Өлеңдер ✍️
Маңғыстау мақамдары
* * *
Аппақ шатыр тігілген
Ақ келінді күтеді.
Иіліп, бел бүгілген
Келін әулет құты еді.
Жиылған жұрт қаумалап,
Мынау тойда ән салды,
Билеуге де жан салды,
Қарағандар тамсанды.
Келін келді, керемет!
Оның бетін кім ашар?!
Бір қызыққа бір қызық
Одан сайын ұласар...
Ақ домбыра күмбірлеп,
(Киесі ғой қазақтың),
Өте шықты қыз – дәурен,
Қонақтаған аз-ақ күн.
Ақ домбыра сөйледі,
Бебеуледі, тынбады.
Домбыраны ақ келін
Жүрегімен тыңдады...
* * *
Бейнеу-елдің бейнесі берекелі,
Өткізеді ол әр күнін мерекелі.
Камзол киген аналар алдан шықты,
Жүрегі алтын, қолы құт, зер етегі.
Көл-дария көңілдің белгісінде,
Адалдық бар айнымас ел күшінде.
Бауыр төсеп ақша бұлт сусап қалған,
Үстірттегі сағымды-көлді ішуде.
Жел барады желбіреп орамалы,
Бір белеске бір белес оранады.
Ертегі боп елітіп, ертіп жүрді
Жұрттың айтқан жолдағы жорамалы.
Ертегілер өлкесі аңыздағы,
Бұзылмаған қаймағы, маңыз-дәмі.
Қыркүйекке барады сәлем жолдап,
Буда бұлттар бұлқынып тамыздағы.
* * *
Жебелерден сызылған таңбалы елі,
Апарады жетелеп алға мені.
Бауыры аппақ бұлттары төбеде ұшқан
Сағым ұшқан төсінен самға, белі!
Бауыры аппақ бұлттары төбеде ұшқан,
Еркіндікте болмайды демек, ұстам.
Аппақ түйе бауырында аппақ ана
Ақ көбік сүт сауады шелек ұстап.
Таңбасы бар Адайдың, таңбасы бар,
Жебесі ұшқан белгіде ән басы бар.
Түбекті елдің жұмбағы тұр қиырда,
Табиғаттың тылсымы таңда ашылар.
* * *
Қою түнде Сам шамы жамыраған,
Ертегісін шертеді бәрі маған.
Жаңа заман бұзбады мағынасын,
Сол күйінде қалыпты кәрі ғалам.
Керуен жүк келуде Бесқаладан,
Маңдайына үкісін кеш қадаған.
Ай астында саф ауа сіміреді
Арманының сапарын кешкен адам.
Қыран құсым ұшады қолда ағарып,
Сапар тосып тұрамын жолға барып.
Тақымымды түйеге артар едім,
Бұлт кетпесе төбені торлап алып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇