Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  445


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ЖЕР СІЛКІНІСІНЕН СОҢҒЫ ОЙ

Асау тайдай тулайды екен жер кейде,
Білмен бірақ ол да аптығып, терлей ме.
Сауырынан ұстатпайтын тұлпардың
Тізгініне жармасқандай ел бейне.
Жыртылғанда тігісінен қақырап,
Балағына қан тамшылар шашырап
Азан-қазан зар илеген жандарды
Жұтады екен жүздеп, мыңдап атырап.
 О, құдірет!
Болады екен мұндай да,
Жасалмайды екен оған бір де айла.
Жазыла ма оның салған жарасы,
Ол ағызған көздің жасы құрғай ма?!
Жердің өзі сыртқа тепкен тастанды
Жетімдердің зарын әлем жастанды.
Кіндік қаны тамған жерді құшақтап
Жоқ болды адам тітірентіп аспанды.
Сілкінді Жер!
Тулады ол тым қатты,
Қалыптасқан бұзып әсем ырғақты.
Ерен апат адамдарды уыстап,
Құшағына алды қала, гүл бақты.
Айбат шегіп, сескендіріп, сазармай,
Бар аймаққа айтып келген ажалдай
Жер сілкінді қопарылып тереңнен,
Топырақты қайнатқан бір қазандай.
Келсе-дағы, келмесе де ұғынған,
Еске салып қысқалығын ғұмырдың:
«Не қалдырды, - деп, Жер-ана тұрғандай,-
Ертеңнің еншісіне бүгінгінің?!»
Жазиралы, дархан, әсем жай құтты
Болған мына Жерден адам қаймықты.
«Ысырап еттің, - деп, Жер-ана тұрғандай,-
Қолдарыңа берген қазына, байлықты!»
Өтей алмай қарыз бенен парызды
Жүргендерге қатты ауырып жан ізгі.
Ыза-кектен қалшылдаған Жер-ана
Ұстай алмай қалған өзін тәрізді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу