Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  179


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

КЕЙДЕ…

Бір күндері тірлік біткен сарқылып,
Қалар тыныш жүрген күндер шақ ұрып.
Көзі біткен жылғалардай кебеді-ау
Лүп-лүп соққан тамыр біткен тартылып.
Жатса-дағы жер сілкініп, тау құлап,
Түк сезбестен, сарсытпастан дау құлақ.
Бір күн жерде жатамын-ау қаңқа боп,
Иттен қалған сүйектердей саудырап.
Жеңіп шығып, жетпей қалып бірде әлім
Алысқаным, ұрылғаным, ұрғаным
Болмағандай, сезбегендей ешқашан
Бұл өмірдің ең құйтырқы сырларын.
Өшпегендей жан ұйытқан жақсы леп,
Еш мойынға оратылмай ақ білек.
Тіршіліктің қазанында шыжғырған
Болмағандай ыстық жүрек, пәк тілек.
Жылдар мені өз отына шарпылған
Келеді айдап тура жолмен тартылған.
Сол бір шаққа жеткізем деп тездетіп
Алдап-сулап,
Алып кейде алқымнан...
***
Өлең жазу-өрмек тоқу гүл құрап,
Алтын іздеу жерді терең бұрғылап.
Көкжиектен көлбең еткен ойлардан
Бұлақ жасау ағып жатқан сылдырап...
Өлең жазу –
Жүрек жарды сырменен
Жиһаз жонып, отау тігу іргеден.
Жыр боп ағып керегіңе жараса
Кем демесің үлде менен бүлдеден.
Өлең жаздым жүрегімді жайып сап,
Оқы оның әрбір сөзін байыптап,
Кешір бірақ сала алмасам суретін
Көңілдегі көп сезімге лайықтап.
Кеуде соғып пенделікке бас ұрып,
Дауға барып, көрсете алман асылық.
Көз алдымда көлбеп-көлбеп ойларым
Гүл сияқты жаста болды шашылып.
Өлең деген күншуақ қой тілдегі,
 Самал жел ғой желпитұғын іргені!
Болды маған көлбең етіп сұлулық
Ізгі ойдың есіп өтсе бір лебі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу