Өлеңдер ✍️

  12.01.2022
  115


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

ӨМІР

Өмір деген таусылмайтын бір ағын,
Көзіңді ашып көрген жарық, шырағың.
Бақыт пенен махаббаттан дәм татар
Тіршіліктік мекен-жайың, тұрағың.
Өмір деген тағдырыңның есігі,
Тұңғиық пен биіктердің кесімі.
Алақанда аялайды адамды
Елжіреген сағыныштың бесігі.
Қойны толы жиренішке, үмітке,
Жасампаздық ерлік пенен бүлікке.
Басып қалсаң сарт еткізер маңдайға,
Өмір деген мылтықтағы шүріппе.
Өмір – бақыт, қуанышың, шаттығың,
 Бірде кірлеу,
Бірде аппақ пәк күнің.
Дүние есігін ашатұғын «іңгәмен»
Бұл дүниеден үзілетін ақтық үн.
Өмір деген лүп-лүп соққан тамырлар,
Жүректерде алаулаған жалындар.
Белуардан малшынып бір жүретін
Қаңтардағы күреп болмас қалың қар.
Өмір деген аяғыңнан тұру нық,
Жүректерге жолдар одан жылуды ұқ.
Қанша ащы болса-дағы тірлігің,
Ешқашан да солмайтұғын сұлулық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу