28.05.2021
  461


Автор: Мархабат Байғұт

ОҚУ ЗАЛЫ

О баста оқу залына ғашық болдым.
Алматының Гоголь көшесінде Чехов атындағы кітапхана бар ғой. Соның оқу залын айтып отырмын.
Одан соң оқу залында Айкенжені...
Сүйіп қалдым дейін бе, демейін бе? Өзгелерге, кім білсін-ай, кім білсін, оп-оңай шығар. Ал мына маған ондай сөзді айту – азап.
Студенттік ғұмырым сұрғылт сиырымыздың желінінен іріп шығатын сүттей бүлініп сала берсе, шара нешік. Шешемнің белін бумаққа әзер жарайтын қара шылбырдың қалдығындай қайта-қайта бытырлай үзіліп кете берсе, амал қанша.
Отырар мен Оқсыздың арасына түзу сызық жүргізсеңіз, Сырдарияға таманырақта біздің ауыл бір нүкте боп көрінер. Адыраспан түйін тастай бастағанда, сол ауылдың орта мектебін тәмәмдаған төртеуміз Алматыға аттануға тиіс ек. Ол кезде оқуға түспекке талпынатындарды талапкер емес, абитуриент деп атайтын.
Сырдарияның тоғайында сиреп кеткен тораңғылға және былайырақтағы сәуір гүлі семе қоймаған жыңғылға қимай-қимай қараймыз. Әбунасыр данышпанның кіндік қаны тамған төбенің түстік бүйірі мамыр мейрамына жетпей-ақ күйіп кеткентұғын. Маусымның соңында қылтанақсыз қиялар құм суырып тұрды.
— А-ал, абитуриенттер! Жортқанда жолдарың болсын! — деді Мошқал ағай жел жұлмалаған жасыл адыраспанды сүйір таяғының ұшымен түрте тарағыштап. — Ең бастысы, осы Оқсыз маңында ұлы ойшылдың туып-өскенін ұмытпаңдар. Ең құрығанда, төртеуіңнен екеуің оқуға түспесеңдер, бүкіл республикаға машқарамыз шығады.
Мошқал ағай «масқараны» ылғи «машқара» дейді. Ол кісі оқулықтағы «мысықтың» өзін «мышық» деп оқитын. «Беш тиын (бес тиын емес) бермей, оқуға түскендер бар, ол кімнің арқасы?» — дейтін еді қоқиланып.
Төртеумізді Мошқал ағайдан басқа ешкім шығарып салмаған. Ауыл тұрғындары түгелімен Отырар алқабындағы жүгері плантацияларында жүрген. Ағайымыздың тобығы тайып, таяқ сүйеніп, шабық науқанынан босатылған.
Дарияның бойын бүйірлей ирелеңдейтін бозғылт жолмен паром маңайлаған мезетімізде күтпеген кесірге кездестік. Май таситын трактордан ағытыла шойқалақтаған тозыңқы тележка төңкеріле жаздап барып, жантая жамбастады.
Ескі жақтаудың тақтайына тас кенеше жабысыппын. Үш серігім топ жыңғылға тіреліп, жардан ұшпапты, әйтеуір. Бәріміз біраз улап-шуладық. Сонсоң үн-түнсіз қалтырасып-дірілдестік. Түсі қашқан тракторшының реңі кіргенше және бірқыдыру уақыт жоғалттық.
Дарияға домалай жаздаған жазғандар жарқабақтан төмен үңілісіп отырып, шұғыл шешім қабылдады. Үшеуі де Алматыға бармайды. Мошқал ағай айтқандай, құлап машқара болғанша, жүгері шаруашылығын дамытуға үлес қосып, еңбек стажымен түспекке тырысады. Әке-шешелері жүдә, шыли қинаса, Шымкенттегі оқу орындары да жетіп-артылар. Қайткенде де, тележка оқиғасы — жақсы ырым емес.
Емес-емес-емес.
Осындай ойға берік бекінген үш батыр бірдей бұрылып, үрпиген маған қарады.
— Тележканың тақтайына таңылған тоқтыдайын тұяғың жерге тимеді. Түсіп кетесің сен. Жолыңнан қалмағын, — деді бірінші серігім.
— Тоқтыға теңегенің нең, тележкамен тойға апаратын тай ше? — деді екінші кластасым.
Үшіншісі үндемеген.
Осылайша Оқсыз бен Отырардың ортасындағы шағын ауылдан сол жолы, сол жылы Алматыға аттанғандардың арасынан алғаш абитуриент, сонсоң студент атанған мен едім.
Алғашқы аптаның соңында Гоголь көшесін тауып алып, Чехов атындағы кітапхананың оқу залына бардым. Табалдырығы тап-таза тротуардан басталады екен.
Аттадым.
Одан арыға батпадым.
Оған дейін оқу залында болмаған ба, кітапханаға кірмеген бе деулеріңіз бек мүмкін ғой мына мені. Болғанбыз. Кіргенбіз. Көргенбіз. Бірақ бұл оқу залы басқашатұғын. Мұны маған бұрын бастан кешпеген тосын толқынысым, жүрегімнің атқақтаған дүрсілі сездірген.
Кіреберіс дәліздегі үр жапырақтары дүр көтерілгендей биік гүлдің түбінде кібіртіктей кідіргенімді байқаған маңдай шашы бурылдау басалқалы апай асқан ықыласпен күлімсіреп:
— Біздің оқу залымызға қош келдіңіз, — деді. Үлкен кісілердің сіз дегенін бірінші мәрте естуім.
— Рахмет, апай, — дедім сасқалақтай алақтап.
— Бос орындар көп бүгін, — деді апай. — Бірінші рет кеп тұрғандайсыз. Төрлетіңіз. Кітап іздеп жүрсіз бе, әлде газет-журнал қарайсыз ба?
— Әл-Фарабидің кітаптары бар ма? — дедім маңдайым мен мойнымның жіпси бастауынан жайсызданып.
— Біраз-біраз бар ғой, бірақ бәрі орыс тілінде, — деді апай.
— Бір-екеуін қарасам болар еді.
Ол кісі күлімсіреген күйі кітап әкелмекке кеткен. Артқы жақтағы үстелдің жанына жайғастым. Екі-үш адам ғана кітап қарап, әлденені жазып отырыпты. Тым-тырыс тыныштық, жан тербейтін жайлылық, жаймашуақ жылылық баурап барады. Оқта-текте Гоголь көшесімен троллейбус әндетіп өтеді. Арғы беттегі бірнеше қабатты, сарғыш үйлердің ара-араларынан Алатаудың қарлы шыңдары мен арша-шыршалы шоқылары қылаңытады.
Апай Әбунасыр бабаның екі кітабын әкелді. Неге екенін қайдан білейін, жүрегімнің үлпіл-лүпілі басылмай-ақ қойды.
Сол күннен кейін қолым қалт етсе, оқу залына асығатын болдым. Троллейбустан түсіп, көшені көлденеңдей кесіп өтіп, тап-таза тротуарға іліне бере-ақ жүрегім атқақтай бастайтын. Уақытпен санасудан қалғандаймын. Қарным қаттырақ ашқанда ғана оқу залын, отырған үстелімді қимай-қимай, кітаптан көзімді әзер-әзер ажыратып, жол-жөнекей алуан түрлі гүлдерге таңдана қарап, сыртқа беттеймін. Асханада адамның азайған шағын діттейтінім бар ғой, апыл-ғұпыл тамақтанып, ашық қалдырған кітабыма жеткенше дегбірсізденем.
— Кітапты жауып кеткеніңіз жөн, арасына әлдебір қағаз қыстыра саларсыз, — деді бірде мейірбан апайым.
Данышпан бабамның дүниелерін түптеп түсіне бермесем-дағы, ерінбей ежіктеп оқудан жалықпадым. Әл-Фараби ұялшақтықты бір жағынан ұятсыздықтың, екінші жағынан ұяңдықтың аралығы, яки жасқаншақтық дегендей анықтама беріпті. Ол кісінің пәлсапалық тұжырымынан өзімшелеп түйгендегім ғой. Жасқаншақ екенім рас. Жасықтығымды жан иелерінен жасырып бақсам-дағы, Жаратқан иеден қалай құпиялармын. Әкемнен ертерек айырылып, шешенің шерлі күрсінісін көп естігендіктен шығар, бәлкім.
Әдетте оқу залына әлдебір тұстардан нұр құйылып, қуаныш сеуіп тұрушы еді. Күннің бетін бұлт басқанда, шамдар жанып, алуан гүлдердің жапырақтарынан саң жарқылы төгілетін.
Ойхой, шіркін-ай, оқу залы дегеніңіз ғажайып дүние еді-ау!
Оқу залы әлеміне осылай-осылай еніп, енді-енді етенелене бергенімде, әскерге шақыртты емес пе?!
Менімен бірге Кеңес Армиясы Қарулы Күштерінің (бұрын бәрі бас әріппен жазылатын) қатарына шақырылғандар түгел дерлік әлдебір көкелерінің көмектерімен қалып қойды. Филология факультетінен сопаң ете суырылып, сапқа сораңдай қосылып, жападан-жалғыз кете бардым. Оқу залымен қоштасқанымда, бір уыс шашы бурыл апай көрінбеді. Тап-таза тротуар арқылы табалдырықтан аттағанымда, жүрегім үлпіл-лүпілге буылмай, суылдаған. Қарашаның қарақошқыл аспаны менің сүйікті оқу залыма, үнсіз тізілетін есіл кітаптарыма қорғасындай зіл салып үлгеріпті.
Үш жылым оқу залынсыз өтті.
Бекер-босқа күйді де кетті.
Отыз төрт ай — айтуға оңай. Әр күнді есептеп, әр сағатты санағаным-ай. Сорыма қарай, Сібірдің қиыр түкпірінде, өңшең түрмелерден алынғандардың арасында қор боп жүрдім күйініп. Бар тындырғаным сол, бұзақы бір сөз сіңірмеппін діліме һәм тіліме. Дөрекіленбеппін, әйтеуір. Жетістігім бе, жеңісім бе, білмедім. Бірақ сорлы жүректің қалталары қалтырай қансырап, жарақаттанып жататынын сезетін ем. Өзгенің жанына титімдей дақ түсірмеуге, өз жанын аямай азаптауға жаралған жан екенімді қайдан ұғынайын ол жылдары.
Тайқымаңдай тағдырыма қалай қарсы келермін? Кейін қайыруға көнбейтін қырсық шашымдай шоршыма талайымды қалай кері тарармын? Шарадай күйінен шақшадайға түскен байқұс басымды қайда, қайтіп ұрармын?!
Үш жылды түгел өткеріп, университетке бірге түскендер төртінші курстың төртінші айын бастап үлгергенде, арып-ашып, азып-тозып, түрмеден қайтқандай түріммен, оқу залына оралдым.
Алдымен ауылыма бармай, Алматыңызға да алақ-жұлақ қарай бермей, есек пойыздан (Мошқал ағайша айтқанда, ешек қой) түсе сала, оқу залына тартқам.
Оқу залым-ай! Залыма шағынар зарым аз емес-ті. Ештеңе де деместен, артқы жақтағы елеусіздеу үстелдің жанына, биігірек, жапырақтары жайылыңқыраған гүлдің тасасына жасырынып, жол-жөнекей сатып алған «Лениншіл жас» газетімен жүдеу жүзімді қалқалап, үнсіз-түнсіз егіле төгілдім-ау сонда.
Үш жылдық шер-шеменім ботана боп, боздай ағытылды. Үстімді сулап, үстелге, одан керзі етігімнің қонышына тырс-тырс тамады. Әбден тазарып, қуара құрғап, есік жаққа қарадым-ау сазарып. Сәттіліктің сәтін сезбей өткізіп алып, өкінетін бәлем бар ғой бұрыннан. Өте-мөте керекті көріністен әп-сәтте айырылып қалып, өзімді-өзім ішімнен кеміріп жеуге кірісетінмін. Өкініш арқылы өзімнен-өзім өш алатынмын. Міне, есіктің сол жағында кітап тапсырғалы тұрған қызға көз кідіртпестен, негізі нәйеті шөп боп саналатын гүлдерге қарап меңірейе мең-зеңдендім. Әлденеден мүлт кеткенімді мәңгүрттеу күйде күңгірттеу сезінгендеймін. Кітап тапсырғалы тұрған қызға қайта оралды жанарым. Ашып ауырғаны сап тиылып, шырадай жанды шынымен. Мына қызыңыз студентке онша ұқсамас. Оныншы класта оқитындай. Кітап мұқабасын саусақтарының ұшымен, сонсоң барып алақанымен аялай сипады. Сол кезде, сарғыш кітапты сипалаған сәтінде, ақ бидай сынды жаратылыстың бүкіл болмысы білінді. Кенет жан-дүниемдегі сырқыраған жарақаттар мен жүрегімнің қан саулаған қалталары қосыла қалтырап, солқылдай сыздап қоя бергені.
Ақ бидай қыз кітапты табыс етіп, әлдеқайдан сәуле шашырап тұрған алтынсары есікке қарай беттеді. Табалдырыққа таянған тұсында:
— Айкенже, студенттік билетіңді алсайшы, — деді кітапханашы әйел.
Аты Айкенже екен дә.
Оқушы емес, студент боп шықты ғой.
Айдың сүт сәулесіне малып алғандай ақ бидай қыз ұяла күлімсіреп келіп, студенттік билетіне қол созған.
Жараларын жалап жазатын қасқырдайын қыңсыл бір үн көкірегімнен қыстыға шықты. Күбірлегендеймін. Әлденені. Қыз соңынан ілеспекке солдаттық киімім мен тозыңқы тұрпатымнан тартыншақтадым. Сайып келгенде, сүмірейген жасқаншақтығым жібермеді. Әбунасыр бабам айтқан ұятсыздық пен ұяңдықтың аралығында арандадым.
Екі күн өткенде қияндағы құмдауыт ауылдың шеткі үйінде менің әскерден аман-сау оралуыма арналған отырыс ұйымдастырылды. Арада апта сырғып, Сырдың бойын қырбақ қар басты. Сорлы шешемнің созылмалы сырқаты қозып жүрсе-дағы, сыр білдірмес. Қарындасым күрсініп, інім күлімсірей жаутаңдасады. Кесім айтар әке жоқ. Шешім — шешемізден.
— Бүгін өліп жатқам жоқ, биыл кетіп жатқам жоқ, — деді шешеміз үшеумізге кезек-кезек көз тастап, суығырақ жымиып. — Қараңқағыр Хұрышшеп (Брежневтің тұсы дә) үш жылыңды күйдіріп тынды. Сен, балам, бір жыл боса да оқып ал. Алматыңда жүріп қал. Бізге бір тележка көмір түсір. Түйіп қойған тиын-тебенді алып, арман шәһарыңа аттан. Мен тіріде бір гүрсіңді бітіріп қайтқын. Қалғанын пешенеңнен көрерсің. Сырттай ауысып, Мошқалдай мұғалімдікке ілігіп кетерсің.
Аудиторияда алғаш көзімнің түскені сен болдың-ау, Айкенже. Ақ бидай. Қуанып кеттім десем, мұным жалғандық жаққа жантаяр. Бірге оқитыныңды, Кеңес Армиясы қатарынан, түрмелерден әскерге алынғандар ортасынан оқу залына оралған күні көрген Айкенже екеніңді білгенімде ше, тап сол сәтте, кеудемді күрсін кернеген. Неге-неге-негелеп, шеке тамырым солқыл қаққан сонда. Менің бір жылға жетпейтін мезгіл ғана студент ғұмырын кешетінімді, жаз шыға сырттай ауысып, алыстағы ауылыма қайтатынымды ешкім сезбес. Осыны ойлағанымда, қалайынша қуанбақпын? Жыл өтер-өтпесте өлетінін білетін адамдай, өлеусірей сүзіліп, бір нүктеге қадалатыным содан-ды. Әрбір әрекетімді әзілмен бүркемелеп, қалжыңмен қалқалап бағатынымның түпкі төркініне кім үңілер дейсің?!
Ай, айналайын Айкенжем-ай, бірінші курста бірге оқитынымызды байқаған шақта шат-шадыман қуанбақтың орнына қайғырғандай қатты күрсінгенімнің мәнісін кім түсінер.
Бәрің де менен кіші едіңдер. Бір жас. Екі жас. Үш-төрт жас. Ал, Айкенже, сен бақандай бес жас кіші екенсің. Бестен аса бере бірінші класқа барғансың-ау. Курсымыздың кенжесі едің ғой сен сонда.
Мен саған аудиторияда тіке қарамайтынмын. Сөйлей бермейтінмін.
Оқу залым менің. Залыма айтып шағынар зарым ғой бұл. Бағзыдан бермен сағынатын, бұрыннан-ақ ғашық болған оқу залыма сен қосылдың, Айкенже. Кітап алып, әуелім мұқабасын саусақтарыңның ұшымен, одан кейін алақаныңмен аялай сипайтын сәттеріңде ше, күллі кітаптарға жан біткендей болатын. Кітаптар әлеміне әлдебір толқындар еніп, сәулелер сіңіп жатқандай әсерленетінмін.
Мінеки, сен кітабыңды кеудеңе басып, көкірегіңе қысып, ұяң күлімсіреп келесің. Сенің кітап сипаған саусақтарыңа, кітап аялаған алақаныңа, кітап ұстаған қолыңа, кітапқа тиіп-тиіп кететін иегіңе де, кітаптың жиегімен тыныстаған танауыңа да, қасыңа да, шашыңа да көз салмау қиынырақ қой.
Кітапты қатар тұрып, бірге алғанда мен сенің маңдайыңа мөлидім. Ақ маңдай деп сенікіндей ай маңдайды айтар. Қастарыңды қиылып қалған деуге келмес. Тәртіпке түсіріп те әуреленбейтінің көрініп тұрды. Сонда да сүйкімді. Бояу жоламаған көздеріңе тіке келмекке жасқандым. Курсымыздағы тым пысық, тымпи қыздардай қатты жымқыра алмайды екенсің еріңдеріңді. Астыңғы ернің әдемі дымқылданып, төменірек тартады, жымия түсіп, жиып ала қоятының қандай ғажайып.
Мендік мен де, меншік мен де мүлде дамымаған екен де мына менде. Өзімнің кемшілігімді айтам да. Өзгеге салмақ салмаққа, жан баласын жараламаққа жаралмағам. Азап пен ғажап құбылыстар қос рельстей жарысқан жеті ай және жеті күндік студенттік өмірім заулап өтіп барады. Жүрдек пойыз секілді.
Үш жыл бойы үскірік ысқырған өлкеде, әскерге тікелей түрмелерден алынғандардың арасында жүргенімді айтып ем ғой. Сол тұрғыдан келсем ше, сенің соңыңа шырақ алып түсіп кеп-кеп берсем ше?
Ондай-ондайды ойланбады деймісің. Еріксіз келер елестерге буылмадым дей алман. Жо-жоқ, деймін демігіп. Сендей ғажайыпты қайткенде де иемденіп, меншіктеуді жат санадым өзіме. Жарасымды жаратылыс едің сен. Сол күйінде сақталғай деп тіледім. Сені мынау Алматыдан алыстату мүмкін бе?! Ажырата алмас ешкім, анау оқу залынан...
Өзім қорлансам да, сенің қорланғаныңды көтере алмасыма көзім жеткен. Әбунасыр бабамның қағидаларына көп қаныға қоймағаныммен, жүрегімнің үнін тыңдап, там-тұмдап таразылар халім жоқ емес-ті.
Оқу залында отырып, кей-кейде күбірлейтін ем: «Шіркін-ай, Оқсызда туған оқымысты бабамыз басқа құрылыққа жер ауып кетпей-ақ қойғанда, данышпандық тірлігін даламыздың төсінде, Отырардың өзінде атқара бергенде, ауылдық кітапханамыздың орнында оқу залы болғанда. Отырарда ұлы университет болғанда...»
Болғанда, болғанда, болғанда...
Болмады-ау, бірақ, Айкенже.
Отырар мен Оқсызда оқу залы болмаған соң, университет болмаған соң, тағысын-тағылар болмаған соң, сені баяғы түрмеден әскерге алынғандардың әдістеріне салып, меншіктеуге, иемденуге тырысқанның өзінде, Алматыңнан алыстатып, оқу залынан ажыратып, тіпті қазекемшелеп алып қашып-ақ кеткеннің өзінде, не болар еді?
Болмас еді.
Кімге айналар едің сен?
Әй, қойшы, ондай-ондайды елестетудің өзі күнә ғой. Ары кеткенде, сен, Айкенже, Отырар мен Оқсыздың арасындағы ауылдық мектептің мұғалімі болар ең дә. Мошқал ағайлармен бірге. Университет бітіргенің беш-ақ тиын боп, жүгері шабыққа шығар ең де.
Ойбай-ай, Оқсыз төбенің түбінен отынға деп жыңғыл шыбығын жинар ең. Жантақ шабар ең.
Жапа терер ең.
Жапа шегер ең.
Оған мен қалай шыдар ем?
Ондайға қалай қияр ем?
Есіңде ме, Виноградов көшесіндегі сексен сегізінші үйде, университеттің ескі жатақханасында тұратынбыз. Бірде үш қыздың — үшеуіңінің орталарыңда аэропортқа бардым. Ол кезде әуежайды әлі аэропорт дейтінбіз. Сен, Айкенже, бір туысыңды қарсы алмақ екенсің. Ұшақ түн ортасында келеді екен. Ол кезде әлі самолет деуші едік қой. Жатақханада біздің курстың жігіттерінен ешкімді таппай, екі қыз маған өтініш айтты. Айкенженің өзі өтініш жасауға ұялады дегенді жымиысып жеткізді. Оқу залынан шаршаңқырап келген едім. Алайда аэропортқа қарай сендермен бірге ұшуға даярмын.
Ұшақ үш сағат кешігеді десті. Оған дейін таң да бозарар. Одан сайын кешіккенін қаладым. Тынымсыз сөйлеумен, тоқтаусыз әзілдеумен үшеуіңнің езулеріңді жиғызбағам. Бәрі-бәрі көзімнің алдында, жадымда жаттаулы. Әрине, сендердің естеріңнен әлдеқашан шығып кетті ғой. Ешқандай айыбы жоқ. Бірінші курстағының бар-баршасы маған ғана қымбат қой. Қымбат болатыны сол, студенттік жалқы ғана, жалғыз ғана жылым еді ғой ол.
Үш сағат бойғы әзілдеріме дейін әлі де есімде. Үшеуің мені мазалағандарыңа қайта-қайта кешірім өтініп, әсіресе сен кінәлілеу кейіпте күлімсіреп қоясың. Сәл қызғылтым, сәл дымқылдау астыңғы ернің сәл-пәл жайылыңқырап бара жатқанда, сәбидей аңқаулықпен жымия жиып аласың. Аппақ, түзу тістерің көрінбей кетеді. Өстіп жүре берсек. Таң атқанша. Таңдар бойы. Күндерді де керуенше тізілтіп. Деп қиялданғаным да санамның түкпірінде сақтаулы.
Амал нешік, ұшақ қонып, аэропортта құйын көтерілді. Гүріл-дүріл үдеген тұста басқа бір дүние-әлемге ауысқандай абдырып, мен саған қарадым. Сен маған қарап тұр екенсің, қарағым. Бір-бірімізге бұрылғанымызды байқап, екеуміз-дағы қызарып, мен жасқаншақтаған сәтте, сен: «Рахмет!» — деп, бетімнен сүйдің.
Үш-төрт сағаттай уақыт жалықтырмай, жақ жаппай, ағыл-тегіл асып-тасығаным, құйыл-төгіл құйқылжығаным үшін сүйген шығарсың, сірә.
Өмірімде соған дейін дәл сол күнгідей сөйлеп, сол күнгідей шешіліп көрмеп ем.
Қатты қиналысқа түскен төрт-бес күннен кейін Айкенжеден алыстау үшін басқа кітапхананың оқу залына ауыстым. Аудиторияда алдыңғы қатарда отыратындықтан, ол жаққа қарамауға тырысатынмын.
Содан не шықты?
Түк те шықпады.
Басқа кітапхананың оқу залында кітапқа зауқым соқпады. Әл-Фарабидің құндылықтарына һәм құныға алмадым. Иттей сүметіліп, екінші аптада өзімнің оқу залыма оралдым.
Оралғаннан не пайда, уақыт зуылдай зымырап барады. Маңдайыма бұйырған студенттік мерзім тәмәмдалмаққа таянды.
Аласұрып, аямайтындай, ауылға алып кететіндей қыз іздегенім — қай сасқаным?! Қыз аз емес-ті. Біреуімен табысқам. Алайда ол Айкенжедей емес-ті. Емес-емес-емес! Өзімізде оқитын. Шашы шаршаңқытұғын.
Өзге оқу залына көндіге алмағаным секілді, ол қызға да үйрене алмай, қор болдым. Обалы кәнеки, ол менімен қол ұстасып, қай қиырға да ілесіп кете бермекке әзірлігін мағлұмдады. Ілестіре алмадым. Үйрене де алмадым. Үйлене де алмадым.
Осылайша бір оқу залына өліп-өштім, екінші оқу залынан сөніп-өштім.
Маусымның саумал шағы ғой, күллі дүние-әлем гүлдегенмен, мен кіртиген күйдемін. Бірде... Айкенже... иә-иә, Айкенже өзі секілді өте үздік оқитын, аққұбалау, арда жігітпен қолтықтасып келе жатты. Таңданбадым да, қызғанбадым да. Ондай-ондайға құқым да, қақым да жоқ-ты. Біраздан бермен қарата білетінбіз. Еститінбіз. Жарасымды жұп қой шіркін, тіл мен көзден аман болсыншы деп, қызығатындардың қатарына қосылғам. Қызғанатындар да болған, әрине. Себебі, айналайын Айкенжеге ғашықтар аз емес еді дә...
Шілде айының бесі күні сырттай бөлімге ауысып, Виноградов көшесіндегі сексен сегізінші үйде жападан-жалғыз түнеп жүрдім. Сендердің бәрің студенттік құрылыс жасақтарына жазылып, немесе жазғы демалысқа шығып, жан-жаққа тарап-тарап кете барғансыңдар.
Жан адамға айтпастан, комендант апайымыз Вера Степановнамен келісіп, он күндей жаттым сонда мен. Он күн бойы Алматының барлық көшелерін жаяу араладым армансыз. Оқу залында отырдым омалып. Қарауытып, қамалып, «Портвейн – 12» дейтін шараптың он шөлмегін тауыстым жатақханадағы жетпіс алтыншы бөлмеде.
Ақырында, бәрібір, ауылға қайттым қыңсылап. Жылай жұбатып жанымды, жалап та жазып жарамды.
Қазақ университетінің бір курсын бітірумен студенттік ғұмырым да, соған орайлас тағысын-тағы тағдырым да тәмәмдалған. Ары қарата Алматыңызға барғым келмеді. Сырттай оқымақты ақымақтық санадым. Шарасыз басым-ай, шара толы қамырдан апам байғұс жұлып алып, зулата илейтін зуаладай күйге түсті.
Қой бақтым. Ара-арасында анамды бақтым. Қарындасым кәмелетке жетер-жетпес «Овцевод» кеңшарына күйеуге қашып кетті. Әл-дәруан көріп, әлдеқандай үміт күтетін ұлының құмға ұлып қайтқанына құлазыған күйі шешеміз де көпке бармай, екінші жылы өліп тынды. Кітап ұстамайтын кеселі бар інім мүлде оқымайтынын мәлімдеп, өзі сияқты кітап бетін ашып көрмеген, маңдайы тайқылау, белі қайқылау келін тапты.
«Отырар-Оқсыз» сапқозының озат шопаны атандым. Орден тақтым. Отбасылы болдым. Өзін аямайтындай, сөзімді аялайтындай кітапханашы қызға үйлендім.
Қазір де қой бағамын. Бұрын қоғам малының қамын ойласам, енді жекеменшік дүниемді күйттеймін. Отызшақты қойымды оңаша жаям. Кейінгі ондаған жылдар бойғы оқу залым — Оқсыздың ойпаңы. Жан-жағы жыңғыл, тепсең тоғай — тораңғыл. Қойым тоқ, қайғым жоқ. Шүкіршілік. Жыңғылдар сәуір сайын гүл жарып, әнге басады. Ортадағы ойпаңда кітап оқимын. «Еһе-һе-ей, қаламгерлер, қайраткерлер! Оқырман қайда дейсіңдер ме-е-е? Мұндамыз біз. Құмдамыз біз. Ойпаңдағы оқу залындамыз. Бармыз!» — деймін. Кейде Әбунасыр данышпанның дүниелерін дауыстап тұрып жатқа оқимын: «Кешір мені, туған жер — сені артқа тастадым. Кешір мені туған ел — алыс сапар бастадым. Кешір, ұлыс-ұрпағым — бақ-байлық, даңқ таппадым. Кешір, арым-ұжданым — білім болды баққаным...»
Десем ше, дүн-дүние түгел құлақ қоятындай.
Бабамның баққаны білім болса, менің баққаным — мал. Оқсыздың тарғыл тепсеңіндегі орғыл обаның арғы жағынан анам үн қататындай кейде: «Обал болды-ау, оғланым, оқығаның жөн еді. Мені құзғын-қарғаға шоқытпай, аман-есен көмгеннен кейін, қарындасың мен ініңнің кітапқа құлқы жоқтығын білгеннен кейін, аттанбадың ба Алматыңа?! Оқу залыңа! Ай-ай, айналайын-ай...»
Ай-ай, айналайын оқу залым-ай. Залыма шерткен зарым бұл.
Қайбір жолы, осы Отырарда данышпан ойшылымыздың туғанына бір мың да бірдеңе жыл толуына арналған аса үлкен ғылыми-теориялық бас қосу өтті. Үлкен-үлкен орталықтардан, ойхой, небір ғұлама ғалымдар, өкімет орындарының шіренгендері қатысты. Баяндамалар жасалды. Сөздер сөйленді. Момақан маңыраманы жыңғыл қараға қамап тастап, әліме қарамай, Әл-Фараби жиынына мен де бардым. Түк ұнамады. Әкімінен бастап ғұламаларына дейін Әбунасыр данышпанды емес, өздерін көрсетіп, ұпайларын түгендемекке жүргендей. Ойшылдың асыл мұраларын емес, өздерінің ұра-жыраларын айналымға түсірмекке тырысумен әлек секілді.
Үш жыл қой баққаннан ақыл сұрамайтын қазақсыздар ғой, мүмкін мына мен мұндай мәжілістер мен мәслихаттардың мән-мәнісін түсінбейтін шығармын.
Бабамның бір мың да бірдеңе жылдығына арналған мәслихат (халықаралық деп аталған) өткен күннің кешқұрымғы шағында, Отырардың орталығындағы «Сыбаға» кафесінің алдында өлердей мас болыппын. Мошқал ағайша айтсақ, машқарам шығыпты. «Бір мың да бірдеңе жылдан кейін дүниеге қайта келген Әбунасыр мен едім. Қадірімді білмей, қасиетімді танымай, ойшыны қойшы қылып қорладыңдар», — деп шатақ шығарыппын. «Ерекше көретін сүйікті құлдарын Құдай-тағалам пәлен жүз жылдар өткенде, басқашалау бейнеде қайта жарататынын сезбедіңдер сендер. Келесі кезек келгенше тағы да бір мың да бірдеңе жыл күтулерің керек», — деп соғыппын-ай сол күні. Машқа-ра-а-а...
«Конференцияның көкесі сенікі болды», — десіп жүрді жұрт көпке дейін.
Осы таяуда ғана бір ой басыма сап ете түсті. Отбасымнан рұқсат алып, Оңтүстік астанамыздағы, баяғы Гоголь көшесіндегі Чехов кітапханасының оқу залында бірер күн отырып қайтпаққа бел байладым. Әбунасыр данышпан қалдырған қазыналардың мына мұстақыл мемлекетімізде айналымға түсер түрі бар ма, жоқ па? Байқап қайтпақпын. Қойшының көзімен болса да.
Міне, ондаған жылдардан соң Алматыға келе жатырмын.
Оқу залына.
Абитуриент-жүрек алып-ұшады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу