіліп тұратын болды.


Бақ деген осы. Коммерсант, базарком, одан әкім болған Біргебаев бір күні халық қалаулысы депутат болып өсіп кетті.


"Күнтізбек" қорғансыз қалды. Артынша екі күн өтпей-ақ, Тұңғыш Кенжетаиш та "ұшып" кетті. Өйтпегенде ше, әкімдікте оның атына ашылған 2-3 томдық арнаулы папкілерде арыз-шағымдар жетерлік еді. Жаңа әкім келгенде сол қоқыс-былықтардың бетін біреу әдейі ашып келіп қалды. "Күнтізбектің" басшысы Т. Кенжетаиш маскүнем. Ұрда жық! Ал, "Күнтізбек"- сапасыз.


Өмірі 28-күннен аспайтын, төрт жылда бір рет 29-күні бар ақпан айы - 33 күн болып, наурыз 28 күнмен аяқталған. "Өтер жыл өтті" деп үндемедік. Әрі бұрынғы әкім Біргебаев ешқандай шағымды дұрыс қараған емес. Өзіңізге сенім артып, есіңізге салып отырмыз.


"Күнтізбекке" лайық басшы керек. Әйел басқарса – ұқыптылық келеді. Бұрын драма театрда белсенді актер болған іскер ұйымдастырушылығы тамада кезінде байқалған Зәрлікүл Сұмбикешова атты ханым бар. "Күнтізбекті" қолына алса қатыратын адам сол. Өйткені тамада болған кезде жұрт ол кісі алып қояйық десе, жаппай стақандарын төңкеріп алып қоятын, билейік десе – билеп, күлейік десе күлетін. Бір тойда бәріміз жылайық, қыз ұзатылып барады ғой дегенде, бәріміз ботадай боздағанбыз. Мұнысы сиқыршылық емес, ортаны басқару әдісін жетік білетіндігінің арқасы. Біз Зәрлікүл Сұмбикешованы "Күнтізбектің" басшылығына лайықты жан екендігін айтып, қолдау көрсетуіңізді тізе бүгіп, қол қусырып тұрып өтінеміз", -деп мұсылман ерлер қоғамы, салауатты өмір салтын дәріптеушілер ұйымы, ақсақалдар мен ақжаулықтылардың бірлестіктері, өз аяғымен жүре алмай, кісінің демеуімен жорғалаушылар ұйымы, өз аяғымен жүре алмай, өз қолымен жаза алмай, кісі аузымен сөйлеушілер ұйымының төрағалары Пәленше Түгеншеевтер, мұның сыртында қолдаушы тағы 40 адам бар деп қол қойылған өтініштерді ескеріп, жаңадан келген әкім Зәрлікүл Сұмбикешованы "Күнтізбекке" басшы етіп тағайындады.


Көп ұзамай "Күнтізбек" өзінің 70 жылдық атауымен қош айтысты, "Күнпарақ" деген жаңа атауға өзгертілді. Тұсаукесері де зор мәртебемен аталып өтіп, тарихқа жалт-жұлт еткен алтын әріппен жазылып қалдырылды.


 


Соның бәрі де Зәрлікүл Сұмбикешованың зор белсенділігі, іскер ұйымдастырушылығы арқасында жүргізіліп, тон кигендер, шапан жамылғандар, орамал тартып, бөрік кигендер көп болды. Бұрынғы демократшыл бастықта жұмыс істеген "демократшылдар" түгелдей жұмыстан "өз еріктерімен" шығарылып, 16 ғаламнан іскер кадрлар жинақталды.


Сұмбикешова да тарихта өз атын мейірбанды басшы ретінде қалдыруға тырысып бақты. Жан-жақтан алынған алтын басты кадрларыма жайлы пәтер керек деп, бар күш-өнерін салып ботадай боздап әкімшілік есігін тоздырыпты. Жылауын бірге жылағанмен әкім үй бере алмай қысылып, Зәрлікүлді арқадан қағып шығарып салатын сияқты. Ол күйдірмейді дейсің бе әйел жанын.


– Мен сендерге баспана, үй-жәй іздеп әкімнің алдында жылап жүргенімде сендер екі аяқтарыңмен жүретіндерің не?! Есіктен мен келгенде етпеттеп жатыңдар да, ал кабинетіме келгендеріңде төрт аяқтап еңбектеп кіріңдер!,-деп бұйрық беріпті Зәрлікүл Сұмбикешова қарауындағыларға


Өмір сүру әркімге әрқилы. Қазір бұрынғы "Күнтізбекте", то есть "Күнпарақта" төрт аяқтап еңбектейтіндер мен етпеттеп жата қалатындар ғана қызметте қалыпты да, "Күнпарақтың" мың да пәленбайыншы жылғы пәленбайыншы күнгі нөмірлері түрлі-түсті бояумен шығарылып жатыр. Нанбайсыз ба, онда алдыңыздағы "Күнпараққа" қараңызшы. Бастығы сізге қарап жымиып тұр. Ал, есімі астында жазулы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу