Әңгімелер ✍️
БІР ШЕЛЕК СУ...
Әкемнің кебісін киіп жүріп, қыздармен танысатынымды қайтерсіз? Бұтымдағы джинси інімдікі. Ол досынан сұрап алған екен. Досы көршісінен алыпты. Статистика агенттігі Қазақстандағы жұмысшылардың орташа айлығы тоқсан мыңның төңірегінде деп далбасалай береді екен. Менің айлығым он сегіз мың, өз жасым жиырма беске де жетпейді...
«Жетпейді» деп желкемді қасып жүре беремін бе, бір қызбен танысып, аш кенедей жабысып, екеуміз «Ішіңдер, жеңдер, кетіңдер!» деп аталатын кафенің алдында кездесетін болдық. Қыздың таңдауы сол жер болды әйтеуір. Маған салса, моланың қасында кездессек те ризамын, өйткені қалтамда тентек тиын да жоқ... Кеше танысқан қызым керемет сұлу енді, жалт қарағанда, жамбасыма оқ тигендей, ақсаңдап қалдым. Мен өзі қыздарға ғашық болсам, аяқтан қаламын. Жүрегім от болып жанып кетті, күлі ғана қалған сияқты. Автобустан түсіп, жаяулатып келсем, қызым қып-қызыл көйлек киіп , мені күтіп тұр екен. Кешіккеніме ұялып, кешірім сұрап, екеуімз кафеге кірдік. Отырмыз. Даяшы келді. Қалтамда қатып қалған құрттан басқа ештеңе жоқ.
--Не ішесіздер?--деп сұрады даяшы.
--Ештеңе ішпейміз...—дедім мен.
--Қалай?
--Ораза ұстағанбыз...
--Кафеде ештеңе ішпей отыруға болмайды, тапсырыс беріңіздер,--деді даяшы.
--Бір шелек су...—дедім мен.
--Не деп тұрсыз?
--Біз жәй, су ішуге келдік...
--Ойнамаңызшы, аға...
--Ойнап тұрғаным жоқ, ойлап тұрмын...
Қызыма қарасам, қып-қызыл болып кетпепті, қайта күлкіден жарылайын деп отыр. Бір кезде:
--Әзілдеп отыр әшейін... Жарайды, маған да бір шелек су әкеліңіз...—деді. Аузым ашылып қалыпты. «Шіркін-ай,-- деп қиялданып кеттім,--бай шенеуніктің баласы болғанымда ғой... Шіреніп отыратын... Ананы әкел, мынаны әкел деп отыратын...»
--Сіздер немене, мені мазақтап отырсыздар ма? –деген даяшы қыз қолын бұлғап, зал бастығын шақырды. «Біткен жерім осы шығар... Қыз алдында масқара болдым! Қазір қуып шығатын шығар! А, сорлы қазақ, айлығың он сегіз мың теңге, неменеңе жетісіп, кафеде отырсың?» --деймін ішімнен іріп кеткен сүт ішкендей болып.
--Сая әпше, мына кісілер екі шелек суға заказ беріп отыр... Мені мазақтап...—деді даяшы жарылатын бомбадай тырысып.
--Кешіріңіздер,--деді зал бастығы сыпайылық танытып,--ас мәзірінде шелекпен су беру деген жоқ еді...
--Бір шелек су жетеді бізге. Ожауымен,--деді қызым. Мәссаған! Менің сөзімді сөйлеп отыр! Менің жағдайымды, мен арқылы халықтың жағдай ын ойлап отыр! Аты кім еді өзінің? Кеше танысқанмын ғой, ұмытып кетіппін... «Шіркін-ай,-- деп қиялданып кеттім,-- шіркін-ай, премьер министр Кәрім Мәсімовтің баласы, жо-жоқ, әйелінің інісі, жо-жоқ, бөлесі болсам да жетеді! Шалқып жүрер едім-ау! Байлардың балалары шалқып жүреді, біз сияқтылар лайқа суда қалқып жүреді...»
--Сізге ше?—деп сұраған зал бастығының даусы ойымды осып жіберді.
--Маған да бір шелек су...—деппін.
--Екі шелек суды мына ас мәзіріңіздегі бірінші, екінші тағамдардың барлығының бағасына бағалай беріңіз, мен төлеймін,--деді қызым қутыңдап.
--Бір түрлі екен,--деді даяшы.
--Халық қара су ішіп отыр. Бүгін соны еске аламыз!—дедім мен.
--Ал мен ерігіп отырмын,--деді қызым.
«Шіркін-ай,-- деп қиялданып кеттім тағы да,--әкем халықтан ұрлап ішіп-жейтін көп шенеуніктердің бірі болғанда ғой, кафеде шелектеп су ішіп отырмас едім! Кеше сыныптасым еңіреп жылап отыр. Сөйтсем, әкесі депутат еді, мәжіліс тарап кетіпті. Мәжіліс тарап кетсе де, әкесі кабинетінен кетпей, креслосын құшақтап жылапты...»
Даяшы екі шелек су әкелді.
--Таныстығымыз үшін!—дедім судан сіміріп жатып,-- кешіріңіз, атыңыз кім еді?
--Негізінде Әйгерім, подругаларым Айкона дейді.
--Айкона, ашығын айтайын...
--Айта беріңіз.
--Екі шелек суға да төлейтін ақшам жоқ...
--Отыз мың теңге төлей саламын,--деген Айкона сөмкесінен көк қағаздарды шығарып, даяшыға ұсынды да:
--Тағы бір шелек су алдырайын ба?—деп менен сұрады. Бекерге төлеп жатқанына қарағанда, байдың қызы болды, сасқанымнан:
--Сегіз шелек...—деппін. Бір қарасам, айналамыздың бәрі су толы шелек. Әрқайысыан ауыз тидік те, сыртқа шықтық. «Таксимен қалай шығарып саламын?»--деп қиналып тұрғанымда, әуеден гүріл естілді. Мәссаған, тік ұшақ келіп тұр!
--Бәрі әкемнің арқасы... Бүгін қарапайым болғым келіп еді... –деді ол.
--С-сау болыңыз!-дедім сасқанымнан.
--О кэй!—деді миллиардердің қызы.
--Кездеспегенше...—дедім қорыққанымнан.
--Біз ағалы-інілі дос боламыз әлі,--деді ол,--жақында Германияда операция жасатып, еркекке айналмақпын...
--Неге?—дедім мен.
--Әкемнің жалғыз қызымын, мұрагер ұлы жоқ. Бұл әкемнің өтініші,--деген ол тік ұшаққа қарай жүгіре жөнелді. Ғашық отым жанбай жатып, бықсып, түтіндетіп, өшті де қалды! Көз алдымда жас жігіт «братан, сау болыңыз!» деп жүгіріп бара жатқандай...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇