Өлеңдер ✍️

  03.02.2022
  113


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ТОЛҚУ

Көз алдымда көл серісі – Бурабай,
Толқындары толқындарын қуалай
Толқып жатыр,
толқып тұрмын жағада;
Жыр кеудеде жата ма жəй, туламай?!
Бұлқын,
жұлқын, о, өр толқын көк ала,
Мың бұралып дөңбекші де домала.
Терең болсаң, тебіренбей тұру жоқ,
Арнадан бір асып-таспай бола ма?
Мен де өзіңдей өршіл жанды жас ұлан,
Жұртым десе тауға, тасқа бас ұрам.
Туған жердің сұлулығын сүйем мен,
«Сондай болсақ» – деген ойды жасырман.
Жеке батыр мұңға батып мұнартып,
Оқжетпесі оқшырайып тұрар тік.
Жұмбақтастың табам ба деп жұмбағын
Қараймын тек,
қараймын кеп құмартып.
Толқын баяу,
толас тапқан жаңа да,
Сылқ-сылқ күліп тиіседі жағаға.
 Ақ айдыннан жүзін көріп жүр əне
Менің əппақ арманымдай шағала.
Жүр, сəулешім, жүзейік біз қайықта,
Ескектейін егіз болсақ, айып па?
Көп таулардың,
көк таулардың қиясы
Қиялдатып əкеткендей ғайыпқа.
1961 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу