Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  199


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ЖЕР ƏЛЕМНІҢ КАПИТАНЫ

Сергей Есениннен
Ешкім Жерді
Билеп-төстеп көрмеген.
Ешкімге де
Арнау əн жоқ мен айтқан.
Тек қана Ол
Алға қолын сермеген,
«Бүкіл əлем –
Бір семья» деп айтқан.
Елжіремен
Аса мақтау сөздерге,
Дірілдемен
Қан тамырлар торымен.
Бақыттымын,
Сол сұрғұлтым кездерде
Бір сезімде,
Бір тыныста
Болғаныма Онымен.
Барша жайды
Байымдайтын біз түгіл,
 Таң-тамаша
Қалса керек пілдер де...
Симбирлік бір
Қарапайым ізгі ұл
Ел кемесін
Еркін бастай білгенге.
Өр толқынды
Зор жаңғырту ісінде
Ептеп, қатал,
Дəйім көпке сүйікті.
Дəл Марксше
Терең ойлап түсіне,
Тек Ленинше
Шеше білді тұйықты.
Жойқын ісі –
Жөнсіз шапқын болмайтын.
Пугачевтей
Тулау емес тақ үшін.
Ол ешкімді
Тура атуға қоймайтын,
Істің бəрі
Жүрді заңмен нағыз шын.
Ақылындай
Батылдығы бар анық.
Ол рульді
Білгірлікпен бұратын.
Жарға соққан
Жатса толқын таралып,
Кемеге жол
Ашылды деп тұратын.
Ол – рульде,
Ол – кемеңгер капитан.
 Үрей емес
Үйдей толқын, жар-қия.
Оның өзі
Шар тараптан жинаған
Матростар –
Тұтас, мығым партия.
Қорқу білмес
Көндіккендер айдынға:
Олар асыл
Мұратынан аумайды.
Жағалауға
Жетіп қанат жайды ма,
Жол көрсеткіш
Шамшырағы лаулайды.
Мен болмаспын
Сондағы ақын тіл қатар.
Өзге жыршы
Тағдыры да өзгерген.
Араңызда
Күрес əнін шырқатар,
Басқа,
Жаңа сөздермен.
Ол айтар-ақ:
«Жүзгіш сол, деп, тамаша,
Жан ширатар
Күрес мəнін кім ұқты.
Кім əлемге
Алғаш рет аша алса,
Ешкім əлі
Аңғармаған құрлықты».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу